Жаңалықтар

Аналар кез келген асуды бағындырады

Аналар кез келген асуды бағындырады

Жақында ғана Тараз қаласында «Анаға тағзым» орталығы бой көтергенін жарыса сүйіншілегенбіз. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен ашылған нысанның алдына ақжаулықты аналардың құрметіне еңселі ескерткіш орнатылған. Бұл ғимарат жергілікті демеушілердің көмегімен салынды. Сол кезде облыс әкімі орталықтың әйел-аналарымыз бен қыздарымыз үшін ұлтымыздың құндылықтарын дәріптейтін, қазіргі заманның талабына сай қасиеттерді бойына сіңіретін басқосу алаңы болады дегенді айтқан. Расында, «АрайСтройМаркет» ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында сыйға тартқан үш қабатты нысанның барлық залы, дәлізі ұлттық нақышта безендірілген. Мұнда жас және көпбалалы аналар үшін түрлі курстар ұйымдастырылып, психологиялық және құқықтық тұрғыдан жан-жақты қолдаулар көрсетіледі.

Қоғам кемелденген сайын, анаға тағзым дәстүрі жалғаса береді

Кеше Тараз қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған «Анаға тағзым» республикалық аналар форумы өтті. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде ұйымдастырылған алқалы жиынға Парламент Мәжілісінің бірқатар депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жергілікті билік пен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет, өнер, спорт қайраткерлері, іскер әйелдер, көпбалалы аналар, қоғам белсенділері қатысты. Түркиядан да бірнеше кәсіпкер әйел келіпті. Қонақтар алдымен Жібек жолы ізімен Тараз қаласының тарихи орындары мен әлеуметтік нысандарын аралады. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрына барып, «Домалақ ана» спектаклін тамашалады. Содан соң жоғарыда айтылған «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығын аралап көрді. Қонақтардың назарына «Қазақтың киелі қыздары» арнайы көрмесі де ұсынылды. «Анаға тағзым» республикалық форумы «Әйелдер – Тәуелсіздік дәуірінің тірегі» тақырыбындағы пленарлық отырыспен басталды. Онда алдымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Тәуелсіздік жылдарында еліміз толағай табыстар мен жемісті жетістіктерге жетіп қана қойған жоқ, қастерлі құндылықтарымызды ұлықтауда толайым тірліктер атқарылды. Оның ішінде бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен, отбасының берекесіне айналған аналар қауымының абыройын арттыруда нақты қадамдар жасалуда. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылы елімізде тұңғыш рет Ақтөбе қаласында «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік кешені ашылған. Шын мәнінде, ұлт тарихында ерлермен бірге еңбек сіңірген асыл аналарымыздың, ару батырларымыздың үлесі аз емес. Олардың өнегелі өмірі, ғибратты ғұмыры туралы сыр шертетін, қастерлі құндылықтарымызды дәріптейтін дәл осындай мәдени орталықтардың болуы болашағымыз үшін де, бүгініміз үшін де маңызды. Әсіресе көпбалалы аналарға өтелмес қарыздармыз. Сондықтан бұл бастама еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасын тапқаны абзал. Өйткені кемеңгер қазақ халқы ықылым заманнан бері ең қасиетті ұғымдарды анаға ғана балаған. Отан-Ана, Жер-Ана, Ана тілі дейді. Араға уақыт салып өнегелі үрдіс киелі Әулиеата өңірінде де жалғасын тауыпты. Бұл форум ана қадірін арттыруға ерекше үлес қосады деп сенеміз. Қоғам кемелденген сайын, анаға тағзым дәстүрі жалғаса берсін», – делінген Қырымбек Елеуұлының хатында.

