«Абылайдың парасаты мен даналығын көрсеткіміз келді»

18

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры 86-маусымын жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Абылай» тарихи драмасымен ашты. Спектакль басталардың алдында театр директоры Мәлік Ақүрпеков жаңа маусымдағы жоспарлар жөнінде айтып өтті.

Қойылымдағы бірінші ерекшелік – белгілі режиссер Фархадбек Қанафиннің шақырылуы. Ол өзінің шыңдалған шеберлігін көрсетіп, әр актермен сапалы жұмыс істей білген. Шығарманың автор жазған негізгі өзегін ала отырып, сахнаға ықшамдап, көркемдеп, өзінің ұтымды шешімдерін қосқан. Режиссердің бұл қадамдарын автор да құптап, ортақ шешімге келгендері жақсы дүниенің туындауына ықпал етіпті.

Қойылым Абылай ханның (Мәмбет Қожалиев) Қалмақ Қоңтайшысы Қалдан Сереннің (Жандар Қырықбаев) тұтқынында жүрген жерінен бастау алады. Қалдан оны жеті күн нәр татқызбай, аштық және шөлмен сынайды. Бір жұмадан соң өзіне алдырады. Сонда да Абылай тектілігінен танбай, Қоңтайшының ордасында кеудесін биік ұстап, асқақ сөйлейді. Сөйтіп Қалдан Серен қазақтың ханын үш тәсілмен сынайды. Әуелі оны орындықсыз жерге шақырып алады. Сонда Абылай тізесін бүкпейді, осалдық танытпайды. Керісінше, «мен отыратын орнымды көрмей тұрмын» деп биіктей түседі. Осы кезде Момын (Нұрсұлтан Маханов) жерге еңкейіп, менің иығыма отырыңыз дегендей ым жасайды. Абылай оны қолтықтап тұрғызып жібереді. Сөйтіп Қалдан Серенмен тең жағдайда сөйлеседі. Бұл – бірінші сынақ. Жоңғар жандайшаптары сусын орнына суға салынған тоң май ұсынғанда, Абылай ернін тигізіп ауыз тиеді де, сусынды өзінің серігі Момынға береді. Шөлден қаталаған Момын тоң майға қолын соза бергенде Абылай оны қолымен қағып жіберіп, өзі түгіл жауынгерінің жау алдында осалдық танытуына жол бермейді. Екінші сынақтан да осылай сүрінбейді. Осы тұста Қалданның шабарманы Әмірсана (Медеу Ердалиев) «Қоңтайшы өзі біледі. Біздің ханға байқап сөйле» деп Абылайға қарсы сөз айтып, дәуірі жүріп тұрғанға жағынып қалады. Абылай оған мән де бермейді. Бұл қойылымда да жеке бастың құлқыны бар. Абылайды тірідей қолға түсірген Қоңтайшының шабарманы Жалбының ойы – Топыш ханымда. «Қалауыңды айт», деген Қалдан Серенге: «Қалауым – Топыш сұлу» дегенінен-ақ Жалбының (Абзал Дәулетбақов) көкейіндегіні ұғынуға болады. Қоңтайшының жорықта мерт болған ағасының қызы Топыш (Әсем Қондыбаева) өте ақылды. Абылайдың да тектілігін танып, ел мен елді бітістірсем деген ниетте. Қалдан Серен: «Жалбы, саған ризамын. Топыш ханымды беремін. Бірақ бір сертім бар. «Дәл осы жерде Шарышты өлтірген адамның басын аласың», – дейді. Жалбы қылышын қыннан суырып, тұтқындағы Абылайға ұмтылғанымен, дәті жетпей кейін шегіне береді. Бұл Абылайдың үшінші сынақтан сүрінбей өтуі болатын. Қалданның жеке шешім жасар сәтінде оған Қарабас ханым (Ризат Қылышбаева) ақылдылығымен көмекке келіп отырады. Сондай сәтте: «Бұл тегін адам емес, текті», – деп Қоңтайшының асығыс шешім қабылдамауын ескертеді.

Қойылымның келесі бір сәтінде Қалмақ олжалап кеткен Құралайдың (Сымбат Нүрсейітова) тұтқындағы Абылай мен Момынға амандасып, Абылай ханға көрсеткен жақсылығы үшін алғысын білдіріп, Қоңтайшы бұларды мырзақамаққа шығарғанын хабарлап кетеді. Міне осы тұста «Елім-ай!» атты көпшілікке белгілі зарлы әннің берілуі режиссердің сәтті шешімдерінің бірі дер едік. Зарлы «Елім-ай» әніне Момынның қосылуы да қойылымның бір әсерлі сәті ретінде ұтымды шықты. Келесі сәтте Қалден Серен мен Абылайдың жеке әңгімелесуі көрініс береді. «Шарышты менің орнымды басатын еді. Шарышты неге өлтірдің?» – дейді зілденіп. Сонда Абылай: «Әкем Уәлиді, анамды, жас бауырларымды не үшін қырып тастадыңдар? Олар қолына қару да ұстаған жоқ еді ғой», – деп сұрағына сұрақпен жауап беріп, сөзден тойтарады. Бұл жерде Абылайдың ақыл-парасаты, адами болмысы айқын аңғарылады. Қалдан Серен жаһанның жалғыз билеушісі болғысы келетін ниетін аңғартады. Сонда Абылай: «Орыс пен Қытай хандары мықты», – дейді. «Неге?» – дейді Қоңтайшы жұлып алғандай. Абылай : «Олардың халқы отырықшы, әскері тұрақты. Көшпенділердің дәуірі өткен», – деп өз пайымын айтады. Осы екі алып державасыз тыныштық пен тұрақтылыққа жол ашылмайтынын меңзейді. Осы тұста: «Одан шығар жол бар ма? Өзің айтшы», – деп Қалдан Серен қазақ ханымен ақылдасқандай болады. «Оның жолы – бітім», – дейді Абылай. Осы тұста Қалдан серен жуасып, Абылаймен де бітімге келетінін айтады. «Көшпенді ел жетім бала сияқты. Жалғыздығымды сезініп тұрмын, Абылай» деп сырласқандай болады. «менің елімнің тыныштығына не кепіл болады?» дегенде Қалдан: «Даудың түбін қыз бекітер. Қарындасым Топыш сұлуды саған тұрмысқа беремін», – дейді. Көреген Абылайдың мерейі осылайша тұтқында жүрсе де үстем болады. Артынша Топыш ханыммен кездесіп, оны бағалап, екеуі бірін-бірі жүректерімен де қалайтындарын аңғартады. Топыштың:«Менің әжем Жұмақас қазақтың қызы еді», – деуі де оның ақылдылығының бір ұшы қайда жатқанын білдіреді. Топыштың бір ойы Абылайдан ұл тауып, оның хан болғанын көру.

