- Advertisement -

Мінезді жігіттердің мінсіз ойыны

59

- Advertisement -

Қазақстан құрамасы тұңғыш рет Әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Футзалдан Литва елінде өтіп жатқан Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жасындай жарқырап, талайларға таңдай қақтыруын жалғастырып жатыр. Топтық кезеңнен іркілмей өткен соң 1/8 финалда да жеңісті жорықты жалғастырған біздің елдің құрамасын ширек финалда сүрінеді деп болжағандар аз болған жоқ. Оған себеп те жоқ емес. Азияның үздігі саналатын Иран ұлттық құрамасы бұған дейін Қазақстан құрамасына қарсы ойындарда жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген еді. Мамандар сол статистикаға сеніп, Иран құрамасының жартылай финал жолдамасын қалтаға салатынына бек сенімді болды. Алайда Қазақстан құрамасының жейдесін киген жігіттер оңай шағылатын жаңғақ емес екендіктерін көрсете білді.

Бірінші кезең барысында Иранды фаворит санағандардың сөзі расқа айнала бастағандай көрінді. Иә кездесу басында басымдықты уыста ұстауға тырысқан қарсыластар біздің елдің құрамасының қақпасына екі гол соқты. Алдымен ойынның сегізінші минутында Мослем Оладгобад мергендігімен көзге түссе, он бесінші минутта Ахмад Эсмаэльпур таблодағы көрсеткішті еселеді. Жалпы бірінші кезең барысында ұлттық құраманың ойыншылары бірнеше тамаша мүмкіндікке ие болғанымен, теңбіл доп қарсылас команда қақпасының сызығынан әрі өтпей-ақ қойды.

Кездесудің екінші кезеңінде Қазақстан құрамасының жігіттері басымдықты толықтай қолға алды. Сәт сайын шабуыл ұйымдастырумен болған ұлттық құраманың сайыпқырандары ақыры өз дегендеріне жетіп, есеп айырмасын қысқартты. Матчтың 25 минутында Дәурен Тұрсағұлов тепкен допты қайтармақ болған Иранның қақпашысы автогол соғып алды. Бұдан кейін қазақстандықтар таразы басын теңестіру мақсатымен жанұшыра алға ұмтылды. Толассыз шабуылдар өз нәтижесін берді. Кездесудің 29 минутында Арнольд Кнауб жұмсаған соққы Иран құрамасының қақпасында тулап жатты. Психологиялық тұрғыда басымдыққа иелік еткен Қазақстан құрамасының жігіттері жеңісті жұлып алуға талпынып, өткір шабуылдарын жалғастыра түсті. Нәтижесінде ойынның соңғы минутында Тайнан өз дегеніне жетіп, шешуді голды қарсылас команданың қақпасына тоғытты. Бұдан кейінгі секундтарда Иран құрамасы шабуылға иек артқанымен, таразы басын теңестіріп үлгермеді.

Жалпы әлем чемпионаттарында Қазақстан құрамасы бұрын-соңды жартылай финалға жетпеген болатын. Бұл – тарихи жеңіс. Оның үстіне осы ойында Қазақстан құрамасының жейдесін киген жігіттер спортшыға тән мінез көрсетті. 0:2 есебімен жеңіліп жатқанына қарамастан, екінші кезеңде үш мәрте Иран қақпасынан саңылау тапқан сайыпқырандарымызды қалай мақтасақ та жарасатын секілді.

Жартылай финалға жолдама алған біздің жігіттер енді финалдық жолдама сарапқа салынатын кездесуде (бүгін) Португалия құрамасына қарсы алаңға шығады. Әрине, 2018 жылы Еуропа чемпионы атанған Португалия біз үшін мықты қарсылас екендігі дау тудырмайды. Әйткенмен, Португалияның Бебе, Рикардиньо, Бруно Коэльо, Жоао Матош бастаған бірнеше ойыншысының жасы да келіп қалды. Содан да болса керек, аталмыш құрама бірнеше кездесуде қарсыластарын әупірімдеп жүріп әрең ұтты. Екі команда бұған дейін де екі мәрте кездескен. Бір рет Португалия жеңіске бастар жолдан жаңылмаса, кейінгісінде Қазақстан құрамасының мерейі үстем болды. Осыған қарап-ақ Португалия құрамасы алынбайтын қамал еместігін түсінеміз. Ең бастысы, жігіттер Иран командасына қарсы ойнағандай соңғы секундқа дейін барын салса, жеңістің ауылы да алыс болмас деп пайымдаймыз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support