- Advertisement -

Желітажал біздің қоғамға да жетті…

171

- Advertisement -

Былтырдан бері «кибербуллиң» тақырыбы бізде де жиі көтеріліп жүр. Оған дейін де Қазақстанда кибершабуылдардың мысалы болған жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ соңғы кезде өршіп, дәл қазіргі таңда пісіп, жарылғалы тұрған «темаға» айналды. Әлеуметтік желіде белсенді болған, іргеміздегі Түркістан облысында туған, былтыр ғана Тараз жұртшылығымен қауышып, «Жүрекке оралу» атты кітабын таныстырып кеткен жас жазушы Аягүл Мантайды да біреулер кибербуллиңнің құрбаны деп жүр. Оны сот анықтай жатар. Біздің мақсат – оқырманға сөздік қорымызға енді- енді еніп жүрген осы ұғым туралы шама-шарқымызша түсінік беру.

 КИБЕРБУЛЛИҢГЕ КІМДЕР БАРАДЫ?

Рас, бұл тақырып бұқаралық ақпарат құралдарында дүркін-дүркін қаузалып қояды. Сарапшылар бұған «заманауи қарым-қатынас құралын пайдаланып, қорқыту неме се қудалау» деп қысқаша анықтама берген. Яғни, әлеуметтік желі, мессенджер, қоңырау шалу арқылы жүзеге асатын әрекет. Юнисефтің мәліметінше, адамды қорқытып- үркітуге, масқаралауға, қудалауға бағытт а лған әрі қайт а ланып отыратын бұл дүниенің бірнеше белгісі бар. Олар әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарату немесе біреудің ерсі фотосын жариялау, адамның ар-ожданын қорлайтын немесе қорқыту мәніндегі хат жіберу, өзін басқа біреу ретінде таныстырып әдепсіз хабарлама жолдау.

Ал мұны тоқт атудың бір жолы бар, заңға сүйену керек. Құзырлы органдарға нақты дәлелді көрсету арқылы кибербуллиңнің жолын кесуге болады. Өкініштісі, ел Конституциясының дәл кибербуллинкке қатысты талаптары шикі болып тұр.

Психолог Балабек Сақтаған алдымен буллиң мәселесін алға тартты. Ол – балаларға мектепте не болмаса қоғамдық, шынайы өмірде адамдардың физикалық, психологиялық тұрғыдан, сөз және әрекет арқылы қысым көрсетуі. Кибербуллиң – әртүрлі әлеуметтік желілер арқылы адамдардың басқаларға агрессиялық түрде психикалық және моральдық қысым жасауы. «Буллиң мен кибербуллиңнің айырмашылығы – алғашқысы белгілі бір уақыт аралығында өтеді. Мысалы, мектепте буллиң жасалса, сабақ аяқталған соң ол тоқтайды. Ал кибербуллиңге қатысты алдын ала шара қолданбаса, оның ішінде өкілетті ұйымдарға хабарласпаса, үнемі әлеуметтік желі арқылы қудалап отырады, қысым көрсетеді», – деп түсіндірді маман.

Сарапшылардың пайымынша, кибербуллиңге баратындарды бірнеше санатқа бөлу керек. Алғашқысы, «кек қайтарушы» – тұлға өзі кибербуллиңнің құрбаны болған, яғни ол бейсаналы түрде сондай әрекетке өзі баруға мәжбүр. Екіншісі, «билікке құмарлық» – барлығына өзінің билігін жүргізуге ұмтылыс. Бұл қадамға отбасында ата-анасының ажырасуы немесе толық емес отбасынан шығып, өміріне көңілі толмай өскен адамдар жиі баруы мүмкін. Үшіншісі, «жағымсыз бейне» – басқаны кемсіту, қорқыту және мазаққа айналдыру арқылы көңілін көтеруші. Келесісі, «кездейсоқ қудалаушы» – көпшіліктің теріс пікірі арқылы басқаларды қудалау. Бесіншісі, «интернеттегі қорқыту мен қорлау» – бұл адамның психикалық денсаулығына қатты әсер ететін ауыр психикалық күйзеліс. Мұның салдары депрессия, мазасыздық, өзін-өзі бағалаудың төмендігі, тәуелділік, импульсивтілік, өзіне деген сенімділіктің жоғалуы мен дәрменсіздік сезіміне әкелетін көрінеді.

ОСЫ БІЗ 147-БАПТЫ БІЛЕМІЗ БЕ?

Заңгер Алмас Жұмағалидің сөзіне қарағанда, әлеужеліде қудалаудың да бірнеше түрі бар, соған сәйкес әрқайсысына қатысты қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте арнайы баптар қарастырылған. Мәселен, екі адамның арасындағы әңгімені әлеуметтік желіге рұқсатсыз, қандай да бір мақсатпен жарияласа, ол қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылықтың құралы не тәсілі болуы мүмкін. Нақтылай айтқанда, ақша талап ету мақсатында екеуара әңгімені жарияласа, Қылмыстық кодекстің 194-бабымен (қорқытып алу) сараланады. Ешқандай мақсатсыз әлеужеліге жеке әңгімені жариялау да Қылмыстық кодекстің 148-бабымен (хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф хабарлары немесе өзге де хабарлар құпиясын заңсыз бұзу) қаралады.

«Бізде адамдар осы ережені дұрыс сақтамайды. WhatsАpp арқылы сөйлесіп, скриншот жасап, әлеуметтік желіге салады. Қарама-қарсы жақтың оған рұқсат беру- бермеуіне қарамайды. Егер екінші тарап рұқсат бермесе, бұл – қылмыс. Ал желіде жарияланған скриншот, аудио, видео материалдың ішінде өзара сөйлесу ғана емес, сонымен қатар жеке өмірге қатысты құпиялар болса, ол Қылмыстық кодекстің 147-бабындағы (жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және дербес деректер мен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу) қылмысқа жатады», – дейді заңгер.

