- Advertisement -

Көрген-баққан

65

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Сырбай Мәуленов бір журналды ақтарып отырып айтқан: – Әйтеуір сиіп, тышып толтырыпты, – деп. Жарықтық қазіргі басылымдарды көрсе не дер еді?

***
Біз тірі тұрғанда бұ қазақтың басы қосылмайды.

***
Тоқаш, Төлеужан, Өмірзақ Қожамұратов пен Өтежан Нұрғалиев, Жақан Смақовтар Мұқағалидан кем дарын емес еді. Бәрін Мақатаевтың аңызы басып кетті.

***
Абай атам кейінгі ұрпағы өзін осыншама биікке көтеріп, тәу етерін білмеді. Қара сөзі – иманы, Құраны. Өлеңдерін тек қазаққа арнап жазды. Білсе – әлемдік деңгейге көтерер еді.

***
Теміржолда еңбек етіп, зейнетке шыққан бір азамат бар еді. Аяқ асты бастан ауырды. Күнде өзіне-өзі бір мақтау қағазын (грамота) жазып, әдемі рамаға салдырып әкелетінді шығарды. Үй қабырғасына тізіп қойып, сүйсініп қарайды да отырады.
Ғұмыры бір жылы сөз естімеген адам еді…

***
Биғали Абдрахманов деген жақсы әнші өмірден өтті. Ақкөңіл де адал, мінезді еді. Жалаңқылыштай жарқыл қағатын. Бір жазда бір топ артист гастролдік сапармен Қостанайға барады. Орталарында атақты әнші де бар. КСРО халық артисі. Татар ұлтынан. Егінжай аралап, өнер көрсетеді. Диқан қауымы разы. Дала қосында әлгі атақты әншіміз бипазданып, біраз мінез шығарады. Тіпті құйрығының астына біреудің көпшігін салып отырады.
Ондайға шыдайтын Биғали ма?
– Мынау озат комбайнердің жастанып жүрген көпшігі. Сенің көтенің оның басынан артық боп па?– деп жұлып алып, атақты ағасын сол көпшікпен бастан қонжитады.
Қырғын шатақ басталады. Мәдениет министрлігіне жеделхат жолданады. Ақыры «бұзақы», «үлкенді сыйлап білмейтін әдепсіз» Абдрахманов дереу Алматыға шақыртылып алынады.
Ұсынылып, алғалы тұрған еңбек сіңірген артист атағынан қағылады. Үлкен сахнаға шығып, ән салуына өмір бойы тыйым салынады. Сол қалпы дүниеден озды.
Шіркін, қандай майда қоңыр дауыс еді!

***
Атақты ақын Әбділда Тәжібаевпен оңаша сырласқаным бар. Арқалы ақын ақтарылып әңгіме айтты. Сара жеңгеміз шәй дайындап жатты. Сұхбат қызған кезде:
– Аға, өлеңдеріңізді неге орыс тілінде шығармадыңыз? – деп қалдым.
– Ондай ойым болған, – деді ақын аға. – Мәскеуге арнайы сапарлап барып Расул Ғамзатовтың аудармашысымен сөйлестім. Біз сияқты Одақтас республикадан келген ақын-жазушыларды сорып қалған қулар ғой. Келісті. Бірақ: – Расул маған қаламақымнан өзге ГАЗ-24 Волгасын сыйлаған. Сенде солай істе. Тек Одақ емес, атағыңды алысқа жіберемін, – деді. Мен көнбей Алматыма қайттым.
– Ақшаңыз жоқ па еді?
– Бар ғой. Көмейлері тым кең екен.
– Бітеу керек еді.
– Қайтерсің, уақыт өтіп кетті.
Әбділда ағаның ғана емес, қазақ поэзиясында Қадыр мен Тұманбайдың, Фаризаның орысша аударма арқылы әлемдік даңққа бөленуіне мүмкіндіктері бар еді. Мен білсем, Қадырды сараңдығы, Тұманбайды қартайғанша қалмай қойған «жетімдігі», Фаризаның мінезі тосқауыл болды. Әттең, уақыттары өтіп кетті.

