- Advertisement -

Көрген-баққан

79

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Бішкек көшесінде Шыңғыс ағамен (Айтматов) кезігіп қалдым. Көңілсіздеу келе жатыр екен.
– «День» деген газет қолыңа түсті ме? Оқыдың ба? – деді қысқа қайырылған аман-саулықтан соң.
– Оқыдым. Әлгі Бондаренконың мақаласын айтасыз ба? «Чингиз не понимающий своё родство».
– Иә. Ұйымдасқан нәрсе. Соңында кімдердің тұрғанын білемін.
– Қызық, сізге әрлі-берлі соқтығады. Сосын мәңгүртті мысалға алады. Сонда тек мәңгүрт тақырыбы Кекілбаевтың жекеменшігі ме? Алғаш айтқан Әбіш аға. Ал, сіз оны байытып, әлемнің назарына алып шықтыңыз. Рас қой.
Шыңғыс аға ойлы қалпы, үнсіз бас изеді.
– Мысалы, Фауст тақырыбына кезінде 68 автор қалам тербеген. Әр ақын өз өлшемі, өз көзқарасымен келген. Оларға ешкім «Мұны Гете жазды, сендер қоя қойыңдар» деген жоқ. Мәселе, көркемдік шешімде ғой.
– Оның дұрыс. Бірақ олардың бұлай дүрлігуінің өзіндік сыры бар.
– Тыңдадым, аға.
– Осы көктемде Горбачевпен кездестім. Сыйлас, дос көңілде көп сырластық. Әңгіме арасында менен «Саяжайыңыз бар ма?» деп сұраған. «Мәскеуде пәтерім болғанмен, саяжайым жоқ» – деп жауап қаттым. «Переделькинодағы Борис Пастернактың саяжайын алыңыз. Шығармашылығыңызға өте қолайлы орын. Сізге сыйладым» – деді. Алғыс айттым. Тозыңқырап тұр екен, жөндеу жасап, көшіп алуға қамданғанмын…
Бір күні түн ішінде Евгений Евтущенко телефон шалды. – Чингиз Турекулович, сіздің мұныңыз не? – дейді салғаннан. – Пастернактың саяжайында не шаруаңыз бар?
– Берген соң алдым.
– Оны біздің ағайындар музей жасаймыз деп Бас хатшыға қолқа салып жүрген. Екі ортада сен алып кеттің.
– Не істеуге болады?
– Дереу кері қайтару керек. Бұл менің саған дос ретінде берген кеңесім. Саған бір сұрақ берейін. Айып етпе.
– Тыңдап тұрмын Евгений Александрович.
– Жап-жас Айтматовтың шығармашылығын қолдап, қорғап ешкімге соқтырмай дәліз (коридор) жасап, әлемге атағыңды алып шыққан кімдер? Орыс жазушылары ма, әлде еврей қаламгерлері ме?
– Әрине, соңғылары.
–Ендеше, саяжайды қайтармайтын болсаң тап солардан қарсы сөзді күте бер. Олар қалай көтерсе, солай жерге түсіре де қояды. Мен ойымды айттым. Арғы жағын өзің біл…
– Ертеңіне саяжайдан бас тарттым. Міне, бауыр газеттегі мақала бұл тек ескерту.
– Жауап хат жазбайсыз ба?
– Қажеті не? Менің арым таза. Құлағыңда қалсын деп айтып жатқаным. Болашағың алда, керек болады…
Аға көше бойлап ілгері жүріп кетті. Әлем әдебиетінің патриархаты атанған Айтматов кетіп бара жатты…

***
Баян Өлгийде (Моңғолия) тұратын көрнекті ақын, тарихшы, философ Сұраған Рахметтің ұлы Олжас үйленіп, той жасады. Туған інімдей болған азамат. Жанұямызбен барып, қуанышына ортақтастық. Ел-жермен таныстық. Көп сыр айтылды. Тау қуалай тігілген қазақ пен қалмақтың ақ шаңқан киіз үйлері. Өріске сыймай, мыңғырған мал. Жанталассыз, жаймашуақ тірлік. Ерекше бір көркем сабыр табасың.
Бір жолы Сұрағаннан – «Іргелес отырған қытайлар көзімізге түспеді. Олар әлі келген жоқ па?» – деп сыр тарттым. Сұраған жұмсақ жымиды.
– Келгенде қандай! Қаптап кеткен, – деді сосын. – Көптеген өндіріс орнын ашты. Небір мекемелерді жекешелендіріп алды. Ілкіде жұмсақ басып, жылы күліп келіп еді, бара-бара мейманалары тасыды. Қыз-келіншектеріміз қолтықтарында жүрді. Ақша көп болған соң алшаң басады да. Жергілікті халықтың назарлығы күшейді. Әр-әр жерде қақтығыс бел алды.
– Содан…
– Содан моңғол Үкіметінің де шыдамы таусылса керек. Бір түнде әскер шығарып, бүкіл қытайды жинады. Вагонға, машинаға топырлатып тиеді де шекарадан шығарып жіберді. Сөйтіп құтылдық.
– Тып-тыныш кетті ме?
– Кетпей қайда барады?
Бар-жоғы үш миллионға жетер-жетпес моңғол халқының әрекеті осы. Не десеңіз де Шыңғыс хан шыққан ел ғой…

