- Advertisement -

Саны бар, суы жоқ санитарлық тораптар

200

- Advertisement -

Жолақысын келісіп, қайда баратынымызды түсіндіріп айтқан соң, қолымдағы қобыраған қағаздарды қайта сапырып қарап, ойланып кетсем керек. Емханадан шыққанымды байқаған такси жүргізушісі әлдене айтпаққа оқталып, ақырын жөткірінді. Жол қысқа болса да, тыңдауға дайын екенімді білдіріп, көліктің алдыңғы жағындағы айнаға көз салдым.

– Үйден оқығанша, балалардың мектепке баратыны дұрыс болды. Бірақ жас жеткіншектерге де екпе салады деген сөз бар. Соған алаңдап жүрмін.

– Саламыз десе, қайтесіз? Келісесіз бе? Мектепте оқитын ұл-қызыңыз бар ма еді?

– 10-сыныпта оқитын бір қызым бар. Немерелерімнің алды мектепке барып жүр. Солардың денсаулығын ойлап, уайымдаймын. Қалай болған күнде де, ата-анасының келісімінсіз, вакцина салмайтын шығар. Алайда қайтадан дәстүрлі оқуға оралғанына қуандым. Үйден қадағаласақ та, мұғалімнің түсіндіргеніндей, партада отырып оқығандай болмайды.

– Немерелеріңіз мектепті жатырқап қалмап па?

– Бала біткен қай ортаға да тез үйренеді емес пе. Меніңше, оқушылардан гөрі бұрынғыша оқытуға мектептер дайын емес секілді. Алдыңғы күні немеремнің сынып жетекшісі теле фон шалды: «Балаңыз әжет сындырғысы келіп тұр, тез жетіңіз», – деді. Шаруамды тастай салып, бардым. Сөйтсем, сырттағы әжетханаларды ішке қарай ауыстырғанымен, суы ақпай тұр екен. Амалсыз, аулақтау жерге апардым…

– Қай мектепте оқитын еді?

– Осы қалада ғой, №54-шіде…

Кей нәрсеге келгенде, арқаны кеңге салып жүріп алатын әдетіміз. Бірақ, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы – кезек күттірмейтін мәселе емес пе?! Әлде, бір жылдан астам уақытқа созылған оқу форматындағы өзгеріс сала басшыларын осындай жауапсыздыққа үйретті ме екен?! Жоғарыдан бақылау болмаса бір сәрі. Осыдан туп-тура екі ай бұрын өткен бір жиында өңір басшысы дәл осы санитарлық тораптар туралы жауаптыларға мықтап тұрып тапсырып еді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сан қумай, сапасын қадағалау керек екенін одан кейін де бірнеше рет ескерткен. Содан нәтиже шығармағандары қалай?

Сол жиында облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаева облыс бойынша барлық білім ошағында әжетханалар толықтай ішке ауыстырылғанын айтып, кейбір аудандардағы санитарлық торабы бар, бірақ суы жоқ мектептер туралы мәселе көтерген болатын. Оның ішінде су бір-екі сағат қана берілетін ауылдардың да бар екенін жеткізген. Ауылдық жерлерде мұндай түйткілдердің туындайтыны түсінікті. Алайда орталықтың өзінде осындай проблема болса, шалғайдағы елді мекендердегі білім мекемелеріндегі жағдайдың қандай екенін шамалай беріңіз. Санитарлық тораптардың қызметі үздіксіз тоқтамай қызмет көрсетіп тұруы керек емес пе? Дәрет сындырғысы келетін балаларға «суы жоқ, қоя тұрыңдар!» немесе жоғарыдағы мысалдағыдай «қазір атаңды шақырамыз, шыда» деп айта ма? Бір мезетте бірнеше бала әжетханаға барғысы келсе не болмақ сонда? Қайсыбірінің атасына хабарлап үлгереді…

Санитарлық тораптарға байланысты қосымша мәліметтерді білу үшін жиында мәселе көтерген департамент басшысына хабарласып, санитарлық тораптарға қатысты тағы қандай кемшіліктер анықталғанын сұрадық. Дәмеш Шайхықызы өңірдегі мектептер толығымен ішкі әжетханалармен қамтамасыз етілсе де, 10 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында әжетханалар тек сыртта орнатылғаны анықталғанын айтты. «Жамбыл ауданында бір шағын орталықтың, Жуалы ауданында – 4, Талас ауданында – 2, Т.Рысқұлов пен Мойынқұм аудандарында бір- бір мекеме бұл тапсырманы әлі орындамаған. Сондай-ақ Жуалы, Мойынқұм аудандарында 5 балабақша әлі күнге тасымалдау арқылы сумен қамтамасыз етіліп отыр», – дейді.

