- Advertisement -

Вирусты таратушы кім?

111

- Advertisement -

Былтыр да солай болған. Жұрт «күзге қарай балалар коронавируспен жаппай ауыруы мүмкін» деген қауесетке сеніп, біраз дүрліккен. Сол шақта эпидемиолог мамандардың өзі көпке басу айтып, COVID-19 вирусы балалар үшін аса қауіпті емес екенін жеткізген. Ал биылғы жағдай басқаша. Өйткені дәрігерлердің өзі вирустың «Дельта» штаммы жас жеткіншектердің өміріне де қатер төндіретінін ескертіп, сақтыққа шақырып отыр. Тіпті жаз айларында брифингте Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев індеттің салдарынан бір айлық сәбидің шетінегенін мәлімдеді. Осыдан кейін онсыз да үрейленіп қалған көпшілікке қазір оқудың офлайн өтіп жатқаны да оңай соғып отырған жоқ. Ал соңғы аптада оқушылардың да ауыра бастағанын естігелі ата-аналардың дегбірі қалмай барады.

Осыдан бір апта бұрын санитарлық- эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова оқу жылының басынан бері елімізде 500-ге жуық оқушы коронавирустық инфекция жұқтырғанын айтқан. Ал алдыңғы күні көршілес Алматы өңірінде 120 мектептің 2,5 мың шәкірті карантинге жіберілгені мәлім болды. Жалпы жаңа оқу жылы басталғалы бері 422 оқушы, 47 мұғалім коронавирусқа шалдығыпты. «Егер бір бала ауырса, онда тұтас сынып екі апталық карантинге жіберіледі деген алгоритм бекітілген. Екі аптадан соң олар қайта мектепке оралып, қалыпты жағдайда оқи береді» дейді мамандар.

Айналаң түгел алаңдап отырған соң, біздегі жағдайдың қандай екенін саралау үшін тиісті мекемелерге хабарластық. Алдымен облыстық білім басқармасына қоңырау шалып, оқу процесінің қалай жүріп жат қан ын сұ р адық. М аман дар өңірдегі басқармаға қарасты жалпы орта білім беретін мекемелерде 13 оқушыдан коронавирустық инфекция анықталғанын мәлімдеді. Бұл жалпы оқушылардың 0,005 пайызы екен. Осыған байланысты 240 оқушы онлайн форматқа көшіріліпті. «Оның өзі індет балалар арасында кең таралып кетпесін деген сақтықпен қабылданған алгоритмге сәйкес жүзеге асырылып отыр. Қазіргі таңда ұстаздар оларға видеоконференция арқылы сабақ өтуде. Індетпен ауырған 13 мектеп мұғалімі анықталып, карантинге жіберілді», – дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Айдын Досыбаева.

Коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың республикалық матрицасына сәйкес қазір біздің өңір «сары» аймақта орналасқанымен, жағдай әлі тұрақтала қойған жоқ. Эпидахуалдың тұрақсыз екенін облыстық санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаева да айтты. Негізі эпидемиологтар жағдайды зерделеу үшін 1 қыркүйектен бері білім алушылар арасындағы аурушаңдық туралы мониторинг жүргізе бастапты. Мұндай саралау жұмыстары бұрын жалпы инфекцияның таралу аумағы бойынша жасалса, енді жас жеткіншектердің денсаулығын қадағалау мақсатында бөлек бақылауға алынған көрінеді.

Сонымен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті жүргізген өткен 15 күндегі статистика қандай? Екі ападан аса уақытта облыстағы балабақша тәрбиеленушілері арасында коронавирустық инфекциясының 2 жағдайы тіркелген екен. Бірақ олар ауру жұқтырған және ауырған кезеңде балабақшаға бармаған. Сондай-ақ мектеп оқушылары арасында аурудың 82 жағдайы тіркелген. Оның 61-і оқу жылы басталғанға дейін анықталған. Науқастанып қалғандардың 3-еуі орта арнаулы оқу орындарының студенттері көрінеді. Екеуі жазғы демалыс кезінде ауырған. Каникулда жатып індет жұқтырған 1 жоғары оқу орнының студенті мен мектеп-интернаттың 1 тәрбиеленушісі де осы тізімде.