Әулиеатада елуден астам әйел қоғамдық жұмыстарға белсене араласады

Бердібек Машбекұлы «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлт нақылын еске салды. Әсіресе қазіргі заманда еліміздің бірлігін, тыныштығын, болашағын сақтау – ең маңызды мәселе. Бұл орайда, ұрпақ тәрбиесінің маңызы зор. Ал ұрпақты тәрбиелейтін – ана. «Қазақ тарихында өзіндік орны бар аналарымыз көп болған. Әсіресе Домалақ ана, Ұмай ана, Бопай ана, Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан аналарымыздың сіңлілері мен қыздары арамызда көп. Біз, ер азаматтар оларға сенеміз. Өйткені аналар бізге тірек әрі қолдаушы. Қазақ қыз баланың әруақытта тілекші екенін бекер айтпаған. Қандай қиын заманда да, соғыста да, ашаршылықта да қазақ қыздары ер азаматтармен бірдей еңбек етіп, болашақ ұрпақты да тәрбиелеген», – деген облыс әкімі қоғамдағы аналардың рөлін арттыра түсу қажеттігін жеткізді. Ол Әулиеата өңірінде елуден астам әйелдің қоғамдық жұмыстарға белсене араласатынын айтты. Жұмыспен қамтылғандардың да дені бұрымдылар көрінеді. Олар әр шаруада пысықтық танытады, жанашырлықпен істейді, жауапкершіліктері де зор. Сондықтан әйелдерді басшылық лауазымдарға, депутаттық орындарға көбірек тарту керек. Жамбыл өңіріндегі жергілікті билікте отызға тарта әйел еңбек етеді. Кәсіпкерлік саласында да аналар аз емес. Іскер әйелдер қауымдастығы ілкімді істерімен көзге түсіп жүр. Ұйымның жанынан саясаткер әйелдер клубы құрылған. «Қазіргі таңда ең үлкен маңызды мәселе тәрбие екенін айттым. Бұл орайда, мұсылмандықты ұмытпауымыз керек. Мешіттің, әкімдіктің жанынан әжелер алқасы құрылған. Олармен бірнеше рет кездестім, жұмыстары өте ауқымды екеніне көз жеткіздім. Әсіресе тәрбие, үгіт-насихат ісінде үлкен шаруалар атқарып жатыр. Әйелдеріміздің мемлекеттік, кәсіпкерлік қызметте ғана емес, отбасы ұйтқысы болуда, ынтымағын сақтауда еңбектері үлкен», – деді Б.Сапарбаев.

«Ұрпақ тәрбиесі ананың әлдиімен дариды»