Осы мәселеге қатысты сауалдарды облыстық білім басқармасына да жолдадық. Жауапты мамандар су мәселесі бойынша түйткіл тек Мойынқұм ауданында барын айтқан-ды. Нақтысы, Қияқты ауылындағы Ағыбай батыр атындағы негізгі орта мектебіне, Мирный ауылындағы В.Терешкова атындағы, Ақсүйек ауылындағы №1 орта мектептерге ауыл әкімдігі аптасына 2 рет су тасып беріп отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Мыңарал ауылындағы Мыңарал орта мектебі орталықтандырылған су жүйесіне былтыр қосылғанын жеткізген болатын.

Ел іші болған соң, әңгіме айтылмай қалмайды. Ауылға барған кезде де аудан орталығы Құлан ауылындағы мектептердің өзінде санитарлық тораптардың сапасыз жасалғаны жайлы әңгімені құлағым шалды. Оны, тіпті сол білім ошақтарында еңбек етіп жүрген мамандардың өздері айтып жүр. Мәселе көтеріп, нақтылап «пәлен» деуге тағы қашады. Айта қалса, бірден сол ортада «ала қарға» атанарын олар да жақсы біледі.

Жалпы мектептің ішіне ауыстырылған санитарлық тораптардың сапасының сын көтермейтінін көпшілік жиі қозғап жүр. Әсіресе ауылдағылар «Әжетханасы ішінде орналасқан мектеп біздің не сәніміз, сонша оқушы бар, ауасын тазартып, желдетіп қоюдың өзі оңай болмайды ғой. Суағызарының өзі көпке шыдамас» деседі. Соған қарап, мәселе тек ауылда екен десек, қалада да қағаберісте қалған түйткілдер бар екен.

Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Мырза-Ғали 19 тамыз күні әлеуметтік желідегі парақшасында «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері білім ошақтарының жаңа оқу жылына даярлығын зерделеу мақсатында рейдке шыққанын, сонда бірқатар кемшіліктер анықталғанын жазды. «Қалалық мәслихаттың депутаттары Жанар Бүркітбаева, Бақытхан Әлімханов, Нұрлан Саурықов және Мұрат Бердалиевпен бірге шағын аудандарда орналасқан №45, 39, 25 және темір жолдың арғы бетіндегі №18 мектептерді араладық. Ағымдағы жөндеуден өтіп, бір жаңарып қалған білім ғимараттарындағы дайындық жаман емес, алайда кейбір кемшіліктерге көз жұма қарауға болмас. Қайсыбір оқу орындары «жаңа оқу жылы қарсаңында берілетін дайындық актісін алып қойдық» дегенімен, онда әлі күнге дейін жұмыс жалғасып жатыр. Мәселен, «За линией» аталып кеткен аудандағы №18 мектепте директордың кабинеті мен әжетханасын жөндеуге кезек енді келіпті… Тізбелей берсең, өзге олқылықтар да жетерлік. Бұл ретте қалалық білім бөлімінің «дайындық актісіне» қалай қол қойғандығы таңдандырады!» деп, кем-кетікті ашып көрсеткен.

P.S: Депутат жазбасына қарап, таксистердің де айтатынындай бар екен деп ой түйдік. Балалар мектепке оралып, ұстаздарымен, сыныптастарымен қауышуға дайын болғанымен, офлайн оқытуға мектептер дайындалып үлгірмей қалған сыңайлы. Қағаз жүзінде есеп бергенге келсек, бәрі жақсы. Алайда саны бар, сапасы жоқ. Санитарлық тораптардың суағарының жөнді істемей тұрғанына ауылдағылар аса қынжылып та жүрген жоқ. Бұдан гөрі даладағысы жақсы деседі. Тек, балалар сыртқа шыққанда мұғалімдер, техникалық қызметкерлер көз қырын салып, қадағалап тұрса дейді.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support