Жаңалықтар

Еліміздегі ең таза су – Таразда

Еліміздегі ең таза су – Таразда

Су – өмір нәрі, тіршілік тірегі. Сусыз өмір жоқ. Төрт жүз мыңға жуық тұрғыны бар Тараз қаласындағы су және кәріз жүйесінің 80 пайызы «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің теңгерімінде. 1958 жылы 5 маусымда құрылған кәсіпорын осы мерзімде талай даму мен дағдарысты кезеңдерді өткізді. Аға ұрпақ өкілдері өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары судың кестемен берілгенін, жоғарғы қабаттағы пәтерлерге жазда оны жеткізе алмай қиналғандарын әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Мекемеде кейінгі кезде қайта жарақтандыру жұмыстарының қолға алынуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына байланысты бұл қиындықтар артта қалды. «Жамбыл су» МКК-не жарты жыл бұрын бас директор болып бұл салада мол тәжірибесі бар Медет Беркімбаев тағайындалды. Бүгінде оның басшылығымен кәсіпорында ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істер қолға алынып, жүзеге асырылуда. Жуырда Медет Жақсыбайұлына жолығып, тараздықтар үшін аса маңызды нысанның тыныс-тіршілігі туралы әңгімелестік.

– Адам денсаулығы, қоршаған ортаның санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы ауыз су сапасына тікелей байланысты, – дейді Медет Жақсыбайұлы.Тараздықтардың көпшілігі жер асты суын, оның ішінде артезиандық суды пайдаланады. «Жамбыл су» МКК-ның негізгі қызметі – тұтынушыларды мемлекеттік стандартқа және техникалық шартқа сай сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, су құбырлары мен кәріз жүйесін пайдалану, ысырапты болдырмау, болған жағдайда оның себеп-салдарын есептеу және сараптау, оқыс оқиғалар мен апаттардың алдын алу болып табылады. Бүгінде кәсіпорын теңгерімінде 660 шақырым су беру және 294 шақырым кәріз желілері бар. Су құбырларының – 72, кәріз құбырларының 43 пайызы ескіріп, тозған. Пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен олар жиі істен шығып, мекемеге елеулі шығын әкелуде. Осындағы мамандар 2013 жылы негізгі техникалық қор мен құбырларды, сусорғылар мен ұңғыларды толық жаңартудың 40 миллиард теңгеге бағаланған техникалық-экономикалық негіздемесін жасап, қаржы бөлу үшін республикадағы құзырлы мекемелерге жолдаған екен. Мұндай қыруар қаржыны кім қолға ұстата салады? Сондықтан қызмет көрсетуден түскен қаржының бір бөлігі жөндеу жұмыстарына жұмсалып, су жеткізуде іркіліске жол берілмеуде. Су желілерінде 15 489 құдық бар. Оның 7462-сі – су, 8027 кәріз жүйесінде орналастырылған.Олардың бәрін күнделікті аралап, күзету мүмкін емес. Шаһарда түнде құдықтардың металл қақпақтарын ұрлау әлі күнге тыйылмай келеді. Бір қақпақтың құны – 27 мың теңге. Бұл мәселе туралы құқық қорғау органдарына талай рет хабарланған. Алайда нәтиже жоқ. Ағымдағы жылы тоғыз айда темір қақпақтардың ұрлануы және сынуының 501 дерегі тіркеліп отыр. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, мұның өзі мекемені 13 527 000 теңгеге шығынға батырды. Осыған қарамастан мамандарымыз оларды қалпына келтіру жұмыстарын уақтылы жүргізуде. Көлік жолдарына – темір, ал олар жүрмейтін жерлерге өзімізде құйылатын бетон қақпақтар орнатылуда. – Тозған құбырлардың жиі істен шығуы, қақпақтарды қалпына келтіру – кәсіпорынның қаржылық-экономикалық жағдайына да кері әсерін тигізіп жатқан шығар... – Әлбетте, мекемеге 2020 жылы қаржылық-шаруашылық қызметінен 1895,7 миллион кіріс теңге