Экономика

«Тараз химиялық паркі» өңір экономикасын өрге сүйрейтін болады

«Тараз химиялық паркі» өңір экономикасын өрге сүйрейтін болады

Халқымыздың әл-ауқатының нығаюы еліміздің экономикасы-мен тығыз байланысты. Ал экономика өндіріс қалыпты жұмыс жасағанда ғана өркендейді. Қазіргі кезде елімізде Қазақстанның Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына кіретін жобалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының 2012 жылғы 10 шілдедегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында Елбасы экономикалық және әлеуметтік жаңғырту, жаңа өндірістер салу қажеттігіне тоқталған болатын. Еліміздің әлеуметтік жаңғыртылуы – Қазақстан азаматтарының санасын өзгерту болып табылады. Өнімді еңбекке негізделген Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы туралы кең ауқымды идея арқылы әлеуметтік қорғау жүйесінен әлеуметтік прогресс жүйесіне көшу қажеттілігі түсініледі. Бұл тұрғыда ел дамуына үдемелі үлесін қосатын 10 арнайы экономикалық аймақтар құрылғаны белгілі. Олар: «Астана – жаңа қала», «Ұлттық индустриалдық мұнай және химия технопаркі», «Алатау» инновациялық паркі», «Сарыарқа», «Оңтүстік», «Ақтау теңіз порты», «Қорғас-шығыс қақпасы», «Павлодар», «Бурабай», сондай-ақ, «Тараз химиялық паркі». Ел экономикасын көтеруде өзіндік орны бар арнайы эко-номикалық аймақтың бірі – «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамы Мемлекет басшысының 2012 жылғы 13 қарашадағы №426 Жарлығының негізінде құрылған. Арнайы экономикалық аймақтың жеңілдетілген тәртібі аясында экспортқа бағытталған жаңа химиялық өнімдердің түрлерін өндіру бойынша 15-тен астам химиялық зауыттар салу жоспарлануда. Арнайы экономикалық аймағының құрылысы үшін облыстың Шу ауданында көлемі 505 гектарды құрайтын  жер телімі бөлінген. Қазіргі уақытта бірінші кезек шеңберінде натрий цианидін, күйдіргіш сода және хлор, хлорлы фосфор, глифосат өндіру бойынша 4 жоба жүзеге асырылуда. Бұл алдағы уақытта 2400-ге жуық азаматтарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туғызбақ. Сонымен қатар, Тараз химия кластері аумағында оқу орталығы құрылмақ. Орталық химия саласындағы нақты жобаларды жүзеге асыру үшін әртүрлі біліктіліктегі мамандарды даярлауға ықпал етпек. Қызмет тиімділігін арттыру мақсатында жұмысшыларды қайта даярлау мәселелері басты назарға алынып, олардың тек академиялық институттарда ғана емес, басқа да шетелдегі өндіріс компанияларында машықтануы жоспарлануда. Өйткені, білікті маман – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қозғаушы күші.

Ғабди БЕКБАУОВ, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының басқарушы директоры.

Шу ауданы.