- Advertisement -

Зиялы қауымның келелі кеңесі қашанда керек

141

- Advertisement -

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне жаңадан кіріскен Алмас Садубаев өңіріміздегі зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Ол  киелі Әулиеата топырағында туған танымал тұлғалардың, қадірлі қариялардың, ақын-жазушылардың,  журналистердің  облысымыздың  дамуына, руханият саласына  ерекше үлес қосып отырғанын,  мұндай жүздесулердің берері көп екенін айта келе,  бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды. 

«Биыл ең қастерлі мерекеміз, басты байлығымыз еліміздің Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Бұл бағыттағы іс-шараларға өздеріңіз де белсене қатысады деп сенемін. Сол секілді биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың 75 жылдығы да  жоғары деңгейде аталып өтілуі қажет. Бұл бағытта облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен өңірде бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Біздің саланың жұмысы өздеріңізге бұрыннан етене таныс. Сондықтан, сіздермен кездесіп, келелі  ой- пікірлеріңізді, ұсыныс-тілектеріңізді  тыңдағым келді», – деді Алмас Қадырбекұлы.

Мұнан соң жазушы,  облыстың Құрметті азаматы Елен Әлімжан, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова сөз сөйлеп, ел Тәуелсіздігінің отыз жылдық мерекесіне орай атқарылып жатқан жұмыстарға көңілдері толатынын айрықша атап көрсетті. Сонымен қатар өңірдегі руханият, ардагерлер кеңесі, жастар тәрбиесіне қатысты мәселелерге ерекше тоқталды.  Жиында ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, журналистика саласының ардагері Бекет Момынқұл, белгілі журналист Ғалым Қасабай да сөз алып, қоғамдағы келелі мәселелер туралы кесек-кесек ой қозғады. Ақсақалдар басқарманың жаңа басшысының жұмысына сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.

Жиынды А.Садубаев қорытындылап, облыс әкімінің тапсырмасына орай, алдағы уақытта да көптеген бағыттар бойынша зиялы қауыммен кеңесе отырып, бірге атқарар шаруаның аз емес екенін айтып,  ақжарма тілегі мен ақ батасы үшін алдыңғы буынға   алғыс білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support