- Advertisement -

Қай ағам бақытты?

242

- Advertisement -

ҚАЛАДА …

Ауылдан ұзап, алғаш мінберге көтерілгеннен жарқырай көрінді. Жанарынан ұшқын ататын. Адамзаттың шоқжұлдызындай еді-ау!

Пошымы бөлек, ақылы ерек ағам қара басының қамын күйттеген жоқ. Халқының мұңын шақты, қасіретін шекті. Жасынан-ақ ісінің де, сөзінің де берекесін танытқан. Басқарған мекемесін ұршықша иіріп, ұшпағына шығарған. Кесек-кесек ойларын түйдек-түйдегімен төккенде, мың жерден түйінделген қандай мәселе де шешіліп кете береді.

«Ел мақтаған жігітті билік те жақтаған». Үлкен үйдің есігінен ендіріп, төріне оздырды. Саф алтындай салмағы бар жазғандарын замандастары мойындады, ізбасарлары көкейлеріне мықтап түйді, табынар құбыласына айналдырды, оқырмандары «Әп, бәрекелді» десіп сүйсіне оқыды. Содан кейін де ағамның атағы мемлекеттік марапаттармен өлшенді. Академик, профессор, ғалым… Мен дегеннің қолы жете бермейтін медальдар, өлшеусіз шаруа тындырған оғландардың арманына айналған ордендер кеуде тұсында көз жауын алардай сыңғырлады.

Несі бар?.. Еңбегі – ерен, сөзі – өткір, ойы – өтімді.

Айтпақшы, жеңгей де паң еді! Келін болып түскен жылдары тал шыбықтай бұралған ару ағамның дәурені оңынан туып тұрғанда кексе жуан сары қатынға айналып шыға келген. Енді ше?.. Анда барса да құрметті, мұнда келсе де құрметті. Ішкені – алдында, ішпегені – артында. Алқалаған әлеумет ортасына ала кетеді. Сый-сияпатын сала кетеді. Қос қоржыны тола кетеді.

Қаладағы ағам мәртебесіне сай көк жайлауда желдіріп тұлпар да мінді, асыл зерлі шапан да ілді иығына. Үйдегісінен түздегісі көп. Халықтың қалаулысы, жұртының шырағы ғой. «Еңку-еңку жер шалып», ел ішінің кірбіңін жазды, қыртысын түзеді…

Бірақ… иә, бірақ ағамның «бұтақтары» қисық бітіпті. Айналдырған екеу еді. «Қисық бұтақтар» ағамның қасиетін қайтсін?! Аяқ-қолдан әл кетіп, дүбірлі дәурен соңғы демін алғанда кесірі өзіне тиді-ау! Қанша жылдар халқының қамымен шабылғанымен, қартайғанда қасыңда болмайды екен ғой халық. Қатыны – жүгенсіз, балалары – сүреңсіз.

Ол өз тілін аспандатып жүргенде, отбасы ақсаңдатып алыпты. Ол ұлттық тәрбиені ұлағаттап жүргенде, отбасы сыра, арақ ұрттап жүріпті. Ол «ұлтым, жұртым» деп жүргенде, отбасы бір діннің жетегінде кетіпті. Ең сорақысы, ол «бейнетімнің зейнетін көремін» дегенде, жеңгеміз жиған- тергенін қалтасына басып, «мен кеттім» дегені…

АУЫЛДА…

Қызылдың заманынан қой баққан. Ойда шаруасы тұрмақ, шатағы да жоқ. Он отар қойын отыз жыл бағып, аузы жабылмайтын сампылдақ қатынына сегіз ұл, егіз қыз таптырды. Бір кездері үйелмелі-сүйелмелі он қарадомалақ ұядай шаңырақтың апай-топайын шығарып жататын. Кешқұрым қи сасып келеді қора жақтан. «Әй, қатын, шайың дайын ба?» деп табалдырықтан аттағаннан олпы-солпы қара сирақтардың бірі балағына, бірі басына өрмелей кететін. Діңкесі құрып, шаршап-шалдығып келсе де мыңқ демейді- ау сабазың. «Ө-өй, жамандарым менің, әрқайсың бір жалғызым» дейді де қисая кетеді мақтасы шығып кеткен құрақ көрпеге.

Бұл ағам ауылдан аттап шықпаған. Оралханша айтсам, ауданның өзіне екі-ақ рет барған шығар. Біріншісінде, паспортын алуға, екіншісінде, қай бір жылы ауырып, ауруханаға жатуға…

Колхоз құрғыр тарап кеткенде де ағамыз алдына біткен аз-маз малынан айныған жоқ. Күн ұзаққа соңында сандалып, көбейтті төрт түліктің басын. Ал балалары… қойлы ауылдың қоңыр сөздері құлақтарына сіңіп өсті ғой, қазақшадан басқасын қайдан ұқсын. Қозы-лақпен жарысып жетілген, көгілдір экранда несі бар олардың? Әр дастарқан сайын «Әумин» деспей ме, Жаратқанын танымай қай сайтан түртіпті. Осылай есейді, жетілді, өсті.

Көнетөз тақиясын қисайта киген атам қиядағы қыздары мен ұядағы ұлдарының ортасында қазір. Қайсысына барып, ырқына көндірем десе де, қайраты жетеді. Кей-кейде «Ө-өй, әкеңнің!..» деп шетінен сықпыртып алатыны бар…

P.S. Қай ағам бақытты?

Асхат РАЙҚҰЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support