 width=

Басқосуда Премьер-Министрдің кеңесшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи «Анаға тағзым» орталығының жұмысынан көп үміт күтетінін айтты. «Әр үйдің анасы мен әжесі сол үйге салт-дәстүр мен мәдениетті, руханиятты оқытатын ұстазы болуы керек. Екінші, денсаулығы мықты, спортпен шұғылданатын ұрпақ өсуі үшін ананың өзі үлгі болуы тиіс. Еліміздегі отызға тарта «Жанұя», «Анаға тағзым», «Отбасы» сияқты орталықтардың ісі ананың жағдайын түзеуге бағытталады деп сенемін. Үшіншіден, жауапкершілігі мол, азаматтығы кемел ерлерді тәрбиелеу үшін ана тәртіпті сөйлеуі қажет. Оның мәдениеттілігі тілінде. Дастарқан басындағы әңгімеде ана патриотизмді де, адамгершілікті де санаға сала алады», – деді спикер. Нәзипа Ыдырысқызы қазіргі қоғамда өзекті тақырыпқа айналған вакцинациялау мәселесін қаузап, көпшілікті коронавирусқа қарсы екпеден қашпауға шақырды. Сонымен қатар отбасы проблемасын алға тартып, әке мен ана сыйластығының биік болуы керектігіне тоқталды. Ол жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, өз-өзіне қол жұмсаудың, жас шаңырақтардың бүлінуінің алдын алу жолдарын да ұсынды. Қазақстан әйелдері күштері және іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева пандемиялық ахуалға байланысты орын алған экономикалық дағдарыс кәсіпкер әйелдерді ширата түскенін жеткізді. Бұл орайда, жаңа кәсіптер ашылып, бұрымдылар нарықтық экономикаға бейімделе түсті. Яғни, қазақ арулары да еліміздің ілгерілеуіне барынша үлес қосып жатыр.  width= Басқосуда Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова Қазақстандағы кәсіпкер әйелдердің мемлекетімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен саяси ахуалына белсенді түрде қатысып жатқанын айтты. Олар отбасы, ошақ қасының шырақшысы болып қана қоймай, өзгерістердің басы-қасынан табылып жүр. Қазіргі таңда осындай іскер де икемді, ұйымдастырушылық қабілеті зор нәзікжандылардан сапалы құрам жасақталды. «Әлемдегі дағдарыстарға қарамастан, әйелдер шағын және орта бизнесті жетілдіруде, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мұрындық болуда», – деді Гүлдара Алданышқызы.  width= Мемлекет және қоғам қайраткері Асылы Осман бүгінгі қазақтың байырғы құнды қасиетінен алшақтап бара жатқанына назар аударды. Ал оны толтыратын – аналар. Ұрпақ тәрбиесі ананың ақ сүтімен, әлдиімен, әженің ертегісімен бойына дариды. Ұлылардың ұлы болып қалыптасуы да аналардың өлшеусіз тәрбиесінен. Бұл тәрбие ұлттық тәрбие болуы керек. «Бұрын да айтқанымдай, білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек. Қазақтың білімдарлығы ешкімнен кем емес. Ұлттық құндылығымыздан, адами асыл қасиеттерімізден ажырап бара жатқанымыз, аналардың тәрбиесінің, тәлімінің кемдігінен. Дәл қазақтай қызын ардақтаған жер бетінде бірде-бір ұлт жоқ. Үйіндегі бұрымдысын төрге оздырған, бетінен қақпаған. Бажайлап қарасақ, бұрынғы тәрбие мен қазіргі тәрбиенің арасында Алатау мен Қаратаудың арасындай айырмашылық бар. Егер қыз тәрбиесін бүгіннен қолға алмасақ, ұлттың ертеңі бұлыңғыр бола береді», – деді А.Осман. Шара кезінде ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова мен ардагер ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова бейнебайланысқа шығып, көпшіліктің жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар бүгінгі атқарылған істерге оң бағаларын берді.

«Қиындықтардан әйелдерді құтқарған жоқпыз»

 width=

Форумның мәртебелі қонақтарының бірі, Жайықтың ақ шағаласы атанған белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева бүгінгі күннің проблемаларына алаңдаушылық білдірді. Әр күн сайын аналарға қатысты жайсыз хабарларды еститінімізге налыды. «Егемендік алғалы ақ сарайларда тойлар өткіздік. Бірақ бір-бірімізді түсінуден қалдық. Түрлі-түрлі шаралар өткіздік, жақсылықтардың куәсі болдық. Алайда неден ұтылдық? Оны да айтуымыз керек осындай жиында. Біз отыз жылда көп өзгерістер жасағанымызбен, қиындықтардан әйелдерді құтқарған жоқпыз. Өйткені таразының басы тең емес», – деді ақын. Ол кеңес заманы азаматтарына оқуды үйреткенімен, әйелдеріне тең құқылы болуды үйреткенін жасырмады. Бұл некенің бұзылуына алып келген саясат болатын. Ұлы даланың тәрбиесін, білімін, бірлігін бұзатын саясат. Алайда, ұлтымыз мұны аңғарған жоқ. Тәуелсіздігімізді алған тұста да осы іспетті жаһандық шабуыл толастаған жоқ. Ақұштап Бақтыгерееваның ақын жүрегі осындай мәселелерді толғады.  width= Қоғам қайраткері, «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Оразкүл Асанғазы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамның барлық салаларын қамтып жатқанын әңгімеледі. Кез келген мемлекет саяси, экономикалық ахуалымен бірге, руханиятын да ілгерілетеді. Ал олай болмаса, қоғамда кері кету орын алып, болашақтың аспаны бұлыңғырлана береді. Сондықтан да рухани жаңғыру әрбір отбасынан басталуы қажет. «Қазақтың келешегі – қазақ тілінде. Біз көше, тұрғын үй салуға, ауыз су тартуға ақша жетпей жатқанда ғана билікке дау айтамыз. Ал мәдени мұрамызды қашан дауладық? «Бабалар сөзінің» жүз томдығы жарық көрді. Кітапханаларда бір беті ашусыз жатыр. Сол құндылықтарымызды оқытатын жағдай жасауымыз керек», – деген Оразкүл Асанғазы ана тілімізге қатысты әр саладағы проблемаларды ортаға салды.

