- Advertisement -

Таластың тірлігі тастай

103

- Advertisement -

Талас өңірінде толайым табыстар легі толастаған емес. Ауданның экономикалық көрсеткіштері жылдан-жылға жақсарып, әлеуметтің әлеуеті де артуда. Жақсы істердің жалғасы ретінде күні кеше Қаратау қаласында жаңа саябақ ел  игілігіне беріліп, Үшарал ауылында дүбірлі думан ұйымдастырылды.

Көріктілігі көз тартатын саябақ

 Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай Қаратау қаласындағы 3-мөлтек ауданда «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» саябағы пайдалануға берілді.

Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова, «Қазфосфат» ЖШС-ның Бас директоры Нұрхан Нұрланов және қала тұрғындары қатысты.

Сөз кезегін бастаған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев бір кездері сәні кеткен Қаратаудың жыл өткен сайын түлеп, жасарып келе жатқанын, мұндай игілікті істер әлі де жалғасын таба беретінін жеткізді.

–«Қазфосфат» ЖШС-ның демеушілігімен салынған мына саябақтың құны 80 миллион теңгені құрайды. 1,15 гектар жерді алып жатыр.Саябақ алаңында брусчаткалар мен рәзіңке жабыңқылар төселіп, талапқа сай орындықтар, жарық бағаналары, балаларға арналған әткеншектер мен кіші футбол, баскетбол спорт алаңдары орналасқан.

Осы саябақтың құрылысын аяғына дейін жеткізген мердігер «Diveev» ЖШС-іне сіздердің аттарыңыздан алғыс айтуға рұқсат етіңіздер, – деп, облыс экономикасының жылдан-жылға дамып, тұрғындар әл-ауқатының көтеріліп келе жатқанына тоқталған Бердібек Машбекұлы келешекте тағы да қосымша фосфор өңдеу зауыты соғылып, онда 300 жұмыс орны ашылатынын, ал зауыт жылына 1 миллион тонна өнім өндіретінін де жеткізді.

Келесі кезекте  «Қазфосфат» ЖШС-ның Бас директоры Нұрхан Нұрланов:   – Бүгін Қаратау қаласының тұрғындары қуанышты сәттің куәсі болып отыр. Ашылғалы отырған саябаққа біздің компания да өз қолтаңбасын қалдырды. Алдағы уақытта бұл қаланы дамытуға арналған бірқатар жобалар қолға алынбақ, – деп, ізгі тілегін білдірді.

Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Қазфосфат» ЖШС-ның ардагері Жұмабек Әсемов те мына саябақтың қала ажарын ашып тұрғанын, енді ата-аналар балаларын ойын алаңдарында ойнатып, өздері осында демалатынын айтып, саябақты таза ұстап, оны одан әрі абаттандыруға үлес қосуы керектігін де түсіндіріп өтті.

Құттықтау сөздерден кейін осы саябақтың жұмысына белсене араласып, оның өз мерзімінде аяқталуына үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Саябақтың алқызыл лентасын Нұрхан Нұрланұлы мен Жұмабек Әсемов қиып, келген қонақтар ажары ашылған аумақты аралап көрді.  Спорт алаңдарындағы балаларға доптар үлестіріліп, жиын соңы  Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Үшаралдағы думан

28 жасында Социалистік Еңбек Ері атанып, «Талас» асыл тұқымды қой зауытын үздіксіз 28 жыл басқарған, жетпіс бес-сексен мыңға жуық қой өргізген, Кеңестер Одағына мәшһүр, республикаға танымал, облыста аты аңызға айналған Әбдір Сағынтаевтың өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі, өнеге.

Міне, осы бітім-болмысы бөлек, зерделі ғұмыр кешкен Әбекеңнің Үшарал ауылында 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шара кең көлемде өтті.

Екі күнге созылған айтулы жиынның алғашқы күні 24 команда қатысқан кіші футболдан және 14 команданың басын қосқан волейболдан облыстық жарыс өтіп, Ұлбике атындағы мәдениет орталығы мен ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасын жиналған көпшілік тамсана тамашалады.

Жиынның екінші күні ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, жұртшылық ауылдың мәдениет үйіне жиналды. Осынау айтулы іс-шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков, Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, ақын Қайырбек Асанов және басқа да елімізге танымал азаматтар болды.

Сахна төрінде Әбдір Сағынтаевтың өмір жолын бейнелейтін слайд көрсетіліп, Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы әртістерінің Әбдір аға жөнінде арнайы дайындаған қойылымы тамашаланып, алғашқы сөз кезегі облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевқа берілді:

– Өзін өмірге алып келген дәуірдің жүгін елім деп емірене жүріп сүйреген нағыз тұлға, Талас ауданының, облысымыздың республикамыз бен КСРО деген алып империяның тарихында өзіндік орны бар, Үшарал ауылындағы ғылыми-өндірістік тұрғыда танылған көк қаракөл елтірісінің таластық типімен әлемге әйгілі болған,  «Талас» асыл тұқымды мал зауытын тапжылмай 28 жыл басқарған, Социалистік Еңбек Ері, үш мәрте Ленин орденінің  «Қызыл жұлдыз», «Еңбек қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен бірнеше медальдардың иегері, VI-шы  шақырылымдағы СССР Жоғарғы Советінің депутаты, КПСС XXIII съезінің делегаты, өз ауылының жанашыры Әбдір Сағынтаев  ағамыз  туралы көп айтуға болады, – деген өңір басшысы осының бәрі тынымсыз еңбектің арқасында келіп отырғанын, нар тұлғаның жүріп өткен жолы кейінгі жас ұрпаққа үлгі болатынын айтып өтті.

Одан әрі Бердібек Машбекұлы осындай аты аңызға айналған жерлесін ардақтап, ауылы оның 100 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізіп жатқанын үшаралдықтарға ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде Батырбек Құлекеев пен Қаржаубай Әбдірұлы да Әбекеңнің өмір жолына шолу жасап, өнегелі істерінен мағлұмат берді.

Келесі кезекте Бердібек Машбекұлы шағын футболдан жеңімпаз атанған Байзақ ауданы командасында 300 000 теңгенің сертификаты мен кубогын, 2-орынға көтерілген «Қазфосфат» командасына 200 000 теңгенің сертификатын, 3-орынға  табан тіреген Бостандық ауылы командасына 100 000 теңгенің сертификатын табыстады.

Сондай-ақ волейболдан 1-орынды қанжығасына байлаған Тараз қаласының құрама командасына,  2-орынды иемденген Үшарал ауылы командасына және 3- орынмен қанағаттанған Қызыләуіт ауылы командасына да жоғарыдағыдай сомадағы сертификаттар мен кубоктар табыс етілді.

Жиыннан соң Әбдір ағамыздың аруағына арнап дастарқан жайылып, құран бағышталды.

Бұл күні Түркістан және өз облысымыздың аудандарынан жиналған көкпаршыларға салым беріп, көкпар додасы да қызып жатты.

 

Қамысбай Сауқымов,

журналист.

 Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support