түссе, шығыс 2122,9 миллион теңгені құраған. Түскен кірістің 300 миллион теңгесі тұтынылған электр энергиясының төлемақысына, жалақыға – 700 миллион, салыққа 300 миллион теңге жұмсалған. Қалған ақша жөндеу, жаңарту жұмыстарына бөлінген. Елімізде газ, электр энергиясы және жылу тарифтерінің өсуімен салыстырғанда су және кәріз тарифтерінің өсуі айтарлықтай төмен. Қолданыстағы ауыз су және кәріз тарифтері Тараз қаласы тұтынушыларының барлық санаттары үшін Қазақстандағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі болып табылады. Соның салдарынан кіріс азайып, шығыс көбейуде. Жоғарыдағы энергия көздері бағасы жиі өсіріледі. Ал Монополияға қарсы мекеме біздің тарифімізді 5 жылда бір-ақ рет көтереді. Қазір заңды және жеке тұлғалар тұтынған 1 текшеметр ауыз суы үшін орта есеппен 82 теңге төлейді. Кәсіпорын шығынсыз жұмыс істеуі үшін бағаны 101 теңгеге өсіру қажет. Табиғи монополияларды реттеу мекемесіне бағаны өсіру туралы өтінім жіберілді. Ол келесі жылы қаралып, бекітіледі. – Тараздықтар кәсіпорында «Тараз қаласының су беру жүйелерін жаңғырту» инвестициялық жобасының жүзеге асырылғанынан хабардар. Оның тиімділігі мен игілігін көріп отырсыздар ма? – Әрине, осынау қаржылай қолдау жұмысымызға үлкен серпін берді. 2015 жылы «Тараз су» МКК мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында 1 050 000 мың теңге несиелік келісімшартқа қол қойылды. Жобаның мақсаты – су тоғандарын жаңғырту, сорғы стансаларын қайта жөндеуден өткізу, тұтынылған суды есепке алатын жүйелерді жетілдіру, ысырап пен шығынды азайту және қызмет сапасын жақсарту. Кәсіпорын банктен сол несиенің 863 миллион теңгесін алған. Оған желілердегі бұрын электр энергиясын көп қажет ететін, ескіріп, тозған сусорғылар, ұңғылар ауыстырылып, біраз жаңа техника сатып алынған. Мұның өзі нәтижесін берді. Бұрын ай сайын электр энергиясын тұтынғаны үшін мекеме 20 миллионнан астам ақша төлесе, қазір ол 17-18 миллион теңгеден аспайды. Қазір мұнда 71 бірлік техника бар. Олардың 60 пайызы жаңа. Қалада тұтынушылар қатары өсуіне байланысты техника жетіспеушілігі байқалуда. – Сіздің осы кәсіпорынға басшылық қызметке келгеніңізге жарты жыл болыпты. «Жаңа сыпырғыш жаңаша сыпырады» дейді. Жұмысты неден бастадыңыз? – Бұл – жұмыс маған бейтаныс емес. Бұрын осы салада ұзақ жылдар қызмет атқарғанмын. Кәсіпорынның дебиторлық және кредиторлық қарызы қордаланып қалған. Әуелі қолда бар мүмкіндіктер мен резервтерді іске қосуға күш салдық. Тұтынылған суға төлем жинайтын бақылаушыларды ынталандырып, мардымсыз айлық жалақысын көтердік. Екі сот орындаушымен келісімшартқа отырдық. Олар қазір қарыздар бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Тағы да басқа шараларды қолға алу нәтижесінде бұрын ай сайын 130 миллион теңге төлемақы жиналса, қазір ол 200 миллион теңгеге жетті. Соның нәтижесінде дебиторлық қарызды 220 миллион теңгеге дейін азайтуға, кредиторлық 570 миллион теңге қарыздың 350 миллион теңгесін жабуға қол жеткізілді. Таразда тұрғындар көбейіп, жаңа нысандар мен үйлердің пайдалануға берілуіне байланысты су тұтынушылар қатары молайып келеді. Ағымдағы жылдың мамыр айында шаһарда 98 022 тұтынушы болса, қазір олардың саны 99 100-ге жетті. Ұзақ жылдардағы қажырлы еңбектің нәтижесінде бүгінде олардың 90 пайызы су есептегіш құралын орнатқан.