Түрік әйелдері ауылды қалай сақтап қалды

 width=

Форум жұмысына қатысу үшін Түркиядан келген, Бурса аймағы ауыл әйелдері қауымдастығының төрайымы Чакалыоглу Сермин алдымен көпшілікті ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Содан соң, Бурсаның маңындағы ауылда құрған қорының тарихы 1983 жылдан бастау алатынын жеткізді. «Біз кішкентай да болса, сол мекенде өмір сүрудеміз. Сол жылдары ауылымыздың жастары қалаға көптеп көше бастады. Ауылдың аналары туған жерімізді сақтап қалу үшін осындай қор құрдық. Ондағы мақсатымыз – жастардың қалаға қоныстануын тежеп, шаруашылықпен айналысатын азаматтарға қолдау көрсету еді. Бұл игі істің басында аналарымыз тұрғанын баса айтамын. Содан соң мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуді де мұрат тұттық», – деді мейман. Ол қор ресми түрде 2002 жылы ғана тіркелгенін айтты. Келесі жылы 20 жылдық мерейтойларын атап өтпек. «Қорды құратын кезде әр үйге барып, басталатын істің мән-жайын түсіндіре бастағаным есімде. Бірде-бір келініміздің «Менің бастауыш білімім ғана бар. Қорға мүше болғанда, жетістікке жете алар ма екенбіз», дегені есімде. Расында, менің де бастауыш қана білімім бар еді. Ал аналар қаласа, кез келген асуды бағындырады. Қордың ресми құжаттарын әзірлеу кезінде көптеген қиындықтарға кезіктік. Мәселен, қордың мекен-жайы болу керек. Ал мұны табу бізге оңай болған жоқ. Ақыры, біз кішкене сарқыраманың түбіндегі жерді таңдадық. Ауыл әкімі бізге ол маңды 49 жылға ешқандай пұлсыз жалға берді. Осылайша шаруамыз басталып кетті. Негізі, қору құру үшін оның мүшелері болу керек. Ол мүшелері бір шаруашылықта тіркелуі қажет. Бізде мұндай жұмысты көбіне ер адамдар атқарады. Ауылымызда ер адамдар басқаратын ұжымдық шаруашылық бар. Алайда, әйелдерді ол ұжымның маңына жолатпады. Десе де, біз өзіміздің қорымызды қалайда құруға бекіндік. Сондықтан да ұжымдық шаруашылық құрып, жұмысымызды жалғастырдық. Алдымен, ауылдың барлық аналарын, аудан басшылығын шақырып, мерекелік концерт ұйымдастырдым. Осы шара барысында көпшілікке қорды таныстырып, мақсат-мұратымызды айттым. Кейін өзіміз қызанақ өнімдерін шығарып, сатуды жоспарладық. Бастапқыда 1 тонна ғана томат өндірсек, қазір 40 тоннаға дейін шығарамыз. Оны интернет дүкеніміз арқылы Түркиядан бөлек, шет мемлекеттерге де сатудамыз. Біз қордың алғашқы ғимаратын о баста салып қойған болатынбыз. Қазір жергілікті биліктің көмегімен екінші қабатын көтеріп жатырмыз», – деді түркиялық Чакалыоглу Сермин.

