Жаза басқандар
Жаза басқандар
Ескерту алды
Елбасының Жарлығымен бекітіліп, қолданысқа енгізілген еліміздегі мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасындағы меритократия қағидаттары мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруын, сыбайлас жемқорлықпен байланысқан, оған жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермеуін және басқа мемлекеттік қызметшілердің тарапынан жасалатын жемқорлық қылмыс немесе құқықбұзушылық қадамдардың жолын кесуде белсенділік танытуын талап етеді. Алайда, мемлекеттік қызметтегі кейбір жекелеген азаматтардың осынау жүктелген міндеттердің үдесінен шығуға ұмтылуы былай тұрсын, керісінше еліміздің қолданыстағы заңнамасын аяқасты еткен сәттері де аз кездеспейді. Міне сондай заң талаптарын бұзған мемлекеттік қызметшілердің бір парасының мәселесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңесінің сейсенбі күнгі мәжілісінде қаралып, талқыланды. Жалпы, республикамызда жүргізілген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелері сыбайлас жемқорлық қылмыс және құқықбұзушылық әрекеттердің денінің мемлекеттік сатып алудың айналасында орын алатындығын айғақтайды. Тәртіптік кеңес хатшылығының Байзақ аудандық прокуратурасының осы әкімшілік-аумақтық бағыныстағы Сарыкемер ауылдық округінің әкімі Сәуле Тлеуқұловаға қатысты ұсынысы негізінде жүргізген қызметтік тексеруі барысында да ауылдық округ әкімінің Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңын бұзғандығы анықталған. Аталған лауазымды тұлға ағымдағы жылы Заң талаптарын бұрмалап, «Жаңа жарнама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жалпы сомасы 555 мың теңгені құрайтын үш, «Сүлейманов К.Е.» жеке кәсіпкерлігімен барлығы 645 мың теңгелік бес және «Көшкінбаева Л.С.» және «Мұнасов Р.Н.» жеке кәсіпкерліктерімен бағасы 150000 және 214160 теңге болатын келісім-шарт жасасқан. Тәртіптік кеңес күн тәртібіндегі қаралған осы мәселені талқылай келе Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеевке Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағында қарастырылған талаптарды бұзғаны үшін, Сарыкемер ауылдық округінің әкімі Сәуле Тлеуқұловаға атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану жайлы ұсыныс жасау жөнінде шешім қабылдады. Сондай-ақ, еліміздің Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы – Тәртіптік кеңестің төрағасы Болат Исақовтың төрағалығымен өткен кеңес отырысында, мәселелері қаралған облыстағы сот актілерін орындау департаментінің Сарысу аудандық аумақтық бөлімінің басшысы-аға сот орындаушысы Гүлнара Байзақованы, сот орындаушысы Аманәлі Исабековті, облыстық кардиологиялық диспансердің бас дәрігері Анатолий Гривцовты атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаға тартуды тиісті орындарға ұсынды. Қолданылған шаралар туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңесіне заңда белгіленген мерзімде қарау міндеттелді.
Сапарғали ӘЛІБАЙ, «Ақ жол».