Көне шаһардың көркін хас шеберлер ашады

62

Қасиетті Әулиеата шаһары қолөнер шеберлері мен талантты суретші, фотошеберлерден кенде емес. Олардың қолынан шыққан бұйымдар қашанда бағалы. Облыс әкімдігі туризм басқармасы «Тараз – Туризм» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырған қолөнер шеберлерінің бұйымдарын сатуға арналған іс-шараға және «Жамбыл облысы – фотографтардың қиял шеруінің мекені» атты көрмеге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, жартылай киіз үйлерге қойылған бірнеше сауда нүктелерін аралады.

Облыс әкімі әуелі тараздық қолөнер шебері Құралай Әуелбекованың үй тұрмысына қажетті бұйымдарына назар аударды. Құралай тіккен көрпе — жастықтар сапасына қарай 30-100 мың теңге аралығында саудаланады екен. Байзақтық Аққалам Жұмабаеваның да қолөнер жұмыстары көркемдігімен іс — шараның ажарын аша түсті. Өзі мүмкіндігі шектеулі болса да 5 адамды жұмыспен қамтып отырған «Аялы алақан жылуы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсел Даулыбаеваның қайсарлығы кім — кімді де бейжай қалдырмайды. Оның төңірегінен жұмыс тапқандар да мүмкіндігі шектеулі жандар. Облыс әкімі мұндай шеберлерге көмектің барлық түрі көрсетілуі керектігін айтты. Ал Әсел Даулыбаева: «Түркияның өнімдері мақталып жатады. Біздің қолымызбен жасалған отандық өнім Түркияның бұйымынан артық болмаса, кем емес», – деді.

Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы «Аспара» мәнерлік өнер және бизнес колледжі студенттерінің қолөнер бұйымдары қойылған киіз үйге аялдағанда: «Мен бұл колледж туралы жақсы білемін. «Аспара» колледжінің бұйымдары Тараздың брендіне айналуы керек қой. Бірақ орамал, беторамалдарыңызға: «Қазақстан. Таразда жасалған» деп жазыңыздар» деп тілек білдірді.

Осы орайда аталған бизнес колледжінің құрылтайшысы, танымал сән дизайнері Айдархан Қалиев киіз бұйымдардан және керамикалық заттардан жасалған бұйымдармен облыс әкімін таныстыра келе Италияда өтетін халықаралық көрмеге «Аспараның» қатысатынын, Таразда да көрме өткізу жоспарларында бар екенін айтты. Аталған колледж директорының орынбасары Жанар Шінетованың айтуынша, биыл осы колледжге 80 студент грант жүйесімен, 40 студент ақылы негізде түскен. Аймақ басшысы мұндай сапалы білім ордасына барлық қолдаулар жасалатынын айтты.

Бердібек Машбекұлына тараздық шебер Мағжан Қасымбековтың кәдесыйлары, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған «Ажур» шығармашылық студиясының бұйымдары ұнады. Студия жетекшісі, арбаға таңылған Дилафруз Махмадулаева 4 мүмкіндігі шектеулі ұстаз елуге жуық жеткіншекті тоқыма және сурет өнеріне баулып жүргенін айтты. Облыс әкімі мұндай орталықтардың қолдаудан кенде болмауы керектігін сөз етті. Өңір басшысы «Туризм жастары» еріктілерінің талапты оқушыларды суретке баулып жатқаны да ұнап, жас суретшілерге сәттілік тіледі.

Одан соң Бердібек Машбекұлы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені «Арбат-2» жаяу жүргіншілер аллеясындағы «Жамбыл облысы – фотографтардың қиял шеруінің мекені» атты көрменің жұмысымен танысты. Мұнда алдымен өңір басшысын облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай өзі ерекше ізденіспен түсірген фотоларымен таныстырды. Оның ішінде таудың үстінен, биіктен кранмен түсірілген фотолар бар. Фотолардың атаулары да ерекше. «Ен дала еркесі», «Көккөл», «Меркі балбал тасы», «Хан ізі қалған Хантау», «Түлеген Тараз», «Жаңқаға жан бітірген» деген атаулар ерекше екен. Өңір басшысы «Хан тағы» деген фотоның қасына бөгеліп: «Мынау тас шынымен таққа ұқсайды. «Жартастағы бейне» де табиғаттың өзі салған адам бейнесі. Ақыртасты да әдемі алған екенсің. Бәрі жақсы, ерекше түсірілген суреттер» деп Алтынбек Болатұлына ризалығын білдірді.

Юрий Кимнің «Төрткүл», «Жайлау», «Айша бибі» фотоларына да өңір басшысы ризашылық білдірсе, біздің әріптесіміз, газетіміздің фототілшісі Ақәділ Рысмаханның «Құралай сұлу», «Жеті қазына», «Шаһар шырайы» фотоларына да сүйсінді. Петр Норкиннің «Кешкі Шу», тараздық Ербол Әлімқұлов пен жуалылық Сәбит Күзенбаевтың фотолары да жақсы баға алды. Тараз қалалық білім бөліміне қарасты техникалық шығармашылық орталықта ашылған фотостудия (жетекшісі Алтынбек Қартабай) шәкірттерінің суреттері де осы көрмеге қойылған. Мәселен, жас үйренушілер Диана Рахымбекқызы, Әйгерім Болысбек, Нұртілек Талғатұлы, Думан Нұғманұлының түсірген фотолары бағалауға тұрарлық. Олар да ұшқан құсты, жаңа ашылған гүлді байқай білген.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы тұста қолөнер бұйымдарын сатуға арналған бес киіз үй тұрақты тұратынын, көпшілік мұнда қолөнер саудасы қызып жататынын білуі тиіс дей келе, жас фото өнерін үйренуші шәкірттердің қадамына сәттілік тіледі.

Есет Досалы

Comments are closed.