- Advertisement -

17 жылдан бері облыстан Олимпиада чемпионы шықпады. Неге?

187

- Advertisement -

Бүгінгі таңда өңірімізде спорттың 74 түріне баса назар аударылған болса, оның 25-і олимпиадалық спорт түрлерінің санатына кіреді. Әлбетте, Олимпиада ойындарының бағдарламасына енбеген және ұлттық спорт түрлерінен облыс спортшыларының жеткен жетістіктері аз емес. Алайда Олимпиада ойындарына санаулы спорт түрлерінен (бокс, дзюдо, еркін күрес, таэквондо) ғана жолдама алуымыз, 17 жылдан бері Олимпиада чемпионын шығара алмай жүргеніміз баршамызды ойландырса керек. Кемшілік қайдан кетті? Қай мәселеде олқы түсіп жатырмыз? Облыстың спорт мекемелерінің басшылары, спорт ардагерлерінің басы қосылған жиында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев осы мәселені көтерді.

– Спорттың ел үшін, мемлекет үшін қандай пайдасы бар екенін білесіздер. Бұқаралық спортты дамытуға қатысты Елбасының, Президенттің нақты тапсырмалары бар. Бізде бүгінгі таңда бұқаралық спортпен шұғылданушылар қатары 32 пайызға жеткенімен, кейбір өңірлерден артта келеміз.

Кәсіби спортқа келсек, 2004 жылғы Афины Олимпиадасында Бақтияр Артаевтан кейін Олимпиада чемпионын шығара алмадық. Содан бергі аралықтағы 17 жылда бар болғаны үш жүлде бұйырған. Оның екеуі дзюдошы Елдос Сметовке тиесілі болса, біреуін еркін күре с шебері Ақжүрек Таңатаров алған. Әлем чемпионаттарындағы нәтижелер де көңіл көншітпейді. Соңғы он жылда бөлінген қаражат қомақты. Қаншама нысан салынған. Ұлттық құрамада бақ сынайтын баламыздың саны көп, нәтиже жоқ. Нәтиже қайда? Токио Олипиадасында Елдос Сметов болмаса, медаль бұйырмас еді. Спорт мектептерінде 10-15 жыл бойы басшы болып отырған азаматтар бар. Бірақ олимпиадалық спорт түрлерінен көрсеткен нәтижелері шамалы. Бапкерлерде де өсу, өркендеу байқалмайды. Басқа өңірлердің намысын қорғап жүрген спортшыларымыз да бар. Солардың тізімін жасап, өзімізге қайтару керектігін де айтып жүрміз. Бір-бірімізді мақтағаннан еш нәрсе өнбейді. Не істеуіміз керек, қай жерде мүлт кетіп жатырмыз? Осы мәселені ақылдасу үшін өздеріңізді, спорт саласының ардагерлерін шақыртып отырмыз, – деді Бердібек Машбекұлы өз ойын қорытып.

Бұдан соң облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков сөз алып, баяндама жасады. Ол өз сөзінде өңір спортын дамытуға бөлінген қаражатты, атқарылған жұмыстарды қол жеткен табыстарды айтты. Осы сәтте облыс әкімі баяндамашыны тоқтатып: «Токио Олимпиадасына бес лицензия алсақ, неге бір ғана медаліміз бар? Неліктен бокстан нәтиже жоқ?» деп мәселені төте сінен қойды. Басқарма басшысы өз кезегінде лицензия алған спортшылар ұлттық құрамамен бірге дайындалатынын, олардың жұмысына араласа алмайтынын жеткізді.

