- Advertisement -

«Aq jol»-дың араласуымен шешілген мәселе

79

- Advertisement -

Уақыттан ұшқыр ешнәрсе жоқ. Облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Aq jol» газетінің жарық көріп келе жатқанына енді бірер айдан кейін 100 жыл толады.

Әлбетте, бұл тарих үшін көп уақыт емес. Өңірдің тынысы мен шежіресін тынбай жазып келе жатқан басылым осы мерзімде ел игілігі үшін орасан іс тындырып келеді. Ғасырға жуық уақытта оның назарынан облыс көлеміндегі жылт еткен жаңалық, жақсы істер, қоғамға қайшы әрекеттер, астамсып, даңдайсып кеткен басшылар да тыс қалған емес. «Aq jol»-дың араласуымен небір даулы және түйінді мәселелер дұрыс шешіліп, әділеттілік қайта орнады. Басылым қоғамда жаппай белең алып жатқан келеңсіздіктердің алдын алу және тосқауыл қоюда да көптеген өткір де өзекті мақалалар жариялады. Сондай дүниелердің бірі – 1999 жылдың 28 сәуірінде жарияланған «Үйіндіге айналған ғимараттар» атты проблемалық мақала.

Бұрынғы Одақ күйреген соң елімізде нысандарды жекешелендіру, мемлекет иелігінен алу үрдісі басталды. Бұл бағытта арнайы заңдар шығарылып, жекешелендіруді үш кезеңде жүргізу белгіленді. Мұның өзі еліміздің экономикасын өркендетудегі қуатты тегершіктерді іске қосуы әрі бюджетті толықтырудың бір көзі болуы тиіс еді. Облыста сатып алған нысандарын өз мүмкіндіктеріне қарай кеңейтіп, ел игілігі үшін еңселі тірлік тындырғандар аз болған жоқ. Өкінішке қарай, аукциондарда небір іргелі де еңселі, қалдық бағасының өзі бірнеше миллион теңге нысандарды небәрі ондаған мың теңгеге сатып алып, оған талай жыл қол тигізбейтін немесе ол ғимаратты іргетасына дейін бұзып, құрылыс материалдары үшін сатып жіберетіндер де көбейді. Соның салдарынан қалада да, далада да көптеген әлеуметтік нысандардың орнында іргетасы да қалмады. Бұған көздері ашық, көкірегі ояу азаматтардың жандары ауырмағандары сирек. 1999 жылы «Aq jol»-дың сол кездегі бас редакторы Әлдихан Қалдыбаев шақырып алып, жекешелендірудегі асыра сілтеушіліктер, оның зардаптары туралы сын мақала жазуға тапсырма берді.

Бал аралары бір килограмм бал жасау үшін 120 миллион гүлге қонып, шырынын жинайды екен. Журналист те бал арасына ұқсас. Кейде бір мақала жазу үшін ондаған мекемелердің есігін тоздырып, көптеген адамдармен сөйлесуге тура келеді. Талдау әрі сараптау мақаланы жазу үшін көптеген лауазымды тұлғаларға және тұрғындарға жолығып, әңгімелестік. Нәтижесінде «Үйіндіге айналған ғимараттар» деген мақала жарық көрді. Онда қаржысы бар бірқатар азаматтардың аукциондарға қатысып, өзіне қажетті нысандарды табыс табу үшін сатып алатыны сын тезіне алынды. Жекешелендіруге қатысты заңдардың жан-жақты ойластырылып жасалмауынан, әлсіздігінен сол заңдарды жүзеге асырушы лауазымды тұлғалардың әділдік пен табандылық таныта алмауынан, қалада да, далада да ондаған әлеуметтік жеке өндірістік ғимараттар талқандалып, құрылыс материалдары үшін арзанға сатылып кеткені туралы нақты деректер келтірілді. Бірқатар азаматтар аукциондарда бірнеше нысанды сенімді басқаруға алып, келісімшарттағы бағдарын сақтамаған. Мақалада ондай азаматтардың аты аталып, түсі түстеліп жазылды.

Проблемалық мақала жарық көргеннен кейін мен отырған кабинетке жасы қырықтан асқан ұзын бойлы азамат кіріп келді. Қолында 1999 жылдың 28 сәуірінде шыққан облыстық «Aq jol» газеті. Өзі сыналған мақаланы көрсетіп, «мынаны сен жаздың ба?» деді ызадан жарылып кетердей. Мен «иә» дедім. Ол бірден айғайға басып, «енді тірі жүрмейсің, бала!» – деді бопсалап. Мұндайлардың талайын көріп жүргендіктен «өтірік жазсам, жала жапсам, сотқа бер» дедім. Келуші аузына түскен сөзін айтып кетіп қалды.

Мақала үлкен қоғамдық қозғау туғызды. Бұл мәселе арнайы облыстық әкімдікте қаралды. Сөйтіп тиісті мекемелерге орын алып жатқан бұзушылықтардың жолын кесу, тосқауыл қою туралы қатаң талап қойылды. Осыдан кейін кәсіпкерлер, басқа да азаматтар жекешелендірген ғимараттарын қиратып, құрылыс материалдарына айналдырудан аяқтарын тарта бастады. «Aq jol» ғасырлық тарихында билік пен бұқара арасында алтын көпір болып, қоғамдағы осындай қаншама жағымсыз әрекеттерді әшкереледі десеңізші…

Ақылжан МАМЫТ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support