Жазусыз өткен күні жоқ

98

Тұрсынхан Толқынбайұлы шығармашылық жолын жемісті жалғастырып келеді

Бұл ағамыз ғасырлық жасына қадам басқан басылымға «Еңбек туы» аталатын кезінде қызметке алынған, арамызда аман-сау жүрген санаулы ардагерлеріміздің бірі. Қазақша қалыппен алғанда жасы алты мүшелден асса да, жазу-сызудан қол үзген жоқ, газетімізде зерттеу мақалалары мен естеліктері жарияланып келеді. Олардан қандай тақырыпқа қалам тербемесін жан-жақты зерттеп барып, нақты деректер мен дәйектер келтіріп жазатыны анық байқалады. Бұл – журналист мамандығын алғаннан кейін екі-ақ мерзімдік басылымда – аудандық және облыстық газеттерде ұзақ жылдар жемісті қызмет істеп, зейнетке шыққан Тұрсынхан ағамыздың әбден қалыптасқан дағдысы. Мұны облыстық қазақ тілді баспасөздің қара шаңырағына «Ақ жол» атанған кезінде, жатқан жері жұмақта болғыр Әлдихан Қалдыбаев ағамыздың редакторлық еткен шағында Жуалы аудандық газетінен ауысып келген мен жақсы білемін. Редакцияның экономикалық бөлімінің ауыр жүгін теңдей бөліп арқалаған сол жылдар туралы талай сыр шертуге болады.

