- Advertisement -

Көрген-баққан

142

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Қадіріңді жақын емес, жат білген қазақпыз ғой.

***

Алланың берген мүмкіндігін айналаңдағы адамдардың өзі шектеп отырады. Оған өзің де жәрдем беріп жатсаң…  Сүріне қою қиын ба?

***

Бұрын да сөз бен желді көтере алмайтын ем. Қазірде жан-жағым түгел сквозняк!

***

Атақ өз-өзіңді қорғау үшін керек. Дарынсыздардан, қоғам қатыгездігінен, қырттардан, жуликтерден.

***

Шетелден шақыру көп түсіп жатады. Шығармашылыққа байланысты ғой. Мысалы, Жаңа Зеландия әңгімелер жинағымды шығарыпты. Қалай бармайсың? Қашатын қыз құсап қол сөмкемді қамдап қай кезде де әзір отыратыным сондықтан.

***

Мен санамнан қызғаныштың қызыл итін өлтіріп тастағанмын. Жақсының неге нұрын тасытып отырмасқа?

***

Бұл заманда өтірік –  сұлу қыз сияқты. Сиқырлап алып кетеді. Шындық – ғасыр жасаған кәрі кейуана. Бетінің ажары жоқ. Ажары жоқ нәрсеге кімнің көңілі аусын?

***

Қалта байлықты қойшы, тәйірі. Жақсы шығарма тұрмақ кей күні әдемі, тың сөйлем жазсам ең үлкен байлығым сол. Мысалы, «Мектептің кішкентай жез қоңырауы баланың даусымен жылады»,  «Шарбы бұлтың арасынан түскен ақ қоян сәуле секектеп жүгіріп байыз табар емес», «Темекіні омырау сорғандай еміп тартады. Жастай жетім қалғаны рас шығар» «Сұлу қыздың қима қасы қабағының үстінде қонып-ұшып жүр» Мұндай сөйлемдер көп қой. Аз байлық па?

***

 «Жүз қызға ғашық болдым мен» деген Расул ағам. Балалық шақта, желкілдеген жігіт кезде әдемі қыздарға қызыққан да шығармыз. Құмартқан болармыз. Бұйырмаған ас екен. Атын атап, түсін түстеп қайтеміз. Алды әже болған шығар. Қызды біреу табады, қызығын біреу көреді. Жалғыз ұлым Ермерейге «Жүз қызбен жүр, жүз біріншіге үйлен» дейтінім бар. «Ақылының  түрін. Өзің сондай болғансың», – деп шешесі ойбайлайды. Қайтейін. Өзің жетпегенге балаң жетсе екен деп тұрасың ғой…

***

Қатты бай болудан қорқамын. Ештеңеге таңырқамай, үміттенбей, қуанбай қалам ғой деп. Адам өмірін кішкентай-кішкентай қуаныштар құрайды. Қуанышыңды ұрлайтын байлық неге керек?!

***

Өмір сүргім келмейді. Тап осы сәт Аллекем ақ мылтығын кезесе, «атқан қолдан айналдым» дер едім.

***

Түн еді. Жалғызбын. Аз-кем қорқыныш бар. Жыңғылдың қу бұтағын теріп от жақтым. Лаулап жанды. Жалыны тарам-тарам боп аспанға көтерілді. Биіктеген сайын басы сарғыш тартып, желмен билеп жығылады. Алыстан әлдекімдерді жанталасып шақырып жатқан қол сияқты.

***

Көбіміз дос пен жолдасты айыра алмай жатамыз. Жолдас жолда кездеседі, сол жолда айырылысады. Ал дос – ақыреттік ұғым. Бірлі-жарым досым бар шығар. Ал, дұшпан ше? Ол айналайындарға да қарыздармын. Әйтпесе етек-жеңімді жинамай, ауа жайылып кетер ем.

