- Advertisement -

Ұдайы алға ұмтылу қажет

248

- Advertisement -

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауында үнемі қоғамдағы маңызды мәселелер қамтылады. Бұл жолы да өте өзекті әрі өміршең тақырыптар қаузалды.

Қазіргі уақытта елімізде ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығын алаңдатып отырған індет мәселесі  Жолдауда көтеріліп, Президент нақты әрекеттерге қадам басуды тапсырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия еліміздің әлем елдерімен қаншалықты бәсекелесе алатынымызды аңғартты деді. Сол себепті Қазақстандағы медицина саласының дамуына бірінші ретте барлық назарды бөлу қажеттігін, маман даярлау, дәрі-дәрмек өнімдерін елімізде өндіру, арнайы медициналық орындарды ашуға бүгінгіден де мол қаражат қарастырылатынын жеткізді. Отандық дәрі-дермектер мен құрал-жабдықтардың үлесін 50 пайызға дейін жеткізу керектігін айтты.

Сондай-ақ тағы бір өте маңызды сала – білім беру ісіне көп көңіл бөлініп, сапалы маман даярлауды жақсарту қажеттігін де тілге тиек етті. Ол үшін мемлекеттік қазынадан 1,2 миллиард теңге қаржы құйылады деді. Бұл қыруар қаражат жүйелі түрде жұмсалып, көздеген айқын мақсатқа жету жолында еңбек етуіміз керек.

Жалпы алғанда, қазір дүние сан құбылған мерзімді өткеруде. Бұл жағдай да Мемлекет басшысының айрықша назарында екендігін аңғардық. «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда әлеуметтік масылдық көрінісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар  аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осы сияқты жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне, қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс. Дайындалып жатқан әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек», – деді Президент.

Қазақ елі Тәуелсіздік жылдарында аз қиыншылық көріп, осы күнге оңай жеткен жоқ. Қай жолмен жүруді таңдағанда дамудың дұрыс бағытына түсетінімізді саралаудың өзі қандай ауыр екенін түсіну қиын емес. Бірақ сара жолдан ауытқымай, аяңдап болса да адаспай келе жатқанымыз анық.

Президент жаңа Жолдауда кез келген сын-қатерге әзір болу керектігімізді де жасырмады. «Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік. Еліміз тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтындығы қазірдің өзінде айқын байқалуда. Кез келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Ерболат САУРЫҚОВ,

Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support