- Advertisement -

Жамбылдық жеткіншектерге Pfizer екпесінің алғашқы дозасы салынды

40

- Advertisement -

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, өңірімізде 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді Pfizer вакцинасымен коронавирустық инфекцияға қарсы иммундау жүргізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілген болатын. Кеше 12-17 жас аралығындағы жеткіншектерге Тараз қалалық №5 емханада Комирнати (Pfizer) екпесінің алғашқы дозасын салу жұмыстары басталды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, енді өңірдегі 139 мың тұрғын бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес екпе алуы тиіс.

– Бұған дейін Pfizer вакцинасын егу жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру мен оқыту жұмыстары белсенді жүргізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен санэпидбақылау департаментінің мамандары мобильді топпен бірге Тараз қаласы мен аудандардағы медицина қызметкерлерін даярлау және оқу орындарының басшылары мен қызметкерлері, ата-аналар, жасөспірімдер мен антиваксерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көмек көрсетті. Өз келісімдеріне сәйкес, өңірдегі 139 мың тұрғын Pfizer вакцинасын алуы қажет. Қазіргі таңда біз ата-аналармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Себебі жасөспірімдерге екпе егу жұмыстары ата-аналарының келісімімен ғана жүзеге асады. Алдағы уақытта өңір бойынша 441 білім ошағындағы медициналық пункттерде вакцинациялау жұмыстары жүргізілетін болады, — деді Әсет Әскерұлы.

Өз кезегінде тараздық оқушылардың ата-аналары да вакцинацияны қолдап, өзгелердің тезірек иммунизациядан өтуге шақырды.

– Өз басым Pfizer вакцинасының алғашқы партиясының келгенін күтіп жүрдім. Міне, бүгін 10  және 8- сынып оқитын қызыммен ұлыма екпе алу үшін келдім. Өздеріңіз білетіндей, қазіргідей қиын кезеңде инфекциямен күресте бізге тек вакцина көмектеседі. Вирусты өзгелерге жұқтырмас үшін және балаларымызды қорғап, олардың мектепке алаңсыз баруы үшін вакцинациядан өткені дұрыс. Сондықтан, құрметті ата-аналар балаларыңыздың екпе алуына қарсы болмауларыңызды сұраймын, — деді Гүлшат Тілбаева есімді қала тұрғыны.

«Aq jol»-ақпарат.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support