– Біз ол спортшыларды тәрбиелейміз, жарыстарға қатысуына қаржы бөлеміз, сөйте тұра ұлттық құрамадағы дайындығына араласа алмаймыз дейміз. Олай болмауы керек. Біз тек көкпардан, тоғызқұмалақтан, армрестлингтен алған жүлделерімізбен ғана мақтанбауымыз керек. Волейбол, теннис, жүзу, гимнастика секілді спорт түрлеріне назар аударған жөн. Байқауымша басқарманың әкімдіктермен байланыс ойдағыдай емес. Грек рим күресі, еркін күрес, ауыр атлетика, жүзу секілді олимпиадалық спорт түрлерінде нәтиже жоқ, – деді Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде басқарма басшысы Нұрбол Жүнісбеков кеткен кемшіліктермен жұмыс жүргізілетінін айтып, нәтиженің көңіл көншітпеуінің себептерін де тіліне тиек етті. Кейіннен облыс әкімі облыстағы бірқатар спорт мектептерінің нәтиже көрсетуден қалғанын да қатты сынады. Қатаң сынға Талас ауданындағы №32 мектеп басшылығы да ілікті. «Бұл мектепті ұзақ уақыттан бері жоғары деңгейдегі нәтиже жоқ. Нашар. №34 мектептегі де жағдай сондай. Одан өзге бірнеше аудандарда да жағдай солай. Кейбір спорт мектептері спорттың он, тіпті, он бес түрін алып алған. Бірақ нәтиже нөлге тең. Басқарма неге осының бәріне талдау жасамайды?», – деді Бердібек Сапарбаев спорт мектептерінің басшыларына қаратып. Осы тұста Нұрбол Жүнісбеков өз ойын білдірді. «Бердібек Машбекұлы, біз қазіргі кезде ауыс-түйісті бастап кеттік. Мәселені өзіміздің жиналыста да көтердік», – деді ол. Бұл сөз көңіліне қонбағанын аңғартқан облыс басшысы: «Неге біз ауыс-түйісті қазір жасаймыз, неге ерте бастан бастамаймыз? 15-20 жыл отырып ешқандай нәтиже бермеген басшыларды осыдан үш жыл бұрын ауыстыруға болатын еді ғой», – деді өңір басшысы. Өз кезегінде Нұрбол Жүнісбеков спорт мектептері ол кезде аудан әкімдіктеріне қарағанын тілге тиек етті. «Қалай болған күнде де қол астыларыңызға өткен сәтте шешім қабылдауға тиіс едіңіздер», – деді Бердібек Сапарбаев өз ойымен бөлісіп. Сондай-ақ облыс әкімі бапкерлермен жұмыстың қай деңгейде екенін де сұрады.

«Әлем, Азия деңгейінде жақсы нәтиже көрсеткен бапкерлерді қызметке қойып отырмыз. Жас, мықты бапкерлерден тәлім алған жастар қазір жақсы табыстарға қол жеткізіп жатыр. Осыдан үш жыл бұрын таңдаған бапкерлердің балалары енді жастардың қатарына қосылды», – деді Нұрбол Жүнісбеков мәселенің мәнісін түсіндірмек болып.

– Жаңа бекер айтқан жоқпын. Бақтияр Артаев секілді өзге де жүлдегерлерді дайындаған мамандар мықты бапкерлер ғой. Соларды әрмен қарай қолдап: «Бақтиярдың орнын басатын басқа бір спортшы шығуы керек» деген талап қойылуы тиіс. Одан бөлек, меніңше федерациямен жұмыс нашар сияқты. Бір жарым жылдың ішінде басқарма федерацияларды жинап, солармен кездесіп, пікір алмасып, талдау жасады дегенді әлі естімедім. Дене шынықтыру сауықтыру кешендерінің кейбірі әлі күнге балансқа алынбаған. Неге? Басқарма көзбояушылықпен айналыспауы керек деп айтқанмын. Маған сол кешендерді көрсетесіздер. Көргенде бәрі жақсы. Мен кеткен соң маған «бізде жаттығатын құралдар жоқ, сіз кеткен соң алып кетті» деп жазып жатады. Кімге не жетіспейтінін неге маған ашық айтпайсыздар? Сонда біз кімді алдап жүрміз. Балалар облыс әкімі келгенде бәрі жақсы болды, кейін бәрін алып кетті дей айтады ғой. Кімге керек ондай әңгіме? Неге барлық кемшіліктер мен барғанға дейін зерделенбейді? Басқарма осы мәселелерді көтеруі керек еді, – деді облыс басшысы.

Облыс әкімі жиын барысында өңірдің спорт саласында қордаланып қалған мәселелердің өзекті екенін айтудан танған жоқ. Жамбыл боксының қазіргі жай-күйі алаңдататынын да айтумен болды.

– Әулиеата жерінде талантты спортшылар аз болмаған. Жастар жеткілікті. Олардың мүмкіндігін пайдалану керек. Неге Бақтиярдан соң Олимпиада чемпионын тәрбиелей алмай келеміз? Жоқ, әңгімені қойып, Бақтиярдай мықтыны шығаруға күш салуымыз керек. Қаншама дене шынықтыру сауықтыру кешендері салынды. Бізде бірнеше кәсіпқой клуб бар. Федерациялармен жұмыс тиісті деңгейде атқарылып жатқан жоқ. Бір сөзбен айтқанда басқарманың жұмысы дұрыс ұйымдастырылып жатқан жоқ, – деген облыс әкімі «Тараз» футбол клубының басшысы Талғат Апсаматовқа да мәселені төтесінен қойды.

– Талғат, «Тараз» футбол клубы берген қаржыны ақтамады. Бас бапкер екеуіңізге тапсырма бердім. Ал қазіргі нәтиже нашар. Бір күні барамын. Бұлай болмайды. Сізді жұмысқа алған кезде не айтқанымды ұмытпаңыз, – деді өңір басшысы «Тараз» футбол клубының премьер-лигадағы нәтижесіне көңілі толмайтынын аңғартып.

