- Advertisement -

Жақсылық жасап жарысқанға не жетсін

125

- Advertisement -

Кеше…

Құрбым келген ауылдан. Шалғайда тұратындықтан өздері қалаға сирек қатынайды. Осы жолы жолдасы көлігін жөндететін болып, соған «жоспарсыз», үйдегі үлкендердің рұқсатынсыз   ілесіп алғанын айтып күлдірді. Екеуміз банкоматқа бардық. Жалақысын алды.  Кішкене үзіліс жариялап, түстеніп алған соң,  дүкен араламақпыз. Бір кезде қарасақ, қолындағы әмияны ұшты-күйлі жоқ. «Сөмкеме салғанмын» дейді дегбірсізденіп. Алдында бір шағын дүкенге кіріп шыққанбыз. «Әлде  сол  жерге тастадым ба?.. Әлде…әлде…» деп ары-бері сабылып  әбігерге түстік де кеттік. Әмиянда қомақты қаржы, бүкіл құжаттары бар. Тіпті, қайын атасының банкомат карточкасын да пинкоды жазылған қағазды сыртына орап салып