Қордайда 196 отбасы қоныс тойын тойламақ

14

Былтыр құрылыс алаңына айналған Қордай ауданындағы қарқын биыл да өз жалғасын табуда. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердің саны артып, шағын аудандарға көрік бере түскен. Солардың бірі – «Батыс» шағын ауданы. Бүгінгі таңда онда талай жыл пәтер кезегінде тұрғандар үй-жайлы болып, баспана бақытын сезінуде.

Мемлекет басшысының пәрменімен басталған аудандағы алып құрылыс талай адамды баспана қуанышына бөлегені анық. Қазіргі таңда өзінше шағын аудан болып, ауласындағы алаңшаларда балалар шулап, ересектер жұмыстан кейін бір сәт дем алып отыратын арнайы орындары бар бұл тұрғын үйлерде қоныс тепкен жандардың мемлекет, облыс, аудан басшылығына айтар алғыстары шексіз.

– Көпбалалы ана ретінде кезекке тұрғаныма біраз жылдың жүзі болған еді. Жақсылықтан күдер үзбедік. Пәтер жалдап, өзгенің үйін паналап жүру әсіресе көпбалалы отбасы үшін оңай емес. Үмітіміз ақталып, осы үйден пәтер алдық. Балалардың қуанышында шек жоқ. Мұнда лайықты өмір сүру үшін барлығы жасалған. Үйімізге аурухана, мектеп жақын орналасқан, сонымен қатар, орталыққа да тиіп тұр. Президентімізге, облыс басшылығына, аудан әкімдігіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әсіресе үй аларда құжаттарымызды реттеп, оны заңды етіп рәсімделуіне үлкен көмек көрсеткен аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарына рахметімізді айтамыз, – дейді «Алтын алқа» иегері Рашида Сатыбалдиева.

Пәтер кезегінде тұрғандардың санын азайту мақсатында аудан бойынша көпқабатты тұрғын үй құрылысын 2023 жылға дейін дамыту картасы әзірленіп, бекітілген. Онда Қордай ауылында 22 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Ондағы  пәтер саны 1270 пәтерді құрайды. Бұл пәтерлерді  аудан бойынша екі шағын аудан мен екі көше бойында салынатын көпқабатты тұрғын үйлерден беру көзделген.  Атап айтсақ, «Батыс» шағын ауданында 18 (1070 пәтер), Жібек жолы көшесінде 2 (120 пәтер), «Цемент зауыт» шағын ауданындағы Орталық көшесінде 2 көпқабатты (80 пәтер) тұрғын үйі салынбақ.

Биыл ауданда 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның ішінде бір тұрғын үй құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы, 4 үй «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда.

Бұдан бөлек, Қордай ауылында 4 көпқабатты тұрғын үй және Гвардейск қалашығында бір төрт қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Аталмыш құрылыстар аяқталғанда ағымдағы жылдың қорытындысымен 196 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Жандос ОМАРОВ,

журналист.

 Қордай ауданы.

Comments are closed.