***
Қабанбай мен Бөгенбайды, Исатай мен Махамбетті, Құрманғазы мен Динаны, Сырым мен Малайсарыны, Ағыбай мен Қарасайды неге руға, жүзге, облысқа бөліп алып мәртебелерін төмендетуге тиіспіз?!

***
Орыстарда ұлы мәдениет бар. Үлкен дәстүр, сынды да, марапатты да қабылдай алатын мінез, ұстам бар. Олар Пушкиннің жүргіштігін, Лермонтовтың сумақайлығын, Куприннің кезбелігін, Некрасовтың алаяқтау карта құмарлығын, Достоевскийдің қояншық ауруын, Маяковскийдің екі адамға ортақ бір әйел ұстағанын, Есениннің сифлиспен ауырғанын, Высоцкийдің айықпас нашақорлығын, Рубцовтың ішкіш боп, көңілдесі тұншықтырып өлтіргенін жасырып, жаба ма? Жоқ! Ашық айтады. Өйткені, қаншама ұлы тұлға болса да нәті адам. Ал, адам болған соң тіршілік ортақ.
Сондықтан да олардың бетіне шіркеу түсіп жатқан жоқ.
Бізде ше? Атай көрмеңіз. Өңшең шыбық тимес шыңқ етпе. Керемет, ғажап, классик, ұлы… Қағыс сөз айтсаң қалпағыңды қағып түсіреді. Үстеріне шыбын тұрмақ шаң қонбауы керек. Бұл ұлт болып ұйымай, әлі күнге халық боп жүргеніміздің бір көрінісі.

***
Ұстазға табына берген елдің болашағы жоқ. Ұрпақ өспейді. Жаңа тұлғалар шықпайды. Бізді сол осы күнге дейін жасалған пұттар табындырғысы келеді. Олар бар-жоғы ауыл арасының «ұлылары». Әлемдік деңгейге өкше де, еңсе де көтере алмағандар.

***
Сәкен Сейфуллин өмірінің шындығын білгісі келген адам Тұрсынбек Кәкішевтің кітаптарын оқысын. Кереметтей тұлғаның бар өмірі, қызметі, ғашықтығы, трагедиясы сонда. Одан қалса менің Сәкен мен Серебрякова жайлы жазған «Мен сізді сатқан жоқпын» деген спектаклімді көрсін.
Әдемі шапанға жамау жапсырғандар көки береді!

***
Осы бір ғалым ағам айғыр шабысқа түседі де жүреді. Той, салтанат, айтыс, аламан бәйге бәрі-бәрінің ортасында отырады. Ата қаз құсап. Бәрінде де сөз сөйлеп жатады. Дәмсіз, нәрсіз, жалтақ, жағымпаздықтың тұтас құйылған түпнұсқасы осы кісі.

***
Байлар да басқыншы сияқты. Бәрін алсам, түгелдей менікі болса дейді. Оларға уақытында соққы беріп тойтармаса болмайды.

***
Кеңес дәуірінде партиялық газеттер: «100 аналық қойдан бәленбай қозы алынды» – деп жазып жататын. Ана деген ұлы есімді мұнан артық қорлау болмас, сірә. Саулық қой деген сөз партия жарықтықтың тақымына тар келген-ау.

***
Гурьевте тұратын бір ағайын жаңа пәтер алған. Қоныс тойына шақырды. Көкемнен бата алам деп қоймаған соң бардық. Мен 7-сыныпта оқитын баламын. Көкем жасы 90-ға таяп қалған. Пәтері үшінші қабатта. Көкем подъезге кіре бере (үй деп ойласа керек) кебісін шешіп тастап, үшінші қабатқа мәсімен көтерілді. Қоныс той өтті. Бата берілді. Қайтайық деп есік алдына шықсақ, көкемнің кебісі жоқ. Біреу киіп алды ма, балалар теуіп ойнап кетті ме, кім білсін?
Көкемнің шарасыз, жымиып күліп тұрғаны әлі күнге көз алдымда.

Рахымжан ОТАРБАЕВ,
жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support