Саясат

Кең далада ел жайлайды

Кең далада ел жайлайды

34Дәулетбай Есімбеков, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ филиалы Жамбыл жол бөлімшесінің директоры, «Құрметті теміржолшы», «Құрмет» орденінің иегері.

Елбасының Ұлытауда берген арнайы сұхбатының саяси да, экономикалық та, тарихи да мәні тереңде жатыр. Әулиебұлақ басындағы әңгіме ол кісінің ұлт туралы толғанысы деп бағалауға лайық. Экономика мәселелері, ел тарихы, тіл тағдыры, діни ахуал арқау болған сұхбат Президентіміздің нағыз ұлт перзенті екенін айшықтай түсті. Осы сапарында «Жезқазған-Бейнеу», «Арқалық-Шұбаркөл» темір жол магистралдарының тұсауын кескен Нұрсұлтан Әбішұлы бұл жолдардың аймақ үшін ғана емес, еліміз үшін стратегиялық маңызы жоғары екенін ерекше атап көрсетті. 32Жезқазған жерінде осы бір тарихи оқиға туралы «Жезқазғанның темір жол тұйығында тұрғаны бәрімізді әруақытта қинайтын еді. Кеңес Одағы кезінде барлық темір жол Ресейге қарай салынды. Ал көлденең жүретін, елді бір-бірімен қатыстыратын жол салынған жоқ. Ол Кеңес Одағының да, Ресейдің де ешқандай жоспарына кірмеді. Қазақстанды ешкім ойламады» деп өкініш білдіруі Елбасының нағыз ұлт жанашыры екенін аңғартады. Темір жол – экономиканың күретамыры. Тамырға қан жүгірмесе, іс ілгері баспақ емес. Қазақстанда халық шаруашылығы жүктері тасымалының басым бөлігі темір жолдың еншісінде. Ендеше Елбасының өкініш білдіретініндей бар. Өндірісті аймақта темір жол болмаса, даму қарқыны бәсеңдейтіні айтпаса да түсінікті. Бүгінгі Жезқазған өңірі сондай халде еді, енді жағдай жақсаратын болады. «Ал темір жол төрт облыстың (жаңа ашылған темір жол магистралі байланыстыратын аймақтарды айтып отыр. Автор.) бірнеше ауданына тіршілік нәрін береді. Темір жолдың бойынан жұмыс табылады. Жұмыс болғаннан кейін кенттер бой көтереді. Халық қоңданады, даламызды ел жайлайды. Экономикалық жағы өз алдына бір әңгіме», – деп темір жол бойында тіршілік қыза түсетініне сенім білдірген Елбасы. Осы сұхбатта тілді байыту туралы да тереңнен ой қозғайды. Ол халықаралық термин сөздерді аударудағы орашолақтықты орынды сынаған. Бұл біздің салаға да қатысты мәселе. Халыққа ұғынықты, ортақ түсінікке ие болған сөздерді аударғаннан не ұтамыз? Мысалы, паравоздың әдеби үлгідегі нұсқасын «отарба» деп жазды жазушыларымыз. Ал қазір болат жолдың бойында электровоздар көп қолданыста. Сонда оны «электрарба» деп атауымыз керек пе? Бұл тіпті де түсініксіз болып шығады. Мұндай термин сөздер барлық салада бар. Олар қолданыста бәріне де түсінікті. Сондықтан меніңше, халықаралық қауымдастыққа түсінікті, ортақ ұғымдағы термин сөздерді аударып арамтер болудан ештеңе ұтпаймыз. Президент айтқандай, олардың мағынасы бұлыңғыр болып шығады. Сөйтіп, жастарды жаңылыстырамыз. Бұл «бояушы, бояушы дегенге, сақалын бояптының» кері әрі-беріден соң. Елбасы сұхбатында ел үлгі алатындай, тілімізді дамытып, дінімізді нығайта түсетін, имандылыққа тәрбиелейтін тамаша ойлар айтылған. Біз күнделікті өмірде, ісімізде Елбасы ұстанымын басшылыққа алуымыз керек. Біз, Президенттің өзі айтқанындай, көп нәрсенің байыбына бармай жатып, тіл мәселесіне келгенде Елбасын кінәлағанға үйірміз. Ал сол мәселені шешудің түйіні өз қолымызда екенін ескере бермейміз. Президент дабыралатпай-ақ «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген жоқ па? Ендеше осы ұстанымда болуымыздың өзі-ақ жетіп жатыр ғой. Елбасы Ұлытауда берген сұхбатында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаудың, құрметтеудің, әрі қарай дамытудың даңғыл жолын көрсетіп, үлгі боларлық нұсқасын ұсынды. Ұлттың, мемлекеттің, мемлекеттік тілдің болашағы, діннің дін аман тұруы, бейбітшіліктің сақталуы өз қолымызда екенін аңғартты. Соны сөзбен емес, іс жүзінде жүзеге асыруымыз керек. «Басшы – біреу, қалғаны – тіреу» ұстанымымен Елбасының сара саясатын қолдауымыз керек. Сонда ғана Қазақстан жарқын болашаққа жасампаз қадаммен нық баса бермек. Президент Н. Назарбаевтың Ұлытауда берген сұхбатында ұстанымға лайықты ұлағатты сөздер айтылды. Ол сөздер – мемлекет болашағын, ұлт болашағын болжаған сөздер.