- Advertisement -

Білім берген, ой берген, ақыл берген…

181

- Advertisement -

Жер жүзінде қанша түрлі мамандық иесі болса, барлығы да ұстаздардан тәрбие-білім алған. «Ғалым да, шахтер да бас иетін» мұғалімдерді «Қалдырған ізің мәңгілік…» атты мерекелік салтанатты жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Биыл елімізде тұңғыш рет тағайындалған «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» атағын біздің өңірден екі педагог иеленіп отыр. Олар облыстық «Дарын» мектеп-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Мираш Бегілдаева мен Жамбыл ауданы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Қалмаханова. Биыл облысымыздың білім саласын дамыту ісіне 200,8 миллиард теңге қаржы бөлініп, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,1 есеге артқан. Жалпы облысымызда 40 мыңға жуық мұғалім еңбек етуде. 2020-2021 оқу жылында республикалық, халықаралық байқауларда 5125 мұғалім түрлі аталымдар бойынша жеңімпаз атаныпты. Білім беру ордалары қандай жетістікке жетсе онда да ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз.

Мерекелік іс-шара А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театры әзірлеген театрландырылған көрініспен ашылды. Онда бір топ үздік оқушылардың әл-Фараби, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Ыбырай Алтынсарин бейнелерімен қауышып, оларға сұрақ қою арқылы өнегелі сөздеріне қанығуы әсерлі шықты. Келесі сәтте бейнеэкраннан өңірдегі білім саласының жетістіктері көрсетілді. Кейінгі 30 жылда өңірімізде 37 мектеп жаңадан салынған екен. Осындай айрықша көрініспен басталған салтанатты шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, өңірдің барлық ұстазын төл мерекесімен құттықтады.

– Қасиетті де киелі мамандық – мұғалім. Себебі, ғалым, министр, әкімдердің бәрі де ұстаздан тәлім алған, бәрі де мұғалімнің алдында бас иеді. Облыста білім беру саласында атқарылып жатқан жетістіктер көп. Ұстаздардың еңбегі қашанда елеулі. Індет кезінде де 400 мыңнан астам оқушыны біліммен қамтамасыз еттіңіздер. Соның нәтижесінде биыл Ұлттық бірыңғай тестте түлектеріміз орташа 82 балл жинады. Бұл республикалық көрсеткіштен жоғары. Бұл сіздердің толағай еңбектеріңіздің жемісі. Ал биылғы оқу жылында ұстаз бен шәкірттері бір сыныпта қайтадан қауышты. Енді білім берудің көрсеткіші қазіргіден де жоғары болады деп сенемін. Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл, тұңғыш педагог ағартушы Ыбырай Алтынсаринның туғанына 180 жыл толды.

Оқушыларға бүгінгі берілетін білім заман талабына сай болуы тиіс. Біздің түлектеріміз Америка, Еуропа, Азияның ең жоғары университеттерінде білім алуы керек. Бүгінде мемлекет тарапынан білім беру саласына айрықша көңіл бөлініп, жағдайлар жасалуда. Жыл сайын мұғалімдердің жалақысы еселеп өсуде. Ендеше, мұғалімдерге жағдай жасалған сайын олардың жұмыс сапасы да артуы тиіс. Мектептердің техникалық базасы да жақсаруы қажет. Биыл өңірімізде 20 мектеп жаңадан салынуда. Оның 12-сі мемлекеттік, 8-і жекеменшік негізде. Қоғамда, әр отбасында береке болса, ұрпақ үлгілі болады, – деді облыс әкімі.

Мереке аясында бір топ үздік ұстаздарды аймақ басшысы марапаттады. Іс-шара соңында К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының ұжымы концерттік бағдарлама ұсынды.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support