Кейінгі толқын інілер...
Кейінгі толқын інілер...
Мемлекеттік қызметтегі жастардың әлеуеті жоғары Нұрлан Еркебаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің консультанты. Баршаға мәлім, соңғы жылдары елімізде жастармен белсенді түрде жұмыс жүргізіліп келеді. Жастардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау және дамыту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық маңызы бар басымдықтарының бірі. Сондықтан оларды мемлекеттік саясатты қалыптастыру және оны жүзеге асыру процестеріне тікелей қатыстыруға үлкен мән берілуде. Мәселен, қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленген талаптарға сай келетін жасы жиырма беске толған адам Мәжіліс депутаты, судья бола алса, жиырма жасқа толған азамат мәслихат депутаты болып сайлана алады. Ал жасы он сегізге толған азаматтың мемлекеттік қызметке кіру мүмкіндігі де айқындалған. Атап айтсақ, республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдарға сарапшы, сондай-ақ, өзге облыстық немесе аудандық деңгейдегі мемлекеттік органдарға бас маман және жетекші маман лауазымдарына жоғары оқу орнын бітірген соң, еңбек өтілінсіз де конкурсқа қатысып, мемлекеттік қызметке қабылдануға болады. Жалпы ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша облысымызда мемлекеттік қызметтегі 29 жасқа дейінгі жастардың саны – 1058 қызметшіні немесе 20,2 пайызды құраса, бұл көрсеткіштің деңгейі 2013 жылдың сәйкес мерзімінде – 877 (17,6%), 2012 жылы – 800 (17,2%) адамнан аспаған көрінеді. Биылғы бірінші жартыжылдықта облыста 724 бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурс өткізіліп, оның нәтижесінде 360 жеңімпаз анықталған болса, соның 199-ы немесе 55,2 пайызы 30 жасқа дейінгі азаматтардың үлесіне тиесілі. Жылдан-жылға мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесі және олардың мемлекеттік қызметке орналасуға деген құлшынысы біршама артқанына қарамастан, бұл тұрғыдағы жұмыстар әлі де жандандыруды қажет етеді. Елбасының мемлекеттік қызметте меритократия әдісін кең қолдану туралы тапсырмасына сәйкес, үміткердің білімі мен білігі және мемлекетке, Отанына қызмет етуге деген жігері болса, жастардың қызмет сатысында өрлеуіне қазіргі таңда мемлекетімізде қолдау көп. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардағы түрлі басшылық құрамдағы лауазымдарда 62 мемлекеттік қызметтегі жас азамат қызмет етсе, оның 24-і облыстық, 34-і аудандық және 4-і (3 ауыл әкімі) ауылдық деңгейде жұмыс істеуде. Бұдан, қазіргі таңда жастардың биік тұғырдан көріну мүмкіндігін аңғаруға болады. Ең бастысы олар қызметте өзінің амбициясы үшін емес, мемлекеттің мүддесі үшін жүргендерін ұмытпағаны абзал. Талдау нәтижесінен жастардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа көп бармайтындығын да аңғаруға болады. Мәселен, 2013 жылы облыс бойынша жалпы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық және қылмыс жасаған мемлекеттік қызметшілердің 14 пайызын 30 жасқа дейінгі азаматтар құраса, ағымдағы жылдың 6 айында бұл көрсеткіш небәрі 4,6 пайыз болды. Жас азаматтың қоршаған ортаға бейімделу мүмкіндігі жоғары болғандықтан, қазіргі таңда олардың бойында адалдық, жемқорлық көріністеріне төзбеушілік принциптерін кеңінен қалыптастыру жұмыстары қолға алынуда. Жастардың мемлекеттік қызметке орналасуға құлшынысын арттырудың, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтегі жастардың қызметке деген қызығушылығының төмендеуіне жол бермеудің примитивті тиімді әдісі – ол жастардың арасында мемлекеттік қызметтің оң имиджін насихаттау. Міне, осы тұрғыда жүзеге асырылған шаралардың бірі ретінде облысымызда «Жас тұлпар» жас мемлекеттік қызметшілердің клубының құрылуын атап өтуге болады. Аталмыш клуб өз жұмысын 2011 жылы бастады. Клуб содан бергі аралықта лауазымдық міндеттерін тиімді және адал ниетпен орындауда жас қызметкерлердің жауапкершілік сезімін қалыптастыру, жас мемлекеттік қызметшінің шығармашылық белсенділігін дамытуға жағдай жасау, олардың жоғары адамгершілік қасиеттерін, патриотизмін, жоғарғы мәдениетті мінез-құлқын қалыптастыру, мемлекеттік қызметтің жағымды тәжірибесін насихаттау сияқты жұмыс шараларын жүргізіп келеді. Жүктелген міндеттерді тиімді жүзеге асыру аясында «Жас тұлпар» клубы мен облыс әкімі аппаратының, мемлекеттік қызмет істері саласындағы облыстық департаменттің және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы арасында өзара әріптестік жөніндегі меморандум түзілген. Қазіргі таңда, клуб мүшелерінің алдына үлгі бола білу, мемлекетте болып жатқан процестерді тереңірек талдау, болашақты барлап-бағдарлау, қоғам өмірінің кез-келген деңгейінде шешім қабылдау және оны жүзеге асыру сияқты қосымша міндеттер қойылып отыр. Себебі әрбір мемлекеттік қызметтегі азамат, жас ерекшелігіне қарамастан елдік мұрат жолында мемлекеттік мүддені жоғары қоя отырып билік органдарында еңбектенетін, халық жүктеген сенімді ақтай білетін жауапты тұлға екенін терең сезінуі, қызметін адал атқаруы шарт. Ал еліміздің потенциалы – жастар екенін ескерсек, мемлекеттік қызметтегі жас азаматтардың бойында тиісті қасиеттерді дамыту аса маңызды. Жалпы алғанда мемлекеттік қызмет – кәсіби жағынан өсуге болатын болашағы бар, білімі мен тәжірибені байытатын мүмкіндіктері мол абыройлы жұмыс. Ең бастысы, егемен еліміздің ертеңгі болашағы – бүгінгі жастардың біліктілігі мен саналы әрекеттеріне байланысты. Біздің жастар Қазақстанның даму жолында өз мақсат-міндеттерін ұштастыра отырып, бар жігер-қабілеттерін жұмсайтындықтарына сенімдіміз.