- Advertisement -

Көрген-баққан

197

- Advertisement -

Өткен дәуренді ойласам, бойымды бейшара бір сағыныш торлайды. Одақтың беделі, жазушының абыройы қандай еді! Қасиетті қаламнан туған әр шығармаға елеңдеп, емініп бағатынбыз. Ұлтқа – мұра, кейінгіге – ұлағат деп қабылдадық. Қалың оқырман да солар жасаған кейіпкерлерге қарап бой түзеп, рухани әлеммен біте қайнасып жүрді. Бұл жазушының тек беделі ғана емес, шынайы бақыты да еді! Заман аунап ақты. Кейде «Біз елді қиялдан жасаған кейіпкерлерімізбен тәрбиелейміз деп жүріп, осы жұртты мына қазіргі қатал қоғамға бейімсіз ғып шығардық-ау» деп ойлаймын. Рухани байлық бар да, жеке өмір бар ғой.

***

Ұзақ тұсалған ат тұсауын алып тастаса да көпке дейін шапшып жайылуын қоймайды. Менің кейбір ағаларымның сөзі мен ісі әлі сол кеңестік стильде.

***

Жаныңды келіге салып жазасың. Сөз байлау, образ жасау, табиғат дірілі, уақыт мөлшері, бәрі-бәрі қиялыңнан туып жатса, азап емей немене? «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаятын жазу үстінде әлгі айтқан азапты анық сезіндім. Қарама-қайшылығы көп тұлғаның соңғы дем үзер шақтағы ойы, өкініші не болды екен? Ал, толған! Қаламыңның ұшынан сәуле шашырап суреттеп көр!

***

Ылғи саяқтау жүремін. Сондай шақта жолыққан біреу: –  Жалғыз келе жатырсың ғой, – деген. – Жоқ, – дедім. – Жан-жағымнан кейіпкерлерім қаптап еріп келеді…

***

Нашар жазушы, немкетті шығармаға айтар сөз жоқ. Бауыржан Момышұлы «Бақаның бағынан, сұңқардың соры артық», – деген. Мейлі ғой, аспан асты кең, олар да еңбек ете берсін…

***

Бір сәттік шығармашылық қуанышты сезінген кездерім жоқ емес. «Слава – товар невыгодный. Стоит дорого, а сохраняется плохо» – депті Бальзак. Рас сөз. Оның өзі өтпелі нәрсе. Малданып жүре беруге болмас. Десе де, пьесаларым театр сахнасына шығып, көрерменмен табысқанда, атақты Сарбонно университетінде менің шығармашылығыма арнап, лекция оқылғанда, 240 мың студенті бар Каирдағы әл-Азхар университетіндегі кездесуде, Архангельск, Новосібір, Владикавказ қалаларындағы кітапханаларда «Проводник судьбы» атты кітабым бойынша оқырман конференциялары өткенде, Қытай баспаларында шыққан кітабым мол тиражбен қайта басылып, сондағы қазақ ауылдарына тегіс тарату жайлы арнайы тоқтам алынғанын естігенде тәуба дегенім рас.

***

Қыс келді. Кейде жүрем ақылды басыма ақымақ бөрікті киіп алып. Біреулер сол құндыз бөркіме сәлем беріп жатады. Заман солай.

***

Сөз – кие. Оны аса қастерлеп ұстамасаң, орнымен қолданбасаң бола ма? «Киесі ұрады» дейтін еді ғой атам қазақ. Дүниені мызғытпай сөз ұстап тұр. Ұнамды, ұнамсызы болар. Бәрібір – сөз! Сондықтан қадірін қашырып алудан қорқам. Қорқып сыйлау деген бар. Әне, құрмет тұтудың ең көкесі – сол! Сондықтан сөзбен ойлау керек. Ойнау – күнә! Бірақ күнә, сауапты мына бұлағай заманда кім ескеріп жатыр? Жұрт әдебиеттен, жалпы өнер атаулыдан алшақтап кетті. Бір күні көшеде, базарда, бизнес орталығында, әуежайда жұрттың сөзін бақтым. Бар-жоғы 30-40 сөздің аясында тіл қатысады екен. Қоры сол! Сонымен қарым-қатынас жасайды, тірлік кешеді, бала өсіреді, той жасайды, келіседі, кетіседі… Жағамды ұстадым! Қаныңды ерітіп, сүйегіңді балқытқан қазақтың мәйекті тілі қайда кетті? Жыланқарағы жоқ сұрқай сөздерге күніміз қарап қалғаны ма? Әлде шынайы өмір тілі бір басқа, әдеби тіл басқа ма?