Үшінші тұлға да екі адамның әңгімесін әлеуметтік желіге жариялап жіберсе, оны да Қылмыстық кодекстің 148-бабымен жауапқа тартуға толық негіз бар. Ал мұндай әрекеттер адамның өзіне қол салуына алып келсе, бұл әрекет Қылмыстық кодекстің 105-бабы (өзiн- өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша қаралады. Алайда бұл қылмыс заңда көрсетілген үш тәсілдің біреуі негізінде жасалған болуы керек. Олар қорқыту, жәбірленушіге қатыгездікпен қарау және жәбірленушінің адами қадір-қасиетін үнемі қорлау. Десе де, Қылмыстық кодекстің 105-бабы 2-бөлігінің 4-тармағына өзгеріс енгізілген екен. Соған сәйкес, телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернет желісін пайдалану арқылы жасалған өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу қарастырылған. Бұл бап бойынша бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың пайымынша, заңға «Әлеуметтік желі кодексін» енгізу қажет. Өйткені біз ақпараттандыру мен жаһандану заманында өмір сүрудеміз. Мемлекетті, адамды дамытуға оң қадамдар жасаумен қатар, әртүрлі тегеуріндер де келіп жатыр. Сол себептен де кибербуллиң мәселесі назар аудартып тұр. «Бұған дейін «Әлеуметтік желі кодексі» қажет екенін жаздым. Бұл бөлек заң қабылдауды емес, желіде өзін-өзі ұстаудың этикалық-моральдық заңы қажет екеніне меңзейді. Демек әлеуметтік желіде адамды қорғау, ар-ожданын қорғау жөнінде белгілі бір заң қажет», – дейді ол. Демек, адамның жеке басын қорғауға бағытталған Азаматтық кодекстің баптары жетіспей тұр. Бұл орайда, аталған кодекстің 143-бабында ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау мәселесі қарастырылғанын ескеру қажет.

Оның айтуынша, көптеген азамат, мемлекеттік органдар сын, мін, жеке басқа қатысты мәселе туа қалса, сотқа жүгінбеуге тырысады. Ең қажеті – әлеуметтік желіде өзін ұстаудың мәдениетін қалыптастыру. Мәдениет – біреудің жеке басына тиіспеу, жеке ісіне араласпау, бір-біріне сыйластық көрсету.

КИБЕРШАБУЫЛДАН ҚОРҒАНА БІЛУ КЕРЕК

Психолог Бақдәулет Мамырханұлының пікіріне қарағанда, кибербуллиң жағдайында жәбірленушіге ғана емес, зәбір көрсетушіге де көмек қажет. Өйткені адамдардың болмысы тура саусақ іздері секілді, қайталана бермейді. Бірі айналасының назары жетіспегендіктен, енді бірі визуалды тұрғыда өзін тұлға ретінде көрсете алмауынан хейтерлік әрекеттерге барады. Алайда қазір көп азаматтың интернет ресурстардағы алаяқтық, қорлау, бопсалау әрекеттеріне иммунитеті қалыптасқан. Бірақ шығармашыл, сенгіш, шыншыл адамдар мен жасөспірімдердің кибербуллиң құрбаны болып жатқаны жетерлік.

«Ғаламторды көп пайдаланатын, әлеужеліде көп уақытын өткізетін жандар визуалды және виртуалды өмірдің айырмашылығын ұққаны жөн. Қандай да бір ақпараттың болмысы, туындататын эмоциясы, әсері жүз пайыз адам психикасына жете бермейді. Ал адамдар ол ақпаратқа өзінше пайым жасап, ой деңгейінде жетілдіріп алады. Бұл – шынайы өмірге қарағанда көбіне солға тартып кететін фактор.

Қазіргі қоғамның тұрғындары техникалық байланыс құралдары (телефон, әлеуметтік желі, рация, телеграмма, т.б.) қандай да бір қажеттіліктер үшін, ақпараттармен жылдам алмасу үшін ғана керек екенін ескерген дұрыс», – дейді Б.Тілеухан.

Ал біздің өңірде осы кезге дейін кибер буллиңдік шабуылға қатысты жағдайлар тіркелмеген екен. Облыстық полиция басқармасы тергеу бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Руслан Жаманбаевтың айтуынша, дүниежүзілік статистика мұндай қауіпті тәсілге көбіне жасөсіпірмдер ұшырап жататынын көрсетеді. «Дегенмен, әлеуметтік желіні қолданатын кез келген адам абай болғаны дұрыс. Кибершабуылға тап болған жағдайда біздің бөлімшеге бірден хабарласып, істің анық- қанығын тексертіп алғаны ләзім», дейді құзырлы орган өкілі.

Сөз соңында айтарымыз, егер басқа біреудің тарапынан қысымға ұшыраған жағдайда кибершабуылды айғақтайтын дәлел жинау керек. Оған скриншот, видео, аудио материалдар, жарияланым сілтемесі жарайды. Әлеуметтік желі арқылы қудалауға барған адам жазбасын өшіріп тастаса да, құзырлы орган сілтеме арқылы қажетті ақпаратты ала алады екен.

Заңгерлердің айтуына қарағанда, нақты оқиғаға байланысты қылмыстық іс пен әкімшілік іс бойынша шешімді сот қабылдайды. Ал азаматтық іс қозғалса, бірден сотқа беру арқылы бірнеше талап қою мүмкіндігі бар. Олар – жазбаны алып тастауды міндеттеу, кешірім сұрату, моральдық шығын талап ету. Немесе осы үшеуін қатар талап етуге болады.

Асхат Райқұл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support