Жуалылықтарды газетке жазылуға шақырды

327

Бүгін Жуалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «AULIEATA-MEDIA» ЖШС өкілдері жуалылықтармен кездесу өткізді. Жиынға ауылдық округ әкімдері мен бірқатар бөлім басшылары және ардагерлер қатысты.
Кездесуді аудан әкімі Олжас Қаржауов жүргізіп отырды.


Алғаш сөз сөйлеген ЖШС бас директоры Нұрбек Бекен холдинг құрамындағы облыстық «Aq jol», «Знамя труда» және «Arai» жастар газеті жайлы айтты. Алдағы жылы 100 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған облыстың бас басылымы «Aq jol» газетінде қызмет еткен атақты ақын-жазушы, белгілі журналистер, жалпы басылымның орны мен рөлі жайлы әңгімеледі.
Ал, газеттің бас редакторы Оралхан Дәуіт қасиетті Жуалы топырағынан түлеп ұшқан батырларымен, генералдарымен ғана емес, журналистерімен де ерекшеленетіні туралы әңгімелеп, жуалылықтарды облыстық басылымға жазылуға шақырды. Сонымен бірге газетке жазылған мұғалімдер мен бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне жеңілдіктер барын айта кетті. Яғни, газетке жазылғандығы туралы түбіртекпен келген оқырманның жұмысы жайлы мақаласы газетке бір рет тегін жарияланады.
Келесі сөз кезегін алған аудандық «Jana omir-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің директоры Әбдікерім Уркумбаев көпшілікті облыстық, аудандық басылымға жазылуда белсенділік танытуға шақырды.
Ал, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев газетке жазылған оқырмандар газетті уақтылы алып оқи алмай отырғанын, ауыл-ауылды айтпағанның өзінде аудан орталығындағы кейбір көшелерге газет жеткізілмейтінін, бұл мәселе тұрғындардың газетке жазылуына үлкен кедергі болып отырғанын жеткізді, газет басшылығы осы мәселеге мән беру қажеттігін ескертті.
Шындығында жылдан-жылға газет-журналдарға жазылу төмендеп барады. Бұл дегеніміз – халықтың жағдайының төмендеп бара жатқандығының белгісі емес, бұл – рухани аш бола тұра рухани дүниеге көңіл бөлмейтінінің белгісі.
Газет-журналды оқып, пайдасын көрмеген кез келген адам газет-журналды керек емес дүние деп есептейді. Бұл дұрыс көзқарас емес.
Көп адам ішкі рухани сұранысын интернет арқылы қамтамасыз етемін деп ойлайды. Бірақ интернеттің пайдасынан зияны көп. Оның салдарын қазірдің өзінде көріп жүрміз.

Comments are closed.