Нарықтық қатынастарға көшіп, Жер, Орман және Су кодекстері қабылданған, «Ауыл жылдары» атанған ауылды қолдаудың, өркендетудің мемлекеттік-аграрлық бағдарламасын іске асыру қолға алынған сол жылдардағы шығармашылық белсенділігі, әсіресе, ауыл шаруашылығы мәселелерін жазудағы ізденгіштігі, реформалардың барысын көрсетуде ерекше қаламгерлік қарым танытқаны үшін Тұрсынхан Толқынбайұлына облыс әкімі тағайындаған «Ауыл жылы» сыйлығы берілді. Облыс әкімдігі жариялаған аграрлық азық-түлік бағдарламасын насихаттауда журналистер арасында 2003-2005 жылдары өткізілген конкурстың бірінші орын жүлдегері болып, ақшалай сыйлықтарын алды. 2001 жылы «Жылдың үздік журналисі» деп танылды.Өзі туып-өскен Байзақ ауданының Құрметті азаматы атанды.
Біз білетін, кешегі кеңестік кезеңде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасын, ал Тәуелсіздігіміздің он жылдығында Тұңғыш Президентіміз–Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хатын алған Тұрсынхан ағамыз үшін марапаттың ең үлкені қаламдас аға-інілерінің, оқырмандарының өзі туралы пікірі. Газетіміздің 1985-1995 жылдардағы бас редакторы Арғынбай Бекбосын ағамыз Парламент Мәжілісіне депутат кезінде жазған «Ақ жолдағы» ақжолтай жылдар» естелік-эссе кітабында «Онымен екеуіміз бір ауылданбыз. Әкесі Толқынбай ақсақал көп өмірін Сәмбет тоғанын жағалап мұрап болып өткен өнегесі мол кісі еді жарықтық. Тұрсынхан да журналистиканың нағыз қара нары болып шықты. Талай жыл аудандық газеттің жүгін талмай арқалап, «Еңбек туына» ауысқан ол тап-таза болмысымен, тынымсыз тірлік, қаламының қанатымен ә дегенде-ақ әріптестерінің ілтипатына бөленді» деп жазды. Ал 1995-2005 жылдары бас редактор болған Әлдихан Қалдыбаев ағамыз да Тұрсынхан Толқынбайұлын жас журналистерге үлгі етіп отыратын. Газетіміздің шыға бастағанына 80 жыл толуына арналған мерекелік нөмірде жариялаған мақаласында «…ел мен жер проблемаларын ерінбей-жалықпай зерттеп, қолға ұстағандай етіп ұсынатын Тұрсынхан Толқынбайұлының жарияланымдары облыс оқырмандарының ой-өрісін өсіріп, таным көкжиегін кеңейтуге орасан зор ықпал етіп отырғаны әмбеге аян» деген жолдар бар.
Басылымға 2004 жылы бас редактор болып келген Мақұлбек Рысдәулет те Тұрсынхан Толқынбайұлының тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтынын, сапалы орындайтынын жоғары бағалайтын. «Журналистің шеберлік қасиетінің бірі деректер мен дәйектерді жинап, содан ой қорыта алатын білімді болу қажет болса, сол қасиет Тұрсынханда бар» деп, «Ақ жол» газетінің 85 жылдығы тойланар тұста газеттің шежіресін жасауды тапсырды. Тұрсынхан ағамыз облыстық архивте сарғайған газет тігінділерін ақтарып, мол материал жинап, солардың негізінде «Шежірелі жылдар» жинағын құрастырып, ол «Қазақпарат» баспасынан 2007 жылы жарық көрді.
«Менің бағыма орай «Еңбек туы» – «Ақ жол» газетінде өткен жылдарда қарауында қызмет істеген үш редактордың қай-қайсы да жазуға келгенде алдымен өзі үлгі танытып қана қоймай, еңбегіңе, шығармашылық ізденістеріңе әділ бағасын беретін, сөзге емес, іске сенетін, адамгершіліктері зор басшылар болып шықты», деп ағынан жарылып жазды Тұрсынхан ағамыздың өзі «Ақ жолда» өткен сол жылдар» естелігінде.
Өзі еңбек еткен газеттің республикаға танымал айбынды басылымға айналуына өткір мәселелерді жазу арқылы үлес қосқаны Тұрсынхан Толқынбайұлы үшін үлкен мақтаныш. Айталық, кезінде Шу ауданының аумағындағы алып су қоймасының пайдасына қоса зардабы да көп екендігі туралы жазған «Тасөткел тауқыметі» атты проблемалық мақаласы үлкен пікір туғызып, сол кезде шығып тұрған республикалық «Халық кеңесі» газетінде де жарияланып, Парламент Мәжілісінің депутаттарының да назарын аударған.
Ауыл шаруашылығында өзгерістер қарқынды жүргізілген жылдарда Тұрсынхан Толқынбайұлы газет оқырмандарының арыз-шағымдарының ізімен кикілжіңді жағдайларға да аз қалам тербеген жоқ. Сол бір жылдары жазылған «Қаркемер детективі», «Директор араша сұрайды», «Тойып секіргендер» бастаған дау», «Төбелес пен егес», тағы басқалары үлкен пікір туғызып, басшы органдар тарапынан шаралар қабылданып, олар газетте жарияланды.
Бүкіл бір өлкенің тыныс-тіршілігінің айнасы болып келе жатқан облыстық газетке тілші болып қабылданып, көп ұзамай аға тілші, алдымен партия тұрмысы, сонан соң экономикалық бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, зейнет жасына толғаннан кейін бас редактордың кеңесші болып істеп, қасиетті Әулиеата өңірінің барлық түкпіріне ат ізін салған, сандаған тамаша азаматтармен пікірлескен Тұрсынхан Толқынбайұлы көргенін, көңілге түйгенін мұқият қағазға түсіріп отырды. Сол жазбаларының пайдасын кейін кітаптар шығарғанында молынан көрді де.