***
Өткен ғасырдың 90 жылдары қытай халқы қыста біздің солдаттардың шинелін таласа киіп жүрді. Жүдеу өң, нұрсыз көз, суалған жақ… Адам шошырлық. Үрімші мен Пекиннің көшелерінде мысық пен ит қалмады. Бәрін қуып жүріп, аулап жеп қойған. Араға ширек ғасыр түскенде сол елдің қалай дамығанын көрсеңіз! Мейманасы тасып отыр. Енді аз жылда Американы экономикалық жағынан басып озып, дүниежүзі бойынша алғашқы орынға шығамыз деп ашық айтады.
Қызыға қарайсың, қорынасың басқа қолдан келер не бар?
***
Абай өлеңдерінің дені махаббат жайлы. Ал, Махамбет тек соғысқа үндеді. Екеуі де тарихта қалды.
***
Өткен ғасырдың 50-60 жылдары біздің ауыл адамдары Каспий теңізінен балық аулаған. Қыс күні, ат-шана, мұз үсті. Қазірде елестету мүмкін емес. Мұз соншама қалың. Ал, су тереңдігі 10 құлашқа жетеді. Үкі ойып соған ау салу керек. Аудың ұзындығы әрқилы. Кейі жүз метрден бір шақырымға дейін созылады. Ұшы-қиырсыз теңіз мұзы астында балықтың қай маңда жүргені, қай жерде ін, ұя басып жатқанын анықтап көр! Ал, соны бір қарап біле қоятын кәнегі балықшылар болған. Таңқаласың.
– Араға он бес-жиырма күн салып шана-шана балық артып, үлкен олжамен оралатын, – деседі көзкөргендер.
Кейде аязға шыдамай мұз жарылып, ығып кеткен оқиғаларда кездескен.
– Ат-шана, адаммен ығып Дағыстаннан шықтық. «Мақашқала» деген кеме құтқарып қалды, – деп отыратын жарықтықтар.
Алақандарынан адал еңбектің исі шығып тұратын ақсақалдар еді. Қазірде көзі таусылды.

***
Жүсіпқали деген қызық та аздап қараулау шал бар-тын. Қонақтықта қойдың басын өзі ұстайды. Өйткені өзгелерден жасы үлкен. Бастың құйқасын жалаңаштап болып, қақпағын ашады. Сосын өп-өтірік таңқалады.
– Апыр-ай, мына қойда түк ми жоқ, өрістен үйді қалай тауып кеп жүр екен, – деп. Шіли айтатыны сол. Сосын аппақ миды асайды да отырады.

***
Қазақтың соншама бай тілін соншама жүдетіп жіберіппіз. Кеше екі жайтқа куә болдым. Бір жігіт жолдасына: – Ананы бүгін мен істедім, ертең сен істе (?) – деп жатты.
Кеште той өткен. Ағайынды екі келіншекке қатар сөз тиді. Кішісі: – Менікі де апамдікіндей ғой. Басқа не айтайын. – деп қарап тұр.

***
Бір адам құдық қазады. Мың адам су ішеді. Сауап-қазғандікі, рахат – ішкендікі. Сол сауабы түскір бізге де бұйырар ма екен?

***
Елге мәлім бір ақсақалдың тойы өтіп жатты. Сән-салтанатты. Асаба жағын сауып, әнші мен биші біткен өнер төгісті. Сөз кезегі әлгі ағамыздың бәйбішесіне тиген. «Елу жыл отасқан жұбайыма мынадай жыр арнадым» – деп оншақты шумақ өлең оқып құттықтады. Жамырап қол соқтық. Жарты ғасыр жастықтас, төсектес болған жанның тебіренісі. Қалайша қошемет көрсетпессің!
Одан құда, содан нағашы, қала берді жиен, бөлелерде қолдарына бір-бір қағаз ұстап келіпті.
– Мына бір тақпағымды сізге…
Қазақ ақыншалыс халық. Бірақ мыналардың өлең деген айналайынға түк қатысы жоқ, балдыр-батпақ. Не ой, немесе жөнді ұйқас таппай қор боласың. Бұл тек бір тойға тән көрініс болса екен-ау.
Абай атам «Қазаққа өлең деген бір қадірсіз» – деп күйінгеннен айтқан екен.
Қазірде тіпті аяқ асты еткен екенбіз. Күн сайын қажет емес, ал еріккенде есіңе түсе кетіп, саунаға шақыратын жүргіш қыздар болады ғой. Тап соның дәрежесі. Қолдан, пайдалан, қажетіңе жарат. Сосын сау бол!

***
Асанәлі аға (Әшімов) әңгіме арасында:
– Өзбекке бір орын керек болса, мақтап-мақтап өсіріп жіберіп, сол орынға өзі отырады. Қазақ болса жан-жағынан ор қазып, кресло иесін омақастырып жығып барып алады, – деп еді. Асекем білмесе айта ма?

Рахымжан ОТАРБАЕВ,
жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support