- Advertisement -

Елім деген ерлердің есімдері ешқашан ұмытылмайды

27

- Advertisement -

Қазақстан Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев Жарлығымен Жамбылдағы жарылыста қаза тапқан бірқатар құтқарушылар мен әскери қызметшілерді марапаттаған болатын.

Бүгін ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қайтыс болған өрт сөндірушілерінің туыстарына мемлекеттік наградаларды табыстады.

Әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болған, марқұм Сергей Владимирович Заикин І дәрежелі «Айбын» орденімен, № 4 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері-құтқарушылары Әділет Қанатбекұлы Әділбек пен Әліби Бексұлтанұлы Кеңес, № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің автомобиль жүргізушісі- қызметкері Ғафан Жомартұлы Қуатбек ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Шараға қатысушылар жарылыс салдарынан қайтыс болған өрт сөндірушілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Юрий Ильин Жамбыл облысында болған қайғылы оқиға салдарынан қайтыс болған өрт сөндірушілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Министр өз сөзінде азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері олардың отбасыларына алдағы уақытта да қолдау көрсететінін, ал балалары Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына түсуге ниет білдірсе, көмек көрсетілетінін атап өтті.

Өз кезегінде Бедібек Сапарбаев ерлікпен қаза тапқан азаматтардың әрқайсысы марапатқа лайықты екендігін атап өтті.

– «Тас түскен жеріне ауыр» деген сөз бар. Атпал азаматтарынан айрылған отбасыларға оңай емес. Қазақ елінің қабырғасы қайысты. Аза тұтты. Елім деген ерлердің есімдерін біз ешқашан ұмытпаймыз. Олар өздерінің қызметтік борыштарын адал атқарды. Қоғамның қауіпсіздігі үшін басын қатерге тігіп, өмірлерін қиды. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес Бас прокуратурадан арнайы тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Жарылыс неден туындады, кім кінәлі, барлығы анықталып, жарияланатын болады. Жауапты адамдар жазасыз қалмайды. Бұл мәселе Президенттің тікелей бақылауында. Бүгінде мемлекет тарапынан апат салдарынан қаза тапқан құтқарушылар мен әскери қызметшілердің отбасыларына тиісті көмек көрсетілуде. Қара жамылған әр отбасына 15 миллион теңгеден қаржы бөлінеді. Сонымен қатар несиелерді өтеу мәселесі де шешімін тапты. Сондай-ақ асыраушысынан айрылған отбасыларынан 16 адам жұмысқа орналастырылуда. Лайым, арты жақсылық болсын, – деді Бердібек Машбекұлы.

Сондай-ақ айта кетейік, осы күні түске дейін Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және қала әкімі Мұрат Әйтенов Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі-құтқарушысы болған, марқұм Жәнібек Жасұзақұлы Тұрмановтың ағасына ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support