***

Маяковскийдің өлімі… Жұмбақ әрі құпия. Атақ-даңқы асып тұрғанда өзін-өзі атты. Сан жылдарға созылған тергеу-тексеру бұл жұмбақтың шешуін таба алмады. Жақында М.Цветаеваның естелігін оқып отырып қайран қалдым. «12 жыл бойы Маяковский ақынды өлтірді. 13-жылы ақын оянды да Маяковскийді өлтірді» – депті. Осыдан артық қандай дәлел, тергеу құпиясының шешімі керек! Ақын адасқанын білді. Есіл талантын есерсоқ идея мен идеалдарға қор еткесін өзін-өзін кешіре алмады. Ғұмырлық азаптан оқ ғана құтқарды.

Біздің елде де… Жарапазаншыл топтың ұрпағы әлі күнге әуезе әнін қоймай шырқап келеді. Ұлылы-кішілі топ. Үлкен хор. Тыңдаған құлақта жазық бар ма? Кесіп тастамайсың ғой.

Бір күні М.Цветаеева айтқандай ақын, жазушы оянып кетсе ше?.. Иә, ішіңізде жатқан! Өз қолыңмен бұқтырып, бұғаулап отырған.

Әй, бұ қазаққа оқтан гөрі дүние-боқ қымбат қой!

***

Осы неменің ақылы мен тақымы қатар шауып жүр. Түбі қайсысы озып кетерін кім білсін?!

***

Ауылға бардым. Қора ішінде бір кейуана суалып кеткен сиырын: – Базардан барып бағаңды тапқыр, – деп қарғап жатты.

Базар мен саудаға әбден бауыр басып болған екенбіз.

***

Жорға торғайдай бүгежектеп жүріп осы біреу ылғи алдымды кеседі. Күлем де қоямын. Басқалай не істеуге болады?

***

Теледидардан бір шал жағын сауып, жыр айтып отыр.

Біріншіде не жаман…

Екіншіде не жаман…

Үшіншіде не жаман…

– Қойшы, көке, – дейсің. – Енді өз еркіммен өмір сүрейін. Босатшы… Өз моралім өзіме жетеді.

***

Жаңа ашылған мешіттің имамына: – Молданың аузында – Алланың аузы бар. Халықтың берген зекеті мен пітірін адал қолмен ал. Аузыңа арам сөз түсіп кетпесін, – дедім.

***

Құтылғанмен «застойдан»,

Құтылмадық  ас-тойдан.

***

Орал қаласында жындыхананың төбесіне «Қазақстанның болашағы – біздің қолымызда» деген ұран жазып қойыпты. Білместікпен әлдекімнің істеген ісі шығар. Десе де, не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің.

***

Арқада өскен бозқурай,

Басына қонған бозторғай,

Орыстан барып мал алған,

Қырғыздан барып жан алған,

Кенесары, Наурызбай,

Ах!..

Қарындасы Қалипаның жоқтауы. Мәделі қожаның тоқалы.

***

Көптен сеніп жүрген ақ жағалы ағамыз бар еді… Жағасын кірлеп алды.

***

Несіпбек ағам (Дәутаев) әңгіме айтып отыр. – Қазақтың бір сауы жоқ, бәрі ақын, бәрі ауру, – деп. Қосыла күлдік.

***

Қай істі тапсырсаңда «Қанттай ғып қоям» – деп жүгіреді. Сендірмейді, сенбейсің де.

***

Біреу итін өтірік айтақтап, әбден ығыр етсе керек. Қойына қасқыр шауып, айтақтаса аттап баспайды дейді. Сонда әлгі – Олла-билла айтақ, – деп айқайлайтын көрінеді.

…Айтақ көбейген заман ғой. Қайсысына шаба берерсің.

***

Қызметім бар кезде қасымнан шықпайтын бір ініме – Қиын екен жақсы иттің жоғалғаны, – деп СМС жаздым.

 

Рахымжан ОТАРБАЕВ,

жазушы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support