Жаңалықтар

Мал ұрлап ұсталғандар неге жазасыз қала береді?

Мал ұрлап ұсталғандар неге жазасыз қала береді?

Редакциямызға Жуалы ауданы Рысбек батыр ауылының тұрғыны Нұрлан Қылышбаев арызбен қайырылған еді. Қолында бір құшақ қағазы, аудио-видео жазбасы бар арызданушының дəлелді құжатымен таныса келіп, оның шағымына біз бейжай қарай алмадық. Өйткені мал жоғалтқан оның əрбір дəлелінің салмағын сезіндік. Тіпті жүргізілген тергеу амалдары мен сот отырысының құжаттарын рет-ретімен көрсетіп, осы іске қатысты əрбір адамның атын атап, түсін түстеп жазыпты. Құқық қорғау органдарына арызданып, əділдікке жете алмаған ол өз бетінше жүргізген тексеру жұмыстары кезінде ұрылардың да мойындауларын бейнетаспаға түсіріп алыпты. Бұл істе көп адамдардың есімдері аталған, бірақ біз оларды атамай, істің мəн-жайын зерделей келіп, арызданушының айтқан әңгімесін қағазға түсірдік. Біздің мақсатымыз құқық қорғау органдарының назарын осы іске аудару болды.

Негізі еліміздің заңдарында қылмыстық топтың құрамы мен көлеміне қарай барымташыларды 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Бірақ, өкінішке орай Заң қатайтылғанына қарамастан ауылды жерлерде мал ұрлығы тоқтар емес. Мәселен, Жуалы ауданындағы Рысбек батыр ауылында бір жылда 3 бұқа, 2 сиыр, 12 жылқы, 5 қой жоғалса, бір ғана Нұрлан Қылышбаевтың қорасынан бес-алты жылда 8 бас жылқы ұрланған. Оның айналасындағы елді мекендерді айтатын болсақ, Қошқарата ауылында барлығы 19 бас жылқы мен бұқа, Ертай ауылынан 2 айғыр, 5 бас бұқа, Көлтоған ауылынан 25 бас жылқы мен сиыр, Қызтоған ауылынан 17 бас жылқы мен тананы ұрылар айналдырған бірнеше жылдың көлемінде үптеп кеткен. Бұл – аудандағы Қошқарата мен Боралдай ауылдық округтерінде жоғалған мал саны ғана. Ал өзге ауылдық округтерде мал жоғалтқандар аз емес. Бір қызығы, Нұрлан Қылышбаевтың бір жылқысын үптеп кеткен екі ұры Күреңбел ауылында ұсталыпты. Оның кішісі мектеп оқушысы болып шыққан. Ұрылар сол сәтте қанша мал ұрлығына қатысы бар екендіктерін мойындағандарымен, ықпалды біреудің араласуымен олар жазадан құтылып кете барған. – Ұрылардың қалай сотталмай құтылып кететінін мен түсіне алмай-ақ қойдым, – дейді Нұрлан Қылышбаев. – Бірнеше жыл бұрын 8 бас жылқы, 5 бас қой жоғалттым. Қора жайым үйдің қасында. Ұрылар түнде қораға түсіп үптеп кетіп отыр. Сол сәтте қылмысты іздестіру бөліміне де шағым түсірген едім. Бірақ нәтиже болған жоқ. Бір жыл өткенде Күреңбел ауылында ауыл тұрғындары 2 ұрыны ұстап, полицияға тапсырды. Олар кімнен қанша жылқы ұрлағанын мойындарына алды. Тергеу-тексеру басталып еді, бірақ көп ұзамай тоқтап, ұрылар бостандыққа шықты. Сөйтіп малымыз қайтарылмай қалды. Ал үш жыл бұрын 25 бас жылқымды біреулердің жұмсауымен есіктің алдынан саудагер болып келіп, мені алдап алып кетті. Оларды маған кімдердің жұсағанын мен білемін. Нұрлан маңдай терімен тапқан малын даулап бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Прокурорға да, облыс әкімінің қабылдауына да кіріп шығыпты. «Ұрылар бірін-бірі жақсы таниды. Бірі қолға түсіп қамалса, екіншісі шығып, баяғы кәсібіне кіріседі. Олармен полиция өкілдері де байланысы бар ма деп қаламын. Өйткені алдыңғы менің жылқымды ұрлағанын мойнына алған кісіден малымды қайтаруды талап еткенімде, араға тергеуші араласып, баламды ұрды деп күдіктінің анасына маған қарсы арыз жаздырып алған. Сөйтіп менің өзімді кінәлі етіп шығарғысы келді. Ал күдікті болса, Алматы қаласына қашып кетті. Одан кейін есігімнің алдынан 25 бас жылқымды алып кеткендерді полицияға да, прокуратураға да, сотқа да бердім. Менің шағымымнан түк шықпады. Арызымды олардың бірде-бірі тіркемеген. Полицияны былай қойғанда прокурорлар да тыңдаған жоқ. Әйтпесе олар да ол істен хабардар, малды кімнің алғанын да жақсы біледі. Аудио, видео жазбалар да бар. Ол жазбалар сараптамадан бір айда дайын болса да бес ай жасырып келген. Кімге керек болғанын білмеймін, қолдағы бұл жазбалардың барлығын әдейі уақыт создырып, тергеуге