Қазақстандықтардың 42,5%-ы халық санағынан онлайн форматта өткен

30

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов ұлттық халық санағының аяқталуы туралы баяндады. Өз сөзінің басында Н. Айдапкелов халық санағын ұйымдастыруға және өткізуге белсенді қатысқаны үшін арнайы комиссия мүшелерінің, орталық мемлекеттік органдар мен өңірлер әкімдіктерінің жұмысын атап өтті.

«Санақ ел тұрғындарының барлық санаттарын қамтыды. Онлайн сауалнамадан халықтың 42,5%-ы өтті, ал жаппай аралап шығу арқылы санақпен 57,5% адам қамтылды», — деді Ұлттық статистика бюросының басшысы. Ол сондай-ақ ел тұрғындарының онлайн форматтағы халық санағынан өтуге белсене қатысқанын атап өтті. Бұл көрсеткіш онлайн форматта санақтан өтудің орташа еуропалық көрсеткішіне жақындаған.

Халық санағына 25 мыңға жуық санақ персоналы, сондай-ақ аумақтық бөлімшелердің және Бюроның орталық аппаратының қызметкерлері тартылды.

Ел тұрғындарының көптеген сұрауы бойынша онлайн санақтан өту мерзімі санақ аяқталғанға дейін ұзартылды.

Халық санағын өткізудің ұйымдастырушылық және ағымдағы проблемалық мәселелерін республикалық деңгейде арнайы комиссия шешті.  Осындай өңірлік комиссияларды облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, ал аудандық деңгейде аудан әкімдері басқарды. Санақты өткізу мәселелері апта сайын Үкіметтің, Үкіметтің цифрлық офисінің және Арнайы комиссияның отырыстарында қаралып отырды.

Халықты ақпараттандырудың барлық арналары бойынша ұлттық санақты жария ету бойынша ауқымды бұқаралық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүкіл ел бойынша 3 500-ден астам халық санағын өткізуге арналған арнайы пункттер жұмыс істеді. 1446 нөмірі бойынша арнайы call-орталығы тәулік бойы жұмыс істеді.

Ел тұрғындарынан 500 мыңнан астам өтініш түсті. Респонденттерге 25 млн астам SMS-хабарлама жіберілді. «Бюроның атына ұлттық халық санағының аяқталуына байланысты халықаралық ұйымдардан құттықтаулар келіп түсуде. Бұл ЮНФПА (БҰҰ-ның Тұрғын халықтың қоныстануы саласындағы қоры), БҰҰ БЖКБ (Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссардың басқармасы), БҰҰДБ, SESRIK (Ислам ынтымақтастығы ұйымы) және ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитеті. Құттықтауларда жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық жұмыс, сондай-ақ еліміздің онлайн сауалнама жүргізудегі табысты тәжірибесі туралы айтылған», — деді Н. Айдапкелов.

Бюро алынған деректерді өңдеуге кірісті және алдын ала деректерді ағымдағы жылдың желтоқсан айында ұсынуды жоспарлап отыр. Іс-шаралар жоспарына сәйкес санақтың қысқаша қорытындысы 2022 жылдың ортасына жоспарланған және 2023 жылдың 1-тоқсанында санақтың толық қорытындысын жариялау жоспарланған.

Дереккөз: primeminister.kz

Comments are closed.