- Advertisement -

Жыр алыбының үлгісі халық даналығында

228

- Advertisement -

«Батыры жоқ ел бақытсыз, ақыны жоқ ел екі есе бақытсыз» деген дана қазақ халқының сөзі бар. Құдайға шүкір, бізде батыр да, ғалым да, ақын да жеткілікті. Сондай ірі тұлғалардың бірі – даланың Гомері атанған Жамбыл Жабаев. Жуырда Қырғыз елінің астанасы  Бішкек қаласында «Өлең жырының алыбы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция Қырғыз Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналды. Конференцияның ұйымдастырушылары – Халықаралық түркі академиясы (Қазақстан), «Манас» және Шыңғыс Айтматов ұлттық академиясы (Қырғыстан). Конференция жұмысына Жамбыл Жабаевтың мұрасын зерттеген белгілі жамбылтанушы ғалымдар, Жамбыл және Алматы облыстарының делегациясы қатысты.

Бауырлас қырғыз халқы Тәуелсіздікті 1991 жылы 31 тамызда алды. Конференцияда Тәуелсіздік туралы Декларацияға қол қойған Қырғыз Республикасы Парламентінің тұңғыш төрағасы Медетхан Шеримкулов өз ойларымен бөлісті.

Тәуелсіздік қазақ және қырғыз халықтарына не берді, 30 жылдың ішінде қандай құндылықтарға қол жеткіздік, қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын дамыту үшін қандай жаңа жолдар ашылды – осындай мәселелер конференция барысында жан-жақты талқыланды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай:«Біз тәуелсіздікпен бірге тілімізді түлеттік, дінімізді өркендеттік, тамырымызды жалғап, салт-дәстүрімізді жаңғырттық. Ұлттық жаңғыртуды жүзеге асырып, жаңа құндылықтар қалыптастырдық. Ғасырлар қойнауынан асылдарымызды аршып алдық».

Осындай асылдарымыздың бірі – Жамбыл Жабаев. Конференцияда Жамбыл Жабаев тек қана айтыскер емес, сонымен қатар жырау, жыршы, қайраткер, қазақ әдебиетінің ірі өкілі ретінде кеңінен насихатталды. «Жырдың қызыл жолбарысы» атанған Жамбыл бабамыз айтыстың саяси-әлеуметтік мәнін көтерген дара тұлға.

Академик-жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай:«Жамбылдың үлгісі мен мектебі алыстан, халықтан, халықтық рухани қазынадан, халық даналығынан басталады». Сондықтан да конференцияда ұлы Жамбылдың ғұмырнамалық және шығармаларының әдеби-көркемдік әлемі туралы баяндамалар жасалды.

Конференция соңында қырғыз тіліне аударылған «Жамбыл Жабаев. Тандалган чыгармалары» кітабының тұсаукесері өтті.

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,

облыстық мәслихаттың хатшысы,

педагогика ғылымдарының докторы, 

профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support