Қойылым барысында Абылайдың әскері шүршіттерді жеңіп, үлкен табысқа кенеледі. Осы тұста ойраттар да жойылып кеткен еді. Баяғы Әмірсана жалынып, жалбарынып, Абылайдың аяғына жығылады. Қанша қиянатын көрсе де Абылай Әмірсанаға кеңдік жасайды. Ал Абылайдың Ресей (Қасым Келесбек) мен Қытай елшілерін (Жандос Ілиябеков) қатар қабылдауында да үлкен саяси мән, ерекше астар жатыр. Олар Әмірсананы өз тұтқындығына беруді сұрайды. Абылай соңғы сәтте панасыз, дәрменсіз Әмірсананы қорғап қалады, жау қолына қалдырмайды. Міне – тектілік.

Қойылым Абылай ханның «Қазаққа қайғысыз ұйқы сыйлап, қайырусыз жылқы бақтырғым келді. Бірақ анталаған жау азаяр емес» деп өкінуімен, оны Топыш ханым мен Момынның сабырға, тәубеге келуімен мәреге жетеді.

Шығарма оқиғасында Абылай ханның байтақ жатқан қазақ даласын сырт жаулардан қорғап, көрші жатқан Ресей және Қытай елдерімен жүргізілген көреген саясаты, Жоңғар басқыншыларымен күресте көрсеткен батыл шешімдері көрініс табады. Драманың қоюшы-режиссері Фархадбек Қанафин, қоюшы-суретшісі Қазым Аманқосов. Сондай-ақ балетмейстер Бақытжан Айманов, музыкамен көркемдеген Мөлдір Барақбаева екенінде айта кеткеніміз жөн.

Қойылымның қоюшы режиссері Фархадбек Қанафин премьера сәтінде:

«Қойылымды әзірлеу барысында шығарма авторы Елен Әлімжан ағамен көп ақылдасып отырдық. Автор тарихи тұрғыдан өте көп ізденген. Бұл Абылай хан тақырыбы еліміздің әр театрларында 12 рет қойылған. Бұл тақырыпқа Әбіш Кекілбай, Маман Байсеркенов, Сәкен Жүнісов, Иран Ғайып, Думан Рамазан және басқа драматургтер қалам тербеген. Бірақ жазушы-драматург Елен ағамыз басқа, ерекше қырынан келген. Елекең ағамыздың ерекшелігі – бұрынғыны қайталамаған. Абылайдың соғыс жағдайынан гөрі адами болмыс, парасатын көп ашқан. Пьесаның тақырыбын автор «Абылайдың серті» деген екен, біз «Абылай» деп үлкен ұғыммен алдық. Мұнда серт қана емес, Абылайдың махаббаты, парасаты, сабыры, даналығы, мейірімі бәрі жатыр. Біз бұл жолы қалқан, найза, тақ деген нәрселерден алыс болып, басқаша қырынан келдік. Сахнаның безендірілуі де қарапайым, нақты. Үшбұрыш белгі арқылы аспаннан қазаққа төніп тұрған қатерді бергіміз келді. Бұхар жырау жырлары мен «Батыр Баян» поэмасынан үзінділер қосып, қойылымды қоюлата түстік. Спектакль Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған. Ат үстінен түспеген Абылайдың бүгінгі орындалған арманын көрсетеді. Көрермен өзінше ой түйеді. Бірақ қойылымның барысында автор да, мен де жас ұрпаққа Тәуелсіздік – шексіз байлық, еліміздің Тәуелсіздігінің, бүгінгі тыныш, бейбіт, алаңсыз күннің бағасын біліңдер деп ой тастағымыз, олардың Отаншылдығын, елге, жерге құрметін оятқымыз келді», – деді. Ал автор Елен Әлімжан: «Мен Топышты ақылды әйел ретінде көрсеттім. Оны кей авторлар сатқын ретінде суреттейді. Топыштың әжесі Жұмақас та қазақтың ақылды қызы. Ол қалмақтан туылған өз балаларын қазаққа емес, Қытай еліне шапқыншылыққа жіберіп отырған. Ал Топыш – Кенесарының әжесі. Сондықтан оны ақылды ана ретінде көрсетуім сәтті шықты деп ойлаймын», – деді.

Есет Досалы

Comments are closed.