қасақана кедергі жасады», – дейді ол. Ал өткен жылы танысымның 13 жылқысы жоғалды. «Түсінгенім бір адамның өмірі жетпейді екен шындыққа. Жеті жылдан бері шындықты таппай келем. Депрессиядан да шыға алмай қалдым. Малымды ойлай берсем, денсаулығымды да құртып аламын ба деп қорқамын. Егер полиция жұмыс істеймін десе бейнетаспа, аудиожазба және қағаз түрінде де дәлелдерім бар. Оның бірін де жергілікті полиция қарамай отыр. Назарға алғылары да келмейді. Себебі «қарға қарғаның көзін шұқымайды». Бүгінде менің ісімді қарағандардың көбі басқа жаққа ауысып, жоғарылап кеткен. Орнына келгендері болса алдыңғы істеп кеткендердің артын ашқысы келмейді. Осыдан кейін не ойларыңды да білмейсің? Ұрылармен полиция және прокуратура өкілдері сыбайлас жұмыс істеп отыр ма деген ойда қалдым. Мүмкін арыздана берген соң менің сағымды сындыру үшін құқық қорғау органдары әдейі істеп отыр ма деген күдігім де бар», – дейді ол. Нұрлан қарап жатпай өз тексеруін жүргізіп, талай фактілер тапқан. Тіпті сол фактілерін жою үшін базбіреулер ұрыларды да жіберіпті. Сөйтіп біраз айғақ жазылған дүниелерін алдыртып қойған. Қолындағы ұялы телефонында біреулер алып қашқан. Жалпы толып жатқан дерек көп. Мәселен, Рысбек батыр ауылының іргесіндегі Көлтоған ауылынан екі сиыр жоғалып, ол Тараз қаласындағы мал базарынан табылады. Оны ертемен арзан бағамен өткеріп жібермек болған ұры сол жерде ұсталған. Бір сағат өтпей ұры бостандыққа шыққан. Ал Қошқарата ауылында бұған дейін 60 бас қой ұрлап қолға түскен әкелі-балалы ұрылар бірнеше ай бұрын Қоңыртөбе ауылындағы көкпаршының айғырын ұрлап ұсталып қалады. Бірнеше рет мал ұрлығымен ұсталған ол әлі күнге бостандықта жүр. «Мал ұрлығына қатысты заң қатаңдатылса да маған тергеушілердің бұл іс-әрекеттері түсініксіз. Дәл осы ұрының баласы менің жылқымды ұрлағанын дәлелдейтін бейне және аудио жазбада оның есімі де бірнеше рет аталады. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан жұрт олардың да жазадан құтылып, дым болмағандай тайраңдап жүргендеріне таң», – дейді ол. Бір жылқысын жоғалтқан Көлтоған ауылының тұрғыны Дәулет Битеков ұрыны айғақты дәлелдермен ұстап берсе де, құқық қорғау қызметкерлері оның жылқысын қайтаруға асықпаған. Ұрыны да, мал иесін де екі жыл сүйреп барып, жылқысын қайтарған. Онда да бейнежазбасы бола тұра Дәулетті екі жыл сүйреген заң қызметкерлері Нұрланның жылқысын үптеп кеткендердің қылмысын ашу үшін қанша жыл керек? Ал Нұрланның жылқысын есік алдынан алып кеткендердің түрін түстеп, ұстап беріп отырса да заң оларға келгенде дәрменсіздік танытқан. Бұл іс сотта да қаралғанымен, көптеген куәгерлердің түсініктемесі назарға алынбай, Нұрланның айтуынша, қасақана бұрмаланыпты. Ұйымдасып жасалған қылмыста бір-ақ адам жаза арқалап, қалғаны түгел жауапкершіліктен босатылған. Ол істе полиция қызметкерлерінің қатысы бары анықталғанмен, ешқандай шара қолданылмаған. Сот процесінде прокуратура өкілдері ұрыны жақтаған. Сотта қылмыскердің қорғаушысы болған адвокатпен де тілдескен болатынбыз. Ол: «Қылмыскер жазасын алды, қалғанын білмеймін» деп жауап берді. Ал ол іске қатысқан азаматтардың көпшілігі жоғарыда айтқандай басқа жаққа ауысып кеткен. ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Бірнеше жылдан бері Нұрлан Қылышбаевтың бармаған, шағымданбаған жері жоқ. Полиция да, прокуратура да қолында дәлелі бола тұра істі қайта қарауға құлық танытпауда. Соттан да қайран болмаған Нұрланның ендігі үміті билікте. «Қарапайым шаруаның арызын кім тыңдар қояр дейсің?» деп қолды бір сілтегісі де келіпті. Бірақ ол әділдіктің орнайтынына сенімді. Жазадан қайта-қайта құтылып кететін ұрылардың, олардың ісін бүркемелеген сыбайластары қашанғы жазасыз тайраңдап жүре береді? Ол әділдіктің орнағанын қалайды. Сондықтан да бүгінде Нұрлан сол істі қайта көтеріп, прокуратураға арыз түсірген. Бұл арыз да бұрынғы арыздарындай тіркеусіз қалмай, қаралады, шындық жеңеді деген сенімде.

Марат Құлибаев,

Жуалы ауданы.