Сақтықты ұмытса, ауырып қалмайын деп қауіп қылмаса, баланікін балалық дейміз. Ал мұғалімдер ше? Олар індетті қалай жұқтырды? Неге санитарлық талаптарды сақтамады? Жалпы вирусты таратушы кім? Оқушы ма, педагог па, ата-ана ма?

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, екі аптада педагогтер арасында КВИ-мен сырқаттанушылықтың 26 жағдайы тіркелген. Оның 14-і мектептің, 2-еуі мектеп- интернатының мұғалімі екен. Сондай-ақ 3 жоғары оқу орны мен колледж оқытушылары және 7 балабақша тәрбиешісі бар. Байқасаңыз, науқастанып қалған шәкірттен, ауырған ұстаздардың саны көп.

– Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары жалпы білім беретін мектептердің 21 сыныбына қатысты оқушылар арасында ауруларды тіркеу және 472 оқушы мен мұғалімді үй карантиніне көшіру жағдайлары бойынша карантин енгізу туралы 21 қаулы шығарды.

Тараз қаласындағы №1, 7, 15, 18, 22, 24, 29, 31, 39, 43, 46, 54 және 125 мектептерінде, Назарбаев зияткерлік мектебінде, Жуалы ауданының №11 білім ошағында аурудың 1 жағдайы тіркелді. Ал Тараз қаласындағы №30, 41, 47 мектептерінің әрқайсысында 2 жағдайдан анықталып отыр. Мұғалімдер арасында ауруларды тіркеу жағдайлары бойынша 5 жалпы білім беретін мектептің 16 сыныбына қатысты карантин енгізу туралы 5 қаулы шығарылды: Жамбыл ауданы Аса ауылындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-гимназия, Сарысу ауданы, Жаңатас қа ласындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп, Меркі ауданының Меркі ауылының №30 және Тараз қаласының №6 және №1 орта мектептерінде 316 оқушы мен мұғалім үй карантиніне ауыстырылды.

Сондай-ақ колледж студенттері арасында КВИ-дің 1 жағдайы тіркелді. Сондықтан Тараз қаласы темір жол колледжінің 2-курсының бір тобының студенттері карантинге жіберіліп, 25 студентті үй карантиніне көшіру туралы қаулы шығардық.

Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында орналасқан «Балдырған» балабақшасының 2 тәрбиешісінен коронавирус анықталуына байланысты 2 топтағы 28 тәрбиеленуші екі апталық үй карантиніне көшті, – дейді Салтанат Қордабайқызы.

Індетті дер кезінде анықтау, коронавирустың жас жеткіншектер арасында кең таралмауы үшін департамент «Білім беру ұйымдарының білім алушылары, педагогтері мен персоналы арасында коронавирустық инфекциямен ауыру жағдайы туралы уақтылы хабардар етуге жауапты адамдарды бекіту туралы» арнайы бұйрық та шығарып қойған. Облыстық білім басқармасына білім мекемелерінде жаңа оқу жылында санитариялық-эпидемияға қарсы режимді қалай сақтау керектігі туралы нұсқама да берілген. Алайда бұл іс қағаз жүзінде қалып қойған сыңайлы. Әйтпесе, 15 күннің ішінде білім алушылар арасындағы сырқаттанушылық деңгейі осылай болса, І тоқсан аяқталғанша жағдайдың қалай өзгерерін болжап көрудің өзі қорқынышты.

Тілші түйіні: Жаңа оқу жылының басталғаны жаңа. Екі аптадан енді асты. Алайда жас жеткіншектердің арасында коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны көңілге қауіп алғызады. Сабақты дәстүрлі форматқа көшірудің астарынан сыр іздеп, екпе егудің «жоспарына» жорысақ та, балалардың денсаулығы бәрінен маңызды. Ал білім берудің бір жылдан астам уақытта бірде онлайн, бірде офлайн, енді бірде аралас жүйеде өткенін ескерсек, сақтықты сақтай отырып, тәуекелге барудың да реті бар. Қорыта айтсақ, «былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынадының» кері келіп тұр.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support