Денсаулық

Жамбылда түзеу мекемелерінде «Жасақ бастығының аптасы» өтті

Жамбылда түзеу мекемелерінде «Жасақ бастығының аптасы» өтті

Жамбылда өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы әділет полковнигі Нияз Рыспаевтың бастамасымен түзеу мекелерінде «Жасақ бастығының аптасы» жарияланды. Осыған орай, ЖД-158/4 мекемесі бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары әділет майоры Әлібек Алдыяров мекемеде тәрбие бөлімінің қызметкерлері және колледж мұғалімдерінің қатысуымен арнайы жиын өткізді. Жиын барысында Әлібек Шәмілұлы арнайы контингент арасында тәрбие жұмыстарын жүргізуді қайта пысықтап, олардың түзелу жолына түсуі үшін бұдан әрі барлық бағыттағы жұмысты белсендіру қажеттігін баса айтты. Жалпы, «Жасақ бастығының аптасында» қатаң режимдегі түзеу мекемесінде 5 рет жасақ тәрбиешілер кеңесінің отырысы ұйымдастырылды. Онда сотталғандарды мадақтауға, жазалауға, мінез-құлық дәрежелерін анықтау және шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу үшін сотқа қолдаухат жазған сотталғандар талқыға түсті. Бұдан бөлек бір рет мекеме әкімшілігінің комиссиясы өткізілді. Аталған комиссияда сотталғандардың мінез-құлық дәрежелері және ұстау жағдайлары қарастырды. Сонымен қатар, мекеменің психолог қызметкерлері 2 рет тренинг ұйымдастырып, сотталғандардың жеке тұлғасының оң жолды таңдауына ықпал етті. «Жасақ бастығының аптасында» сотталғандарға облыстық кино орталығының қызметкерлерінің көмегімен экстремизм және терроризм туралы «Сағым» атты кино көрсетілді. Сондай-ақ, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері сотталғандардың назарына «Тағдыр тәлкегі» атты драмасы ұсынды. Қорыта айтқанда, «Жасақ бастығының аптасында» 15 сотталған азаматқа мадақтау шарасы жарияланса, 6 жазасын өтеушіге жазалау шарасы қолданылды. Мекеме басшылығы жасақтардың санитарлық жағдайы бойынша конкурс жариялады. Нәтижесінде №10 жасақ сотталғандары конкурстан үздік деп танылып, бірінші орынға ие болды. Апта қорытындысына сәйкес, мекеменің жасақ бастықтары жасақтар арасынан құралған командалар арасында спорттық іс-шаралардан жарыстар ұйымдастырылды. Спорттық іс-шарадан бірінші орынға ие болған командаға теледидар сыйға берілді.

Әбдуғани Құдайқұлов, ЖД-158/4 мекемесінің сотталғандар арасында тәрбие бөлімінің бастығы әділет капитаны