- Advertisement -

Біздің ағай… немесе кешігіп жеткен хат

105

- Advertisement -

Жұмәділ ағай біздің ауылға сырттан келген еді. Бірақ қашан, қайдан келгенін білмеймін, сұрамаппын да. Білетінім, бізбен арада бір үй бар көрші тұрды. Өзі секілді бастауыш сыныптарға сабақ берген Шәрбану деген келіншегі, Нұрәділ дейтін ұлы және кішкентай қызы бар еді. Ол кезде мұғалімнен үлкен де, кіші де ығып жүретін. Содан болар бала болып ол кісінің есігінің алдына ойнамайтынбыз. Тіпті ағай бір шаруамен біздің үйге келе қалса, ол кеткенше үйдің, қораның арт жағына тығылып, бақылап тұратынмын.

Неге екенін білмеймін, ол кісіні іштей жақсы көретінмін. Үйдегілердің айтуынша, менің 3-4 жасар кезімде дуалдың түбінде сүйеніп тұрған сәтімде аяғыма қара шұбар жылан оратылып жатса керек. Оның жылан екенінде менің шаруам жоқ, түртпектеп ойнай бастаған секілдімін. Сол сәтте ойда- жоқта келе қалған Жұмәділ ағай жүгіріп келіп, мені жұлып алыпты. Соның өзінде шұбатылған жылан аяғыма оратылған күйі көтеріліп барып, жерге сырғып түсіп, өз жөнімен кетіпті. Бұл жағдай менің есімде жоқ, бірақ үйдегілер мұндаға дейін айтып отыратын.

Бір үйдің жалғыз баласы болып, шолжаңдау өстім. Марқұм әжемнің еншісіндегі баламын, еркемін. Содан да шығар «р» деген әріпке тілім келмейтін. Мектепке сол күйі бардым. «Р» бар сөздердің бәрін «и» деп айтатынмын. Әкем трактор айдағандықтан есігіміздің алдында сеялка, соқа, тырма, комбайн секілді көптеген техникалар тұратын. Ол кезде машина-трактор жөндеу шеберханасы, орталық гараж деген жоқ. Сол техникалардың бәріне «Тр. бр. №1» деп жазып қойған. Шамасы №1 бригадаға тиісті техникалар дегені болса керек. Мен жаңадан әріп танып, ежелеп оқи бастаған кезімде, көрінген жазудың бәрін оқи беретінмін. Сонда әлгі жазуды «Ти би, нөми би» деп оқып жүрдім. Тіпті «Тиактый неге тыйылдайт, мысық неге пыйылдайт, тойғай неге шыйылдайт, ит неге ыйылдайт» деп ұйқас қуып, өлең де шығарғанмын. Міне, Жұмәділ ағам мен мектепке барғанымда «р»-ға тілімді келтіру үшін көп еңбек сіңірді. Ол кезде қазіргідей логопед деген маман жоқ. Барлық жаттығуларды жасатты, тілімді тартып жүріп, не керек 3-сыныпқа барған кезде «р»-ды анық айтатын жағдайға жеттім. Алғашқы ұстазым тілімнің анық шығуы үшін осындай жанкештілік көрсетті. Ол кісі осылайша білім жолының таза, тура, әділ жол екендігін ұқтырды. Жалғыз мені ғана емес, бәрімізді өз баласындай көріп, ақыл айтып, көп нәрселерді үйретіп жүретін осы жанның орны біз үшін қашанда ерекше. Ол бәрімізге сынып жұмысынан тыс тапсырмалар беріп, біздің білімге құштарлығымызды арттыра түсті.

Бастауыш сыныпта қиналып оқыған әліппем, бүгінгі күні маған «әдебиет» деген үлкен әлемнің есігін ашты. Журналист деген мамандықты таңдадым. 45 жыл бойы осы салада нанымды тауып, отбасымды асырадым. Осы үлкен есікке барар жолды ұстазым Жұмәділ ағай мен сыныптасым, оқу озаты Болысбек Тайлықов көрсетті. Біріншісі алғашқы күннен бастап сабаққа деген құлқы жоқ, оқыған нәрсесін ұмытып қалатын, түсінігін айтып бере алмайтын мен секілді баланың сабаққа деген қызығушылығымды оятты. Екіншісі Болысбек дейтінім, ол бірінші сыныптан алғыр, озат оқушы болды. Екеуміз төрт жыл бойы бір партада отырдық. Болысбек бірінші сыныптың өзінде әліппе мен ана тілін мүдірмей оқитын. Мектеп кітапханасына барып тұрады. Бірде ол мені де ілестіріп апарды. Сөйтіп 2-сыныпта алғаш рет өзбек жазушысы С.Айнидің «Мектебін» жаздыртып алып, кітапхананың тұрақты оқырманы болып кеттім.

