Білім

Алғашқы мұғалім

Алғашқы мұғалім

Білім негізі – бастауышта деген рас. Біз бірінші сыныпты шағын Шөлдала ауылындағы бастауыш мектеп табалдырығынан аттадық. Екі-екі сыныптан жұптап оқытатын мектептің үш қызметкері бар. Директорымыз – Шәріпхан Жаңабаев ағай, қалған екеуі – мұғалімдер. Өздерінің балалық балғын шағы соғысқа тұспа-тұс келіп, білім нәрімен қанып сусындай алмай қалған сол кісілер бізге сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін барын салатын. Қазір біздің әртүрлі мамандық игеріп, қызметте табысқа қол жеткізіп жүргеніміз сол ұстаздардың арқасы. Әсіресе, директорымыз Шәріпхан Жаңабайұлының еңбегі ерекше. Соғыс жылдарында бастауыш мектептен әрі аса алмай қалған ол ізденімпаздығы мен етінің тірілігі арқасында орта білім алып, одан кейін педагогикалық училищені бітірген соң барлық саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған. Еңбегі жемісті болды. Соның айғағындай 1990 жылы Алматы-Жамбыл темір жолы бойындағы мектептердің тәжірибе алмасу семинар-кеңесі Шәріпхан Жаңабайұлы басшылық ететін мектеп базасында өтіп, білім ордасы ұжымының оқу-тәрбие ісіндегі жетістіктері жоғары бағаланған. Бүгінде білім беру ісінің үздігі, тыл ардагері Шәріпхан ағай құрметті демалыста. Сексеннің сеңгіріне шыққан қарт ұстаз елге еңбегімен танымал болған, өзінің жолын қуған шәкірттерін мақтан етіп отырады.

Дәулет Тохметов, №55 орта мектеп директоры.

Тараз қаласы.