Ең алғашқы тырнақалды кітабының баспадан шығуына да ауыл тақырыбына арналған проблемалық мақалалар жазумен республикаға танылуы себеп болды. Ауыл шаруашылығына арналған әдебиеттер шығаратын «Қайнар» баспасының редакторы, белгілі жазушы-журналист, марқұм Бекболат Әдетов телефонмен іздеп тауып, Қазақ КСР агроөнеркәсіптік комитетінің (ол кез – Ауыл шаруашылығы министрлігі осылай аталатын) ғылыми-техникалық прогресс басқармасының тапсырысы барын, соны орындауды өзіне сеніп тапсырып отырғандарын хабарлағанда Тұрсынхан Толқынбайұлы әрине, бас тартқан жоқ. Бір апта ішінде Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданындағы Жамбыл құс фабрикасының өндірістік жетістіктері, ізденістері арқау етілген шағын кітапты жазып бітіріп, баспаға тапсырды. Ол «Құс шаруашылығындағы отбасылық мердігерлік» деген атпен баспадан қазақ және орыс тілдерінде мол таралыммен шығарылып, елдегі өндірістік-экономикалық білім беру желісі арқылы таратылды.
Редакторымыз Әлдихан Қалдыбаев ағамыздың өзі Тұрсынхан туралы пікірін газетке жариялады. Онда мынандай жолдар бар: «Тұрсынхан көбіне ауыл шаруашылығына қалам тартады.Қызмет ыңғайымен ел ішінде көп болады. Ойы ұшқыр, қаламы жүрдек журналист іссапардан «Ақ жол» оқырмандарына қызықты да мазмұнды материалдарды аз әкелмейді, біз бұған қуанамыз, сөйтсек, ақырын жүріп, анық басатын ол өз көкейін тескен жайларға да құлақ түріп, зерделеп жүреді екен.
Даңқты жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың ізімен Ресей астанасы Мәскеуде, Балтық бойы елдерінде болып қайтқан соң Тұрсынхан Толқынбайұлы «Жай отындай жарқ еткен» деген атпен деректі хикаят жазды. Ол облыс әкімдігінің қаржылай қолдауымен баспадан шығып, облыстың барлық кітапханаларына таратылды.
Еңбекқорлығы журналис-тердің кейінгі буынына үлгі болған Тұрсынхан Толқынбайұлы Социалистік Еңбек Ері Дариға Жантоқова, КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты болып сайланған, іргелі аудандарды, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған Төребай Ақбозов, облыс көлемінде жоғары лауазымды қызметтер атқарған іскер басшы, білікті экономист қана емес, қарымды қаламгерлігімен де танылған Жұмабек Сапарәлиев, ауыл шаруашылығы өндірісінің білгір ұйымдастырушысы Орынбек Тілеубаевтың өмір жолдары, жас ұрпаққа үлгі болар істері арқау болған естеліктер кітаптарын құрастырып, республикалық баспалардан шығарды.
Журналист еңбегінің ең жақсы насихатшысы – оның жазған мақалалары. Табиғат қорғау мәселелеріне арналған проблемалық мақалалар жазып танылған Тұрсынхан Толқынбайұлы зейнет демалысына шыққанына ай өтпей жатып облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жұмысқа шақырылып, алдымен баспасөз хатшысы, сәл кейін редактор болып істеді. Мұнда да өз жұмысын жақсы атқаруы үстіне «Талбесік» деген атпен Жамбыл облысының өсімдіктері мен жануарлар дүниесіндегі құнды да қызықты мағлұматтар арқау болған кітапты құрастырып, ол республикалық «Ғылым» баспасынан шықты.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Ақпарат және талдау» орталығының консультанты болып істеген жылдарында Тұрсынхан Толқынбайұлы «Ақ жолдың» тағы бір ардагері, белгілі жазушы Елен Әлімжанмен бірге «Қазақ болып қалыптасқан ғасырлар», «Тараз төріндегі тағылымды той», «Ел Президенті Жамбыл жерінде», «Еріне қарап, елін таны» (Жамбылдықтар отты жылдар қаһарманы) жинақтарын шығарды.
Елу жыл ел басқарған, халқының сүйіспеншілігіне бөленген ұлы тұлғамен көзі тірісінде жақсы таныс-біліс болған, облысымызда келген сапарларында дидарласқан алдыңғы толқын ағаларымыздың естеліктерін оқу да бір ғанибет дүние ғой.Тұрсынхан Толқынбайұлы құрастырған «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата өңірі» деген атпен баспадан шыққан естеліктердің бірінші, екінші кітаптарын оқығандар осындай сезімге бөленері анық. Бұл кітаптарға оқырмандар сұранысы өте жоғары болғандықтан, баспадан екінші рет шығарылып, облыстың барлық кітапханалары алды.Осы еңбегі үшін «Д.А.Қонаев 105 жыл» медалімен марапатталды.
Тынбай ізденетін қаламгердің журналистік зерттеу мақалалары, эсселері мен деректі әңгімелері 2016 жылы «Жол азық» деген атпен кітап болып шықты. Кітабына мұндай ат қойғанының сырын авторы бұл жерде сөз жолға алып шығар азық емес, керісінше сол жол сапарлардан, қызық тағдырлы адамдармен сұхбаттасудан, архив ақтарудан тапқан «олжаларды» елге рухани нәр етіп ұсыну туралы болып тұр, деп түсіндіреді.
Зейнетке шықса да қоғамға пайдалы тірліктермен айналысып, облысымыздың тарихына, даңқты тұлғаларына қатысты деректерді мұрағаттан іздестіріп тауып, зерттеу мақалалар жазып жүргені елеусіз қалған жоқ. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісінің, «Мұхаммед Хайдар Дулати» медалінің иегері атанды.
Қалам қайратын танытып келе жатқан, Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған «Тараз мұралары» тарихи-танымдық 80 томдығын шығаруға үлес қосқан Тұрсынхан ағамыз жазусыз өткен күні жоқ. Мақалалар жазумен қатар, кезінде өзі кездескен, сұхбат алған ардагерлердің естеліктеріне және құжаттық деректерге сүйене отырып Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жамбыл облысындағы тыл қаһармандарының ерен ерліктеріне арналған кітапты баспаға дайындауда. Сондай-ақ ғасырлық жасына қадам басқан «Ақ жол» газетінің 100 жылдығына бұрын жарық көрген «Шежірелі жылдар» кітабын толықтырып, қайта шығару жолында жұмыс жасап жатыр.
Тіршіліктің әрбір сәтін пайдалы іске жұмсаған «Ақ жол» ардагерінің шығармашылық жолы осылай жемісті жалғасуда.

Ақылжан Мамыт

Comments are closed.