Жаңалықтар

Табиғат тосын мінез танытты

Табиғат тосын мінез танытты

Кеше табиғат тосын мінез танытып, елді бір сәтте әбігерге салып қойды. Соның салдарынан тал-дарақтар мен электр бағаналары құлап, мектептерде сабақ тоқтатылды. Кей жерлерде қарлы бұрқасынның күші секундына 38 метрге жетіп, республикалық, облыстық мәндегі жолдар жабылды. Атап айтсақ, ертеңгі 09:45-те, Талас, Сарысу аудандарындағы «Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас» бағытындағы облыстық мәндегі тас жолдарда көлік қозғалысы тоқтатылды. Бұдан кейін «Алматы-Термез-Ташкент» республикалық маңызы бар жолда да көлік қозғалысына тыйым салынды. Ондаған адам құтқару қызметінен көмек сұраған. Құтқарушылар аудандар мен Тараз қаласында оқиға орнына тез жетіп, көмек көрсеткен. Соның ішінде он адамнан құралған құтқарушылар екі техникамен Жуалы ауданы аумағындағы Алматы-Ташкент тас жолында боранда жол таба алмай қалып қойған 26 жолаушыға көмек көрсетіп, жылыту пунктіне жеткізді. Құтқарылғандардың арасында балалар да бар. Төтенше жағдайлар департаментіне хабарласқанымызда ондағы мамандар дауылдың салдарынан болған шығынның есептеліп, аудандардан нақты мәліметтердің жинақталып жатқанын айтты. Бұл дауыл Тараз қаласын да айналып өткен жоқ. Метр секундына 38 жылдамдықпен соққан желден шаһардағы ағаш бұтақтары сынып, аялдамалар төңкеріліп, көпқабатты тұрғын үйлер мен мекемелердің шатырларына елеулі зақым келген. Салдарынан электр желілері үзіліп, бес қазандық жұмысын уақытша тоқтатты. Бағандар мен түрлі қосымша салынған шатыр жабындысы құлап автокөліктерді басып қалған жағдайлар да орын алды. Жел күл-қоқысты да аямай аула-аулаға әкеліп тығып тастады. Адамдардың жүріп-тұруы да қиындағаны белгілі. Тараз қаласында желдің салдарынан болған төтенше жағдайдың барысы туралы қала әкімінің орынбасары, штаб төрағасы Асхат Есенәлиев айтып берді. Оның айтуынша, Тараз қаласында желдің жылдамдығы 25 пен 38 метр/сек аралығында болған. Шаһарда 18 көпқабатты тұрғын үйдің 5-200 шаршы метр, 16 мектеп, 4 бөбекжай-бақшаның 50-300 шаршы метр шатыры бүлінген. 4 балабақшаның қоршауы ішінара құлаған. Бұдан бөлек, қала көшелерінде 18 электр бағаны құлап, 1,5 километрді құрайтын электр желілері үзілген. Соның салдарынан 14 мың абонемент жарықсыз қалған. Кеште электр желілері қалпына келтіріліп, бар болғаны 300 абонементті жарыққа қосу қалыпты. Жылу беруші кәсіпорындардағы 5 кіші қазандықта электр желілерінің зақымдалуына байланысты, жылу беру уақытша тоқтатылды. Оның 3-еуі кешке дейін қайта іске қосылған. Қала көшелерінде 45-тен аса үлкенді-кішілі тал-дарақтар, 12 аялдама құласа, 32 бағдаршам істен шыққан. Бұдан бөлек, 34 билборд, 9 пилонның баннерлері мен 64 жалауша жыртылып, зақымдалған. Барлық мектептердегі оқушылар сағат 10.00-де үйлеріне қайтарылып, оқу процесі онлайн жүйеге ауыстырылған. Қала көшелеріндегі құлаған ағаштарды кесу, орнын тазалау жұмыстарымен «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС айналысуда. Бұл жұмысқа серіктестік алты бригадасын, жүзден аса жұмысшысын жұмылдырған. Ал электр жүйелерін қалпына келтіруге «ЖЭС» ЖШС мен Тараз қалалық электр жүйесі тарапынан 21 бригада жұмылдырылып, қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Газ желілері жер астымен жүргізілгендіктен оған келген шығын тіркелмеген. Бұл күні ауруханаға Тараз қаласында 28 адам көмек сұрап қайырылыпты. Оның 24-і медициналық көмек алған соң үйлеріне қайтарылса, 4 адам ауруханада қалып ем қабылдауда. Жағдайлары орташа. Тараз қаласы әкімінің айтуынша, барлық коммуналдық кәсіпорындар мен мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Марат ҚҰЛИБАЕВ