Кездесу барысында бірнеше спорт ардагерлері мен бұрынғы даңқты спортшылар өз пікірлерін білдірді. Өз кезегінде үш дүркін «Қазақстан Барысы», бүгінде Қазақстанның жауынгерлік өнер ассоциациясының облыстық филиалының директоры қызметін атқарып отырған Бейбіт Ыстыбаев сөз алып, нәтиже болуы үшін бас бапкерлерден сұрау мықты болуы керектігін сөз етті. Нәтижесі жоқ бапкерлер ойлануы керектігін де айтып өтті. «Бұндай еркін кездесу өтпегелі көп болды. Сізге рахмет, Бердібек Машбекұлы. Осы орайда тағы бір мәселені ашып айтқан жөн сияқты. Аудандардағы спорт мектептерінің бюджетіне көңіліміз толмайды. Мықты балалар ауылдарда жүргенін ескерсек, сол жақтағы спорт мектептерінің жағдайын жасауды ойластырғанымыз жөн. Кеңес үкіметі тұсында спорт шеберіне үміткер, спорт шебері атақтарын алу қиын болған. Ал қазір басқаша. Серіктің, Мараттың турнирінде жеңгендер де спорт шебері боп шыға келеді. Ел чемпионатын ұтып алса мақұл ғой. Қысқасы, біз бапкерлер мәселесіне мұқият қарауымыз керек. Шын мәнінде мықты саналатын он саусақтан аспайтын бапкер бар. Әркім өз деңгейінде болуы керек», – деді үш дүркін «Қазақстан Барысы».

Мұнан соң еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының басшысы Ақжүрек Таңатаров сөз алды. Ол өз сөзінде спортшылардың жаттығу жиынын өткізу үшін Қырғыз Республикасына барып жататынын сын тезіне алды. «Қырғыз Республикасына барғаннан ештеңе ұтпаймыз. Олар бізге түк бермейді. Мәселен еркін күрес шеберлері шеберліктерін толыстыру, бәсекеге қабілетті болуы үшін Дағыстанға барғаны дұрыс. Барлық спорт түрлерінде сондай көзқарас керек. Қай спорт қай жақта мықты дамыса, сол жаққа жаттығуға барғандары жөн», – деді Ақжүрек Таңатаров пікірімен бөлісіп. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері өзі басқаратын мекеме жайлы да айтып өтті.

«Мен интернатқа келгелі алты бапкер алдырдым. Біреуі Алматыдан, біреуін Қызылордадан шақырдық. Мекемеміз 2003 жылы ашылған. Содан 2019 жылға дейін бірде бір Әлем чемпионаты мен Азия чемпионатынан медаль бермеген. Содан кейін медаль ала бастадық. Биыл Әлем чемпионатынан төрт медаль алдық. Оның екеуі күміс, екеуі қола. Өзім шақыртқан еркін күрестің бапкері Руслан Сексенбаевтың шәкірттері үш жүлде алғанын айта кеткен жөн. Бізде өзі грек-рим күресімен айналысқан, бірақ таэквондодан бапкер болып отырған да адам бар. Ол таэквондодан не үйретеді? Дзюдоны алсақ, соңғы жылы кадеттер арасындағы чемпионатта бір медаль жоқ. Сондай бапкерлерді ауыстырып, ең мықты жаттықтырушыларды менің интернатыма берген жөн. Өйткені бізде қазір облыстың ең мықты 220 баласы жаттығуда. Еркін күрестен бірнеше жыл бойы елімізде дес бермей келеміз. Аудандардағы ұзақ жыл басшы боп отырған директорлар туралы да айтарым бар. Он немесе он бес жыл отырмай, шынын айтқанда 3-5 жылда жақсы нәтиже беруге болады. Ал біздікілер олимпиадалық санатқа кірмейтін армрестлинг сияқты спорт түрлерінен чемпиондар шығарғанын айтып орнында отыра береді. Сосын таныстар арқылы келген бапкерлерді жұмысқа алып алады. Жасы келген кісілерді кеңесші қылып қойып, аудандарға жас спортшыларды шақырту керек. Дәл осылайша көп директорларды ауыстыру керек. Ең дұрысы, жұмыс істемейтін директорларды ауыстырған ләзім. Мен нәтиже бермесем, мен де кетуім керек. Одан қорықпаймын», – деді Ақжүрек Таңатаров.

Басқосу барысында дзюдо күресінен Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылкелдиев те сөз сөйлеп, өзекті мәселелерді әңгімесіне арқау етті. Одан бөлек, спорт саласының аңызға айналған ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ф.Цой, спорт ардагері М.Жақыт, «Жамбыл облысының спорт ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж.Әшімов өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Басқосуды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев спорт саласында бірқатар кемшіліктердің орын алғанын айтты. Сондай-ақ ол спорт мектептеріндегі жұмыстарды жүйелеу керектігін, олимпиадалық спорт түрлері бойынша келесі Олимпиадаға спортшылар әзірлеу керектігін шегелеп тапсырды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support