Жаңалықтар

Жерлестеріміз жеңісті қолдан бермеді

Жерлестеріміз жеңісті қолдан бермеді

Олар 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен көш бастады «Тараз-Арена» спорт кешенінде облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында тұңғыш Олимпиада чемпионы және әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровты еске алуға арналған ашық республикалық турнир мәресіне жетті. Үш күн бойы спорт сарайын думанға бөлеген жарыста он салмақ бойынша чемпиондар мен жүлдегерлер анықталды. Төрт жүзге жуық балуанның ішінен жүзден жүйріктер іріктелді. 45 кило салмақ дәрежесінде Алматы қаласынан келген Едіге Төлеутаев ақтөбелік Бекнұр Мұқанды финалда ұтып, чемпион атанды. Қызылордалық Шыңғысхан Әбдіхалықов пен батыс қазақстандық Ерәділ Нұрлыбайұлы қола жүлдені қанағат тұтты. 48 килода финалдық бәсекеде алматылық Ербол Ибрагим қырғыз елінен келген Бердібек Боогочиевтен айласын асырып кетті. Қола жүлде жолында жамбылдық Олжас Хаип алматылық Рауан Серікхановтен, тараздық Рахат Алтан Солтүстік Қазақстаннан келген Юсиф Әлиевтен басым түсті. 51 кило салмақта жерлесіміз, Сарыкемердегі Жақсылық Үшкемпіров атындағы №9 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Азамат Қошан жеңістің биік тұғырына көтерілді. Ол алтын медальға талас жолында Солтүстік Қазақстан облысынан келген Рауан Бекимовты қапы қалдырды. Жүлделі үшінші орындар алматылық Дәулет Көбентаев пен қостанайлық Расул Оспанның еншісінде. 55 килода бәсекенің финалында жерлесіміз Юсуф Ашрапов ақтөбелік Серікбол Әнуарбековтен шеберлігінің жоғары екенін дәлелдеді. Үшінші жүлделер үшін таласта түркістандық Сархан Жапаров Алматыдағы Қажымұхан Мұңайтпасов мектебінің өкілі Тарлан Сейітовты, Солтүстік Қазақстан облысынан келген Нарман Бекимов ақтөбелік Дамир Ибрашевты ұтты. 60 кило салмақта қостанайлық Алихан Дурсунов алтын тұғырға көтерілді. Ол шешуші белдесуде Шығыс Қазақстан облысынан келген Рауан Тұрысбекті ұтты. Бұл салмақта қырғыздың қос балуаны Эмирлон Дуйшоналиев пен Жанторо Мырзалиев қола жүлдеге қол жеткізді. 65 килодағы шешуші ойындарда тартысты өтті. Өкінішке қарай ақтөбелік Ақжан Ықыласов жерлесіміз Бағлан Бақтығұлды негізгі уақытына жеткізбей, айқын ұтып кетті. Шын мықтыға тұсау жоқ екен. Қола жүлде жолында қырғыз балуаны Құтман Темірбеков отандасымыз Нұрзат Кентайдан, Алматы облысының балуаны Нұрзат Дүйсемхан жерлесі Әсет Түнқатаровтан басым түсті. 71 кило салмақта қостанайлық Таир Амангелдіге қарсылас шақ келмеді. Ол финалда жерлесіміз Бейбарыс Шымырбектен шеберлігін асырды. Бұл салмақта қола жүлде тараздық Арыстан Алқадыр мен республикалық спорт колледжінің студенті Жанболат Бекенге бұйырды. 80 килода қырғыз балуаны Асан Жанышов «Шаңырақ» спорт мектебінің өкілі Бейбіт Қорғановты қапы қалдырды. Үшінші орын үшін таласта қостанайлық Санжар Сәбитов жамбылдық Нұрасыл Аманалыны, түркістандық Райымбек Тұрсын шымкенттік Камал Пашаевтан айласын асырды. 92 кило салмақта ақтөбелік Ерасыл Жиенғазин мықтылығын мойындатты. Ол финалда түркістандық Элчинбек Розокуловтан басым түссе, тәжікстандық Ансор Рахматзода мен қырғыз балуаны Нурболот Сыргабайулу қола жүлдеге қол жеткізді. 110 кило салмақтың финалында қырғыздың қос балуаны күресті. Нәтижесінде Рустам Садыков өз отандасы Бахрам Курбановтан айласын асырса, қола жүлдеге «Шаңырақ» спорт мектебінің өкілі Нұрислам Үсен мен қостанайлық Дмитрий Пасечник қол жеткізді. Осылайша, бұл турнирде жамбылдық жасөспірім балуандар 3 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдемен командалық есепте бірінші орыннан көрінді. Жарайсыңдар, жерлестер! Кім біледі, болашақ Олимпиада, әлем чемпиондары дәл осы жерлестеріміздің арасында да жүрген шығар?! Турнирдің марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек қатысып, чемпиондар мен жүлдегерлерге медаль, диплом және қаржылай сыйлықтар тапсырды.

Есет ДОСАЛЫ