- Advertisement -

Қанатқақты жоба: Ауылдарда 589 жаңа жұмыс орны ашылды

170

- Advertisement -

Еліміздегі ең негізгі қозғаушы сала – ауыл шаруашылығы. Ауылды жердегі халықтың тұрмыстық сапасын арттырудың төте жолы халықты жаппай жұмыспен қамту екені айтпаса да түсінікті. Өз кезегінде бұл проблеманы шешудің негізгі қағидасы қосалқы шаруашылыққа қолдау көрсетіп, дамыту. Осы орайда, 2019 жылы өңіріміз республикада алғаш рет тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған пилоттық жобаны жүзеге асыруды қолға алған болатын.

Осыдан екі жыл бұрын «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы аясында өңірде қосалқы шаруашылықтарды дамыту, кооперативтерге бірігу, кәсіпкер атану, мал басын көбейту, жұмыспен қамту, үй іргесіндегі жерлерді тиімді игеру ісі қолға алынды. Нәтижесінде, пилоттық жобаның 5 бағыты бойынша жалпы 9,2 миллиард теңге несие қаражаты игерілді, оның ішінде республикалық бюджеттен «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы 7,2 миллиард теңгеге 2,5 пайызбен 2489 өтінім қаржыландырылды. Жергілікті бюджет есебінен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаржылары мен ауыл шаруашылығы техникаларына, сондай-ақ шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға 1,2 миллиард теңге несие қаражаты 5 пайызбен несиелендіріліп, лизингке 190 ауыл шаруашылығы техникалары берілді. Айта кетерлігі, бүгінде пилоттық ауылдық округтердегі ауыл шаруашылығы техникалары 36 пайызға жаңаланды. Статистикалық есеп бойынша өткен жылы кооперативтердің ақшалай айналымы 745,6 миллион теңгені құрады.
Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту – үлкен әлеуметтік әлеуетке ие, уақтылы әрі қажетті жоба. Сонымен қатар бұл жоба жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауға және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға негізделген. Оның іске асырылуы ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейінің сапасын арттыруға және жер телімдерін пайдалану мен мал шаруашылығын дамыту бойынша жаңа мүмкіндіктер берді деп толық айта аламыз. Өйткені өңірде жеке кәсіпкерлер саны 2 282-ге артты. Жобаны іске асыру нәтижесінде 5 жыл ішінде экономикалық тиімділік 14,9 миллиард теңгені құрайтын болса, жұмыссыздар саны 194 адамға кеміді. Пилоттық жобаға енген ауылдарда 589 жаңа жұмыс орны ашылды. Бастысы, пилоттық ауылдық округтердегі атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1058 отбасыға немесе 65 пайызға кеміді. Атаулы әлеуметтік көмек төлеу есебінен үнемделген бюджет қаражаты 1 миллиард теңгені құрап отыр. Жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге артты.
Айта кетерлігі, жоба аясында өткен жылы үй іргесінен 11 541 тонна өнім өндірілді. Сондай-ақ жоба басталған алғашқы жылы, яғни 2020 жылы 21 мың тонна жем-шөп жиналды. Сонымен қатар пилоттық округтерде 2019 жылы 1 485 тонна ет және 5 132 тонна сүт өндірілген болса, 2020 жылы 4 243 тонна ет, 8 304 тонна сүт өндірілген. Айта кетерлігі, оның басым бөлігі нарыққа шығарылды. Былтыр ауыл сыртындағы 10 113 гектар жер игерілген.
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қарыз алушылардың несиесін уақтылы өтеуін бір жолға қойған. Нақтырақ айтқанда, қазіргі таңға дейін корпорация облыстық бюджетке алдын ала түзілген кестеге сәйкес 1,9 миллиард теңге сомасындағы ақшалай қаражатты қайтарды. Жергілікті бюджет қорын толтырған бұл қаражатты тиімді пайдалана отырып, жобаны қайта жалғастыру жоспарланған. Яғни жобаға биыл Жамбыл ауданынан Өрнек, Байзақ ауданынан Үлгілі және Жуалы ауданынан Ақсай ауылдық округтері кірді. Бұл ауылдық округтерде жаңадан ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, жаңа техникалар берілуде. Бүгінгі күні аталмыш ауылдық округтерге 256 миллион теңгеге 35 техника алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ондағы тұрғындарға 2,5 пайызбен несие беру жұмыстары да қарқын алған. Қазіргі таңда пилоттық жобаға енген аталмыш ауылдардың 94 тұрғынының өтініштері қанағаттандырылып, 365 миллион теңге несие берілді. Ал жалпы округ тұрғындарынан 276 өтініш келіп түссе, оның 242 өтінішін қанағаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оларға да алдағы уақытта несие берілетін болады. Осылайша, өңірде 2019 жылы басталған тың жоба биыл да өз жалғасын тауып, ауыл тұрғындарының игілігіне айналып отыр.

Нұрғали Көрпетаев,
«Тараз» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support