Оқушы мен ата-ананың ризашылығы – марапаттың ең үлкені

420

Жалақысы көбейіп, мәртебесі арнайы заңмен қорғала бастағаннан кейін, оқытушы болғысы келетіндер көбейді. Бірақ бұл қадамдар педагогтардың қоғамдағы орынын айқындап, білім беру ісінде саннан сапаға көшу үшін жасалғанын көпшілік дұрыс бағамдай алмай жүрген секілді. Шын мәнісінде жұрт төрін ұсынып, құрмет көрсетер  мұғалім болу үшін не істеу керек? Осы төңіректегі сауалдарды мемлекет және қоғам тарапынан лайықты бағасын алған Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын Жұлдыз», «Отан» ордендерінің, Ы.Алтынсарин атындағы медальдың иегері, ардақты ұстаз Аягүл Миразоваға қойған едік.

–  «Мұғалім мәртебесі» туралы заң қабылданғалы не өзгерді?

– Тәуелсіздік елімізге орасан зор жаңалықтарымен, жетістіктерімен келді. Соның бірі – осы білім саласы дер едім. Мен өте ризамын. Себебі біз бұрын-соңды болмаған төл оқулығымызға ие болдық. Өзіміздің еліміз, жеріміз, қалаларымыз бен жер-суымыз жайында жазылған мұндай кітаптар еліңді, жеріңді тануға берілген мүмкіндік. Одан кейін қандай қаржылық қиындық болса да, Елбасымыздың даналық шешімімен «Болашақ» бағдарламасы бойынша біздің қаншама шәкірттеріміз әлемнің түкпір-түкпіріне барып оқуға, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Шетелден алған сол білімдерін, жетістіктерін елімізге әкеліп іске асыруда. Қазір соның жемісін көріп отырмыз деп айта аламын.

Сонымен қатар бүгінде мектептің материалдық-техникалық жағдайлары жақсарып келе жатыр. «Мұғалім мәртебесі» бір жыл бойы електен өткізіліп барып қабылданды. Бұл дер кезінде қабылданған дүние болды. Өйткені ұстаздың мәртебесі бұрынғы жылдары қандай еді? Мұғалімнің беделі деген өте төмендеп кеткені бәрімізге аян. Енді міне, арнайы заңның дер кезінде қабылданғаны бәрімізді де қуантты. Өйткені онда жаңалықтар өте көп. Соның игілігін қазір ұстаздар көріп отыр.

– Ұстаздарды жұмысқа тест тапсыру арқылы қабылдау туралы өзгеріске көзқарасыңыз?