Осылайша, біз Жұмәділ ағаның басшылығымен бастауыш сыныпты бітірдік. Төртінші сыныпта жүргенде ағайымыздың жан жары Шәрбану әпке қайтыс болды. Бұл ағайға ауыр тиді. Бәріміздің басымыздан сипап, 1963 жылдың мамыр айының соңғы күндері мектеп ауласында үлкен алау жағып, бізді 5-сыныпқа ұзатып салды. Жаңа оқу жылында бізге Қызылорда қаласынан Байділда ағай Сәрсенов сынып жетекшісі болды. Ол да бізбен бірден тіл табысып кетті. «Ботаника» деген пәннен сабақ берді. Әр оқушының пәнді жақсы білуі пәнді оқытатын ұстазына байланысты екені баршамызға белгілі. Егер оқушы мен мұғалім арасында қарама-қайшылық болса, ол сабақ қаншалықты қызық болса да, баланың оны білуіне құлқы соқпайды, сабақты оқығысы да келмейді. Бұл орайда біздің жолымыз болды. Байділда ағайымыз бала жанын жақсы түсінетін нағыз педагог болып шықты. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа бармай, бірінші тоқсанның аяғында оны әскерге алып кетті. Қимай қоштастық. Сынып жетекшісіз қалды. Содан кейін 1-сыныпқа сабақ беріп жүрген Жұмәділ ағамыз қайта оралды жетекші болып. Бізге математикадан сабақ берді. Балалардың қуанышында шек болмады. Сол жылы ол біз алтыншыға өткенде өзі ауылдан көшіп кетті. Үлкендер жағы қайда көшіп кеткенін білетін шығар, бірақ біз біле қойған жоқпыз.

Менің бір әдетім бар. Өзім жақын тартқан адамды іздеп жүремін. Мысалы, 2019 жылы мектеп бітіргеніміздің 50 жылдық кездесуін өткізетін болып, 8-сыныптан кейін тағдырдың салғанымен жан-жаққа кеткен Оразкүл Зәуірбекова, Сейсен Сабекова, Қадиша Өтеулина, Алтынкүл Дауылбаева, Гүлжан Шоева секілді сыныптастарымды іздестірдім. Біразын таптық, кездесу дастарқанында қонақ болды. Осындай әдетіммен орта мектепті бітіргеннен кейін Жұмәділ ағайымды іздестіре бастадым. Сөйтіп, әркім-әркімнен сұрастырып, оның Тараз қаласының маңындағы Пионер деген ауыл маңайында тұратынын анықтадым. Бірден қолыма қалам алып, хат жаздым. Осы мақалада айтылған кейбір жайттарды еске салдым. Бірақ көп іздеген ағайымнан хабар болмады. Мекен-жайы дұрыс болмаған ғой, қайта іздестірейін деген ойға келдім. Сөйтіп жүргенде жұмысыма бір бозбала іздеп келді. Өзін таныстырды. Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын көрінеді. Айтуынша 2-курс студенті екен. Сөйтсем көп жылдан бері іздеп жүрген Жұмәділ ағайымның немересі болып шықты. Менің хатым көрсетілген мекен-жайға кешіксе де, аман-есен жетіпті. Бірақ, …иә, бірақ, менің хатым барған күні мәңгілік мекеніне аттанған қадірлі ағайымның қырық күндік асын беріп жатқан екен. Хатым сол жерде, көпшіліктің алдында оқылыпты. Жиналған жұрт «артында іздеушісі бар Жұмәділ өлмеген екен деп» дұға жасап, бет сипапты.

Бұл да Шерағаң айтқандай, «бір кем дүние».

Қыдыралы ҚОЙТАЙ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

ҚР ақпарат саласының үздігі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support