Саясат

Құрбан шалу – сараңдық пен дүниеге деген құлдықтан құтқарады

Құрбан шалу – сараңдық пен дүниеге деген құлдықтан құтқарады

31– Жақында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бас болып «Дін мен дәстүр» атты жинақты оқырманымен қауыштырды. Бұл бағыттағы жұмыстарыңыз қалай жүріп жатыр? – Расы керек, сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жоққа шығарып, оны шариғатқа қайшы деп жүргендер арамыздан табылып қалады. Мұның себебі – діни сауаттылығымыздың әлсіздігінде жатыр. Осындай адасып жүрген жандарға Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы бас болып, дін мен дәстүр сабақтастығын ұсынды. Бұл жинақ осы тақырыпта талас тудырып жүргендерге жауап бере алатын еңбек. Ұлтымыздың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын шариғатпен ұштастыра білген. Біз де өз кезегімізде бұл бастамаға қолдау білдіріп, ораза-айттарымызды, көптеген іс-шараларымызды осы дін мен дәстүрді сабақтастыра отырып өткіздік. Құрбан айтты да биыл тұңғыш рет мерекелік іс-шара ретінде өткізгелі отырмыз. Мешітіміздің алдында сахналық қойылымдар көрсетіледі, тәрбиелік мәні зор дәстүрлі әндер, термелер айтылады. Балаларға тәттілер ұсынылады. Оның ішінде ұлттық ойындарымызға жататын арқан тарту, қазақша күрес ойындары да ойнатылады. Айттың алғашқы күні, айт намазы оқылып болғаннан кейін, құрбандықтар шалына бастаған сәтте жұртшылыққа осындай мерекелік шара ұсынбақпыз. Дәл осы күні он жүргіншілер көлігінде қала тұрғындары мен қонақтары тегін жүре алатын болады. – Қасиетті Құрбан Айт – исі мұсылман үшін үлкен мереке. Шамасы келген кісі құрбандық шалуы керек. Жалпы құрбандық шалудың негізгі сауаптары қандай? – Құрбандық шалудың сауабын сұраған сахабаға Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Құрбанның әрбір қылы үшін бір сауап бар» деп жауап берген. Құрбан шалудың әлеуметтік тұрғыдан да бірқатар пайдалары бар. Атап айтсақ, құрбандық шалу – қоғамда бауырластық, өзгеге көмек беру, жанқиярлық және ынтымақтастық сынды жақсы қасиеттердің пайда болуына және одан ары нығая түсуіне ықпал етеді. Сондай-ақ, қоғамда әділеттіліктің күшеюіне өзіндік септігін тигізеді. Әлеуметтік топтар арасындағы белгілі бір алшақтықтың жойылуына және әр түрлі деңгейдегі адамдардың бір-бірінің жағдайын білісіп, тұрмыс-тіршілігін жақыннан тануға және етене араласуына едәуір ықпал етеді. Құрбандық дәулетті кісіні мал-мүлкін Аллаһтың разылығына бөлену үшін беруге үйретеді. Қол ұшын созып, көмектесуге ынталандырады және өзгеге жәрдем беруден алған рахат сезімін ар-ұжданымен сезіндіреді. Осылайша, оны сараңдық дертінен, дүниелік мал-мүлікке деген тәуелділіктен құтқарады. Тағы бір айта кетер жайт, халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруына қарамастан, біздің қоғамда қамқорлыққа зәру, баса көңіл аударуды қажет ететін азаматтар бар. Әлеуметтік осал топтардың қатарында өзін қамтамасыз ете алмайтын мүгедектер, көпбалалы аналар, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар, жалғыз басты еңбекке жарамсыз азаматтар мен жетім және мүмкіндігі шектеулі балалар жеткілікті. Қоғамның осындай мүшелеріне көмек қолын созуды Һибатулла Тарази орталық мешіті дәстүрге айналдырған. – «Қайырымды жүрек қартаймайды» дейтін қазақтың бұл мәселеде белсенділігі қандай? Қоғамымыз қайырымды азаматтарға бай дей алар ма едіңіз? – Әрине, бай. Жылда құрбан шалуға асығатын адамдар көп. Біз де олардың ұсынған құрбандықтарын, басқа да заттай дүниелерін облыстық жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп дайындалған тізім бойынша, мұқтаж жандарға таратып отырамыз. Жалпы мейірімді, жан жылуы мол адамды қайырымды адам дейміз. Әрбір адам өз ұрпағына дәл осылай қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. «Жайылымын тапса, мал семіреді, жақсылық жасаса, жан семіреді» дейді ғой атам қазақ. Бір хадисте: «Берілген садақалардың ең абзалы – деніңнің сауында, өміріңнің алда екенінен, әлі ұзақ өмір сүретініңе үміттене тұра бергенің. Сен садақаны жаның алқымыңа келіп, ажал тақаған сәтке қалдырма. Өйткені, ондай кезде сен пәлен нәрсем пәленшеге, түген нәрсем түгеншеге дей бастайсың. Алайда, ол уақытта айтпасаң да, заттарың басқалардыкі болып қойған» деген. Мал-мүлік адамға сақтау үшін емес, жұмсау үшін берілген. Мұқтаждықтан артығы қайырымдылыққа жұмсалуы қажет. Пайғамбарымыз (с.а.с) хадис шәрифінде: «Оң қолыңмен бергеніңді, сол қолың көрмесін» десе және бір хадисте: «Сараң адам тақуа болса да жәннатқа кіре алмайды» деген. Осы жалған өмірде қандай да бір игілікті, қайырымды істеріміздің сыйы Алла тағаланың жәннәті екенін жадымыздан шығармай, соған амал етуге жазсын. Алла тағала осындай сауапқа ұмтылуды баршамызға нәсіп етсін! Әмин! – Әумин, әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».