- Advertisement -

Ел Тәуелсіздігі мен Елбасы – егіз ұғым

176

- Advertisement -

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы ел өміріндегі айтулы белес пен мерейлі мерекелердің бірі екені даусыз. Осыған орай «Nur Otan» партиясы аудандық филиалына қарасты «Қайрат» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында аға буын өкілдерімен сыр-сұхбат өткізілуде. Сұхбатқа қаржы саласының үздік қызметкері, Жуалы ауданының және Жамбыл облысының Құрметті азаматы – Жарас Мұратай да қатысты. Сұхбатты №2 Мыңбұлақ орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ерасыл Майлыбай жүргізді.

– Сізді ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтай отырып, өзіңізге бірнеше сұрақ қойғым келіп отыр. Сіздің ойыңызша, елдің ең басты жетістігі неде және Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды нығайтуға қосқан үлесі қандай?
– Біріншіден, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы құтты болсын. Мен үшін тәуелсіздік – еркіндік, бейбітшілік, бостандық, бақыт, болашақ.
«Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер.
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер», – деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағандай, еліміз нені көрмеді десеңізші! Ғасыр ағынымен қанды шайқасты да, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмірді де, өзге мемлекеттердің үстемдік етіп, билік жүргізуін де, ашаршылық заманды да, табиғаттың дүлей күшін де, бәрін-бәрін көрді.
1991 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланып, еліміздің шынайы тарихының ақтаңдақ беттері ашылды. Егемен ел азаматтарының құқықтарын, мемлекет заңдарын анықтайтын Конституция қабылданды. Әлем елдерінің тізімінде жаңа мемлекеттің аты жазылды. Қаншама жылдар бойына тәуелсіздікті армандап келген ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды.
Тәуелсіздік таңы – батыр бабаларымыздың, ақылгөй абыздарымыздың, Алаш арыстарының сан ғасырлар бойы жаулармен шайқасып сақтап қалған кең даласында бүгінде өмір сүріп отырған ұрпақтың маңдайына біткен бақыты. Тәуелсіздік таңының атуында зор рөл атқарған Елбасының осы жылдар аралығында ұстанған сындарлы саясатының, халқымыздың маңдай терін төгіп жеткен қажымас еңбегінің арқасында еліміз қандай қиын сын-өткелдерден сүрінбей өтіп, дамып, әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына ұмтылуы – тамаша жетістігіміз.
Биыл еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын тойлап, елдігіміз бен ерлігімізді ұлықтап, батыр да абыз бабаларымыздың өлшеусіз еңбегі мен өнегелерін көкке көтеріп жатырмыз. Бұл әрине, біріншіден, өздерің сияқты жас буынға үлкен тағылым мен өнеге. Қариялар, алдыңғы толқын аға буын өкілдері елге тілекші болса, жастар елдегі жасампаз істердің заңды жалғастырушысы.
Ел Тәуелсіздігі мен Елбасы егіз ұғым. Сондықтан жас ұрпақ тәуелсіздіктің қадірін біліп, Елбасының тәуелсіздікті тұғырлы, егемендігімізді ғұмырлы етудегі ерен еңбегін жоғары бағалай білуі керек деп санаймын.
– Сіз өмір бойы елдің дамуына атсалысып, түрлі салада басшылық қызметтерде болған екенсіз. Өмірдегі ең басты жетістігіңіз және жастарға беретін ақыл-кеңесіңіз қандай?
– Менің өмірдегі басты жетістіктерімнің көбісі еңбекпен келгені анық. 41 жылдан астам уақыт қаржы саласында қатардағы инспектордан бастап, оның 27 жылында басшылық қызметтерді атқардым. Біздің буын ел өміріндегі аса бір сұрапыл, қиын-қыстау жылдарда туып-өскен ұрпақпыз. Мен де көптеген қиыншылықтарды көріп, еңбекпен есейдім. Содан бері еңбегімді туған еліме, Отанымның гүлденуіне арнап, бүгінде ақсақалдық абыройлы 85 жасқа келгенге дейінгі бар саналы ғұмырымды Қазақстанның дамуына арнап келемін. 1999 жылдан 2003 жылдар аралығында зейнетке шыққаннан кейін, бұрынғы «Отан», қазіргі «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының ең алғашқы атқарушы директоры болдым. 2003 жылдан 2018 жылдың мамыр айына дейін Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқардым.
Бұл қызметтерде жүргенде ел ішіндегі ынтымақ-бірлікті арттыруға еңбек сіңірдім деп ойлаймын. Жуалы, Тұрар Рысқұлов аудандарының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, 21 жыл көлемінде жоғарыдағы аталған екі ауданның да аудандық советінің депутаты болып сайландым.
Ұзақ жылдар елдің дамуы мен халық үшін атқарған адал еңбегім үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен бес мәрте марапатталдым. Екі мәрте Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен, Жамбыл облысы әкімінің, Жамбыл облыстық мәслихатының Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталып, сондай-ақ, 2013 жылы «Елімнің тағдыры – менің тағдырым!» атты облыстық патриоттар форумында «Асқақ азаматтылық» номинациясын иеленгенім бар. Сонымен қатар 1982 жылы «СССР қаржы саласының үздігі» медалімен марапатталдым.
Одан бөлек, Астана қаласының 10 жылдық, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына байланысты мерекелік медальдарын алғанмын. 1997 жылы Жуалы ауданының 2014 жылы Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағын, 2018 жылы Жамбыл облысының Құрметті ардагері деген атақтар берілді.
Тағы бір атап өтерлігі, мен 2003 жылы аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысын қабылдап алғанымда, ауданда барлығы 168 Ұлы Отан соғысының ардагері бар болатын. Сол кісілердің 48-іне ардагерлер кеңесінің ұсынысымен Жуалы ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай 31 ардагерге бірден осындай атақ берілген болатын. Ардагерлердің мерейтойлары аталып өтіліп тұрды. Одан бөлек, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 60, 70, 80 жылдық мерейтойларының республикалық дәрежеде өтуіне атсалысқанымды әрдайым мақтан етемін.
Ата-бабамыздың қанымен берілген өжеттілік, қайсарлық сияқты қасиеттер болашақ ұрпақты да тек алға, жаңа белестерге жетелейтіні анық. Сондықтан жастарға тек адалдық, адамгершілік сияқты қасиеттермен қатар, өз еліңнің патриоты, иманды болыңдар, бір-бірлеріңді сыйлай біліңдер, еңбек етіңдер, жалқау болмаңдар, сол еңбектің арқасында жақсы өмір сүріңдер дегім келеді. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болатынына мен кәміл сенемін. Еңбектерін ел болашағына арнап, талаптанып жүрген жастарға аталық ақ батамды беремін.

Роза МҰРАТАЕВА,
№2 Мыңбұлақ орта мектебі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support