Студент кезімде Астрахань қаласында екі сыған келіншек кезіккен. Бал ашқан. «Красавец, позолоти ручку» деп бар ақшамды сыпырып алып еді. Қазірде сығансыз да тоналып жүрмін. Уақыт солай.

***

Көп нәрсеге көңіл қарайды, шаш ағарды. Мен шашымды ешқашан бояған емеспін. Өйткені, олар мен үшін тым қымбатқа түскен.

***

«Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам» – дегендер көбейіп кетті. Қорқынышты.

***

Бір қарғаны атып алып, қора басына байлап қойса, өзгесі безіп кететін. Қарапайым қойшы білген қағиданы кейбіреулердің білмегеніне таңқалам.

***

25 жасымда ойладым. Әкем ештеңе білмейді. Мен оқығанмын, бәрін білемін деп. 50-ге толғанда өкіндім, әкем тірі болса, көп нәрсені сол кісіден сұрап алар едім-ау деп.

***

Жұрт жаза алатынды жазып қажеті қанша? Жұрт көре алатынды көріп қажеті қанша?

***

Сөз өсірдім, баптадым, семірттім. Қазақтың соғымына сойдым. Енді жіліктей беріңдер.

***

Жапырақ тергендей боп әңгімені жиі жазып кеттім. Оқырмандар ықыласпен қабылдады. Лауазымды талай тұлғаның шамына тиетін де сөз айттым-ау, деймін. «Американың ұлттық байлығы», «Жаңғырық», «SOR», «Сатқын», «Алтын балық» боп жалғаса береді. Алқалы жиында мұрыны бомба түскен белдей болған бір көкем: – Рахымжан – халық жауы. Жазған әңгімелерінің бәрі астарлы, арамза. Ұлтымызға қара күйе жағады. Қоясын ақтарады. Бір оңды кейіпкері жоқ. Оны шетел аударады. Сонда жатжұрттықтар біздің ел жайлы не ойлайды? Бұған тоқтам қояйық. Тәртіпке шақырайық, – деп сайрай жөнелсін. Еріксіз күлдім. Абай атам еске түсті. Бұ қазаққа бір ауыз жылы сөзін қимай кетіп еді. Жек көргеннен бе?

Көкелерім-ау, қырт мақтанмен жеткен жеріміз, шыққан биігіміз белгілі еді ғой…

***

Баяғыда бала асырап алар болса сол үйдің бәйбішесі баланы ырым ғып бұтының астынан өткізіп алады екен. Сонда өгей емес, өзі тапқандай исінген… Үкімет – бәйбішенің бұты әлеуетті ғой, біз де еңбектеп өтіп шықсақ, өгей деген аттан құтылар ек…

***

Соңғы сұхбатым қоғамда дауыл туғызды.

Мен кісі аузын жалдамаймын. Бәрін өзім айтып үйренгенмін. Абай атама, Әуезовтей данаға сый, құрметім ерекше. Бірақ табынбаймын! Кешіріңіз, имандай шыным осы! Мен айтсам болашақтың шаруасын айттым. Баяғы кең көсілме, қазақтың керіпсалма әніндей қалың романдардың күні өтіп бара жатқанын айттым. Олардың өзге тілдерге аударылуы, насихаты, көркемдік сапа, әлемдік деңгейін айттым. Бұл менің жеке пікірім. Сыншы Анар Ғабдуллина жазғандай, «Тотықұс синдромымен» ауырғандар оны қалай түсінді. Тулай ма, шулай ма өздері білсін.

Шындық та бақыт сияқты кеш келеді. Түбі ағып бара жатқан уақыт, замана өзгерісі менің айтқанымды жоққа шығармас деп ойлаймын.

Рахымжан ОТАРБАЕВ,

жазушы.

(Жалғасы бар)

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support