Әр тұрғын ай сайын орта есеппен 8 текшеметр «өмір нәрін» қолданады. Демек, ол үшін 640 теңге төлейді. Әлбетте, бұл басқалармен салыстырғанда көп ақша емес. – Бұрын бұқаралық ақпарат құралдарына осы саладағы апаттық жағдайларға байланысты жиі арыз-шағым көп түсетін. Кейінгі кезде мұндай келеңсіздіктер байқалмайды... – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында халықпен кері байланыс орнатуға ерекше көңіл бөліп келеді. «Жамбыл су» МКК-де апаттық жағдайларға байланысты тұрғындардың ұсыныс, өтініш-шағымдарын қабылдап, тіркейтін диспетчерлік бөлім бар. Алайда кейінгі кезде олар көбінесе оны әлеуметтік желілерге жазады. Сондықтан да оларға мониторинг жасау, кері байланыс орнату үшін арнайы бөлім аштық. Ондағы мамандар әлеуметтік желіде шағым жарияланысымен орын алған ақауларды қашан қалпына келтіретініміз туралы бірден жауап жазады. Жүзеге асырылған жұмыстың суреті мен бейнесі әлеуметтік желіде жарияланады. «Жамбыл су» – шаһардағы стратегиялық нысанның бірі. Магистралдық желілердегі немесе басқа да ақауларға байланысты бізге күнделікті 15-20 шағым түседі. Арнайы жасақталған екі бригада оларды жөндеуге шұғыл аттанады. Еліміздегі ең таза су – Таразда. Тұтынушыларға тәулігіне 120 мың текшеметр су жеткізіледі. Жерасты суын жоғары көтеретін стансада 4 сусорғы бар. Оның біреуі ғана жұмыс істейді. Ол істен шықса, келесісі автоматты түрде қосылады. Соның нәтижесінде біраз уақыттан бері іркіліске жол берілмеуде. Осында уақыт талабына сай жабдықталған зертхана бар. Онда білікті мамандар жұмыс істейді. Бұрын тұрғындар денсаулығының қауіпсіздігі – суды залалсыздандыру үшін оған белгілі бір мөлшерде хлор қосылатын. Қазір гепохлорид натрий қолданылады. Шағын зертхана ұжымы еліміз бойынша екі жыл қатарынан сараптама жасау бойынша үздіктер қатарынан көрінген. – Бүгінде кәсіпорында шығынды азайту, кірісті молайту мақсатында барлық салада оңтайландыру жүргізіліп жатыр екен... – Бұрын мұнда 600-ден астам адам жұмыс істейтін. Қолданыстағы штат санын қайта қарау нәтижесінде олардың саны 21 маманға қысқартылды. Зерттеу, талдау нәтижесі желілерде ақау сапасыз материалдарды қолданудан орын алатынын көрсетті. Сондықтан да сатып алынған материалдың сапасына тексеру жүргізетін комиссия құрдық. Олар қолданысқа жарамсыз материалдарды кері қайтарып жатыр. Бұрын екі сағатта жөндейтін тесілген құбырды мамандар сол жерде кешке дейін жүреді. Оның да себебін зерттедік. Жұмысшылар тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Олар шұғыл жұмыс киімдерімен, жарық диодты шамдармен, құралдармен жарақтандырылды. Қазір кәсіпорын ауласындағы энергияны көп тұтынатын ескі шамдарды жарық диодтыларымен ауыстырып жатырмыз. Материалдар мен шикізат шығынын оңтайландыру – ай сайын 25 миллион теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Қаржы – шаруашылық жағдайды сауықтыруға бағытталған шараларды жүзеге асыру нәтижесінде кәсіпорын 9 айдың қорытындысын 3,5 миллион таза пайдамен аяқтады. – Міне, жыл аяқталуға да аз уақыт қалды. Жоспарланған жұмыстардың жүзеге асырылу барысы қалай? – Мекеме жыл сайын өз күшімен 10 шақырымнан астам құбыр жаңартады.Ағымдағы жылы 120 965 мың теңгенің күрделі жөндеу жұмысын жүргізу көзделген болатын. Бұл жұмыс толық атқарылды. Мекемеде мамандардың орташа айлық жалақысы 123 мың теңге. Ал республикамызда орташа айлық жалақы – 230 мың теңге. Кім жақсы жұмыс істесе, еңбегіне сай жалақы алуы тиіс. Келешекте тапқан таза табысымыздың есебінен үздіктерді ынталандыру көзделіп отыр.

Әңгімелескен Ақылжан Мамыт.