«Кез келген мемлекеттің даму деңгейі әйелдерге деген көзқарасынан бағамдалады»

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова жалпы, ілгеріден бері сана төрімізде ерекше өріліп келе жатқан ана мен қыз баласына ұлтымыздың ілтипаты бөлек екенін еске салды. Мұны халқымыздың тектілігі, бірегей қасиеті деп ұғынамыз. Тарихымызда даналығымен дараланған, батырлығымен көзге түскен, тапқырлығымен тамсандырған әйелдердің аз емес екені белгілі. Олардан бір рулы ел тарағанына да шежіре куә. Ұлттық код тұжырымдамасы осындай құндылықтар аясында тоғысса керек. Енді осындай игіліктерімізден көз жазып қалмауға тиіспіз. «Негізі, кез келген мемлекеттің даму деңгейін әйелдерге деген көзқарасынан бағамдауға болады. Біздің елімізде әйелдерге ер азаматтармен тең дәрежеде көңіл бөлініп келеді. Бұрымдылардың саяси, әлеуметтік мәртебесін арттыру күн тәртібінен түскен емес. Бұл бағытта Атырауда да бірқатар жұмыстар жасалуда. Айталық, Атырау көшбасшы әйелдер жобасы үлкен мекемеге айналды. Онда ауқымды шаруалармен бірге, психологиялық, құқықтық кеңес беру қызметтері көрсетіледі. Өзгермелі жаһандық дәуірде әйелдердің тұлғалық һәм даралық бейнесін қалыптастыру аталған мектептің жұмыстарының бірі ғана», – деді Бақытгүл Қайыржанқызы. Ол жергілікті билік тарапынан көпбалалы аналарды, жұмыссыз әйелдерді, тұрмысы төмен, жалғызбасты аналарды қолдау шаралары айтарлықтай нәтиже бергенін де сөз етті.  width= Елордалық этнодизайнер, «Алтын орда» дизайн үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада Жамбыл өңіріндегі әрбір жайсыз жағдайға қабырғасының қайысатынын айтты. «Біздің риза болғанымыз, қандай ауыр күндерде де тарыдай шашылмай, қайта бір атаның баласындай бірігіп, күллі қазақ даласына ерекше ауызбіршіліктің үлгісін көрсеттіңіздер. Тағы айтарым, қазіргі уақытта бізде бұрын болмаған бір дерт пайда болды. Жатып алып міндетсінеміз. Қазақ аналарында ілгеріде болмаған бір тіленшектік бар. Еңбек еткіміз келмейді. Қайсымыздың әкеміз анамызды алдына салып, қайыр тілеп еді? Болмаған дүние бұл. Қырық жанды қазақ әйелінің санасына кірмеген нәрсе», – деген ол төл өнеріміздің әр заманмен бірге жасайтындығын, өлмейтіндігін де әңгімеледі.

Аналар ең басты миссиясы – бала тәрбиесі екенін естен шығаруға болмайды

 width=

Форумның Үндеуін «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали оқыды. «Ұрпақ тәрбиесінің жеңісі бір күнде келмейді, жемісі де бір жылда бермейтіні белгілі. Біз, еліміздегі барша аналар қауымымен жұмысты жүйелеуіміз қажет. Бұл өзіміз үшін емес, ел ертеңі үшін қолға алынатын шара. Қоғамға өкпелі, өмірге наразы замандастың қабағына қарап, қамын ойлап, ондай жағдайлардың берекелі бірлігімізге сызат түсіріп, сын болуына жол бермеуіміз керек. Өзгерістер легін жаңашылдық ретінде жатсынбай қабылдау да, жетістіктердің межесін биіктету де – бізге артылған аса үлкен міндет. Осы форумда отырған әйел азаматтарының кәсіби бағытына байланысты өз мамандықтарын айтпағанда, бәріне ортақ бір мамандық бар. Ол – Ана болу деген ең күрделі мамандық! Олай болса, аналар өзінің ең басты миссиясы – бала тәрбиесі екенін естен бір сәт те шығаруына болмайды», – деген жолдар бар Үндеуде. Шара барысында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев «Анаға тағзым» орталығының ірге қалауына үлес қосқан азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Ал іс-шара «Бақытты отбасы – бақуатты Қазақстан», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Бизнес және әйел: Жаңа мүмкіндіктер», «Ұлттық құндылықтар – ұрпаққа аманат» атты секция жұмыстарымен жалғасты.

Асхат РАЙҚҰЛ