– «Білім сапасын қалай жақсартамыз» деген сауал Білім және ғылым министрлігінің күн талабында тұрған дүние. Елбасымыз да, Президентіміз де білім сапасын арттырудың жолдарын іздеп, нақты себептерін анықтау керек деген тапсырмалар берген болатын. Мұғалімдердің еңбек жолында қол жеткізген жетістіктеріне, біліктіліктерін түрлі деңгейде қорғай алғандарына байланысты қазір  жалақы төлеудің бірнеше деңгейі бар. Әр деңгейге қосымша пайыздар қарастырылған. Бұл бір құптарлық дүние. Ал қазір неге мұғалімдерді жұмысқа тест арқылы алу керек деп жатыр. Өйткені соңғы екі-үш жылда жоғары оқу орындарына өз еркімен мұғалім мамандығын жақсы көріп, шын ниетімен таңдап барғандардың пайыздық үлесі төмендеді. Көбіне диплом алу үшін ғана педагогикаға бөлінетін гранттың көп екенін пайдаланып оқуға түскендер көп. Тіпті қолына құжатын алғаннан кейін ары қарай магистратурасын оқып, басқа мамандыққа ауысып кеткендері қаншама. Осының нәтижесінде мектепке келетін мұғалімдердің сапасы өте төмендеп кетті. Бұл жоғары оқу орынының да үлкен кемшілігі. Адаммен жұмыс істейтін болғандықтан ең бірінші дәрігер мен ұстаз өте сауатты, білімді болу керек. Өйткені бірі адамның жанын емдесе, бірі білім мен тәрбие береді.  Тағы бір айтарым, егер әрбір адам мектепте оқып, негізгі білімді алмаса, оған он диплом берсеңіз де білімінде ақсау, олқылықтар болады. Мен барлығына топырақ шашпаймын. Ішінде білімді, білгір ұстаздар да баршылық. Бірақ көп жағдайда білімі таяздар мектептерге орналасып алды. Қазақта айтады ғой «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп. Егер білімі терең, жан-жақты, шәкіртке деген өзінің барынша бойындағы білімді беруге ынтызар, қабілетті адам болмайынша, одан жақсы маман шықпайды. Білім және ғылым министрлігінің осы олқылықтарды қалай жоямыз деп қарастырып жатып, ұсынған жолдың бірі – тест. Енді осы сынаққа адами факторларлар араласатын болса, онда оңбаймыз. Бірақ оның да бір жолын тауып алатындарына күмән жоқ. Мен шын мәнісінде білімді, білікті педагогтың мектепке келгенін қалар едім. Саны бар сапасы жоқ болғаны жақсылыққа апарып жатқан жоқ. Қазір біз барлық балаларымыздың білім сапасы жоғары деңгейде деп ешкім де айта алмайды. Ол санаулы балалардың білімі жақсы деп мақтана алмаймыз. Ата-аналары дұрыс көңіл бөліп, жан-жақты дамытып қосымша оқытқан оқушылар болмаса. Жалпы білімнің сапасына пандемияның да кері әсер тиді. Онлайн оқу білімнің сапасын қажетті мөлшерде бере алды, көрсете алды деп ешкім де айта алмайды. Үлкен олқылықтар пайда болды. Енді оны қуып жету, қалпына келтіру ұстаздың қолында. Сол сабақ, тәрбие беріп отырған мамандардың әдіс-тәсіліне, оның жауапкершілігіне тікелей байланысты. Сондықтан да жақсы мамандар мектепке келу үшін білімін, біліктілігін тексеру қажет-ақ. Бірақ ол қалай іске асады? Басты сұрақ – осы. Мен бір жылдары Кореяда болған едім. Ол жақты педагогке деген сұраныс өте жоғары екен. Кез-келген адам мұғалім бола алмайды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін оларды тағы да тесттен өткізеді. Сонымен қатар, сөйлеу мәнері, даусының ырғағы, оның балаға түсініктілігі, соның барлығына мән береді. Өте жақсы. Сондықтан да ол жақтағы білімнің сапасы жоғары. Ал бізде кім қандай білім деңгейімен келіп жатқанына бұған дейін ешкім мән бермеді. Кейбіреулері білімінің жеткілікті-жеткіліксіздігіне қарамай жұмысқа орналасып алды. Осыдан кім қорлық көрді? Әрине оның алдына барған шәкірттер. Ұстазының білімі таяз болса, ол балада қандай білім болуы мүмкін. Сондықтан да тест ала ма, басқалай тексере ме, дейтұрғанмен қолында дипломы бар екен деп барлығын жаппай сол жұмысқа қабылдай салмау керек деп ойлаймын.

– Мұғалімдердің жалақысы көбейгенімен тәрбие, білім берудегі жағдай жақсарды ма?

– Мен бұл сұраққа шын мәнісінде жақсарды деп мақтанып айта алмаймын. Өйткені жоғарыда айтқан мәселелер ұстаздарымыздың сол бір лектері шын мәнісінде өз дәрежесінде балаларға терең біліп бере алған жоқ. Қазір ұстаздарға артық талап қоймау керек дегенді көп айтатын болдық. Мұғалім бәріне жауапты емес дейміз. Бірақ ұстаз қай кезде де баланың біліміне, оның тәрбиесіне, тұлға болып өсуіне ата-анадан кейінгі бірден-бір жауапты адам. Сондықтан да көпшік қоюдың да орны болуы керек. Жалақыны қанша көбейтсек те, ол материалдық жағдай. Одан мұғалімнің білім беру сапасы артып кетеді екен деп ойламаймын. Сапа – мұғалімнің жауапкершілігінде. Оның мамандығына ынта-жігерімен кірісуінде. Ол өзін үнемі дамытып, ізденіп отырғанда ғана білікті маман болады. Педагогтар өмірдің ағымынан қалмай бар күшімен, жігерімен өзін дамыта отырып, шәкіртіне жан-жақты білім беруге, оның азамат болып шығуына ықпал етуі тиіс. Сондықтан да мұғалімдерге қойылатын талап та жоғары болуы керек. Ұстаздың алдында білмейтін оқушы болмайды. Ұстаздардың айлығы артты. Бірақ олардың жұмысқа деген жауапкершілігі барлығында бірдей деп айта алмаймын. Қазір жауапсыз мұғалімдер көбейіп бара жатыр. Олар мені кешірсін, әрине, алайда кейде ойланып қаламын, біз де ұстаз болдық қой. Оқу үлгерімі нашар оқушыны қалай қатарға қосамыз деп күндіз де, түнде де ойлайтынбыз. Соған қалай үйретсем екен деп. Сол балаға керекті бір білімді бергенше бізде маза болмайтын. Сондай қасиет әрбір мұғалімде болуы керек. Оқушылары үшін жауап беруі керек. Өйткені мұғалімге ата-ана баласын сеніп тапсырады.

– Педагогтарға берілетін атақ, марапат, басқа да қолдаулар ұстаздарды көпшілік арасында сыйлы ете алып жүр ме?

– Материалдық жағдайы бір басқа, ал бедел деген мәселе тікелей ұстаздың өз қолында. Оған миллион түрлі атақ беріңіз бірақ мұғалімдік қасиеттері, білімі, біліктілігі, тәрбиелілігі, өзін ұстауы, оқушымен шынайы қарым-қатынасы жасанды болса, мәртебесі де төмен. Бар ынтасымен беріліп жұмыс істейтін ұстаздардың беделі барлық уақытта да жоғары. Оны ата-ана да, бала да сыйлайды. Біз оқушыға «бала» деп қарамауымыз керек. Олар өте сезімтал, бәрін түсінеді. Сен әділеттісің ба, әділетсізсің ба жас жеткіншектің жүрегі бірден сезеді. Ал енді марапат, атақ адамның өз жұмысына деген жауапкершілігін арттыратын, қуантатын дүние ғой. Сондықтан да марапатқа шынайы еңбекпен жету керек. Ол елдің бәріне шашып, таратып бере салатын дүние емес. Ұстаздың еңбегі әділ бағалануы қажет-ақ.

– Қазақстандағы ең жоғарғы марапат Еңбек Ері атағын ең бірінші болып сіз алдыңыз. Оған үлкен еңбекпен жеттіңіз. Жас мамандарға айтар кеңесіңіз?

– Тәуелсіздіктің ең алғашқы, ең жоғарғы марапаты бұл – Қазақстанның Еңбек Ері атағы. «Алтын Жұлдыз», «Отан» орденін алу, әрине үлкен мәртебе. Алғаш осы атақты беру туралы ұсынымдар берілген екен. Бірақ соған қарамастан, Елбасының мұғалім – ең қасиетті мамандық деп алдымен ұстазға ұсынғаны көпке ой салса керек. Еліміздің барлық ұстаздарының атынан мұғалімге деген сенім, құрмет  деп сол Жұлдызды бүкіл ұстаздардың атынан көтеріп келе жатырмын. Әрине оған жету оңай емес. Ол атақты алғанға дейін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атаққа ие болдым. Алайда атақ пен орден, медаль үшін жұмыс істеген жоқпыз. Бірақ әрбір марапатқа ие болған кезде қанаттанып, жігерленіп, еңбегіңнің бағаланып жатқанына қарап, сол тұғырдан түспеуге, жұмысыңды одан да нәтижелі етуге барынша күш-жігеріңді салып, өзіңді қамшылап отырасың. Бұл – үлкен жауапкершілік. Сол себепті жастарға айтарым, егер ұстаз деген мамандықты шын жүректеріңмен қалап, соған ниеттерің ауып, білім-біліктіліктеріңіз, тәрбие, барлығы сай келсе, сіздер үлкен нәтижеге жетесіздер. Ұстаз деген атқа сай боласыздар. Шәкірттердің жүрегінен орын аласыздар. Сізді әрбір шәкіртіңіз мақтан етеді. Құрмейттейді! Ешуақытта ұмытпайды. Сондықтан болған соң, осындай қастерлі мамандықтың лайықты иесі болыңыздар! Оқушы мен ата-ананың ризашылығы – марапаттың ең үлкені. Соған ие болғаны – ең бақытты ұстаз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Камила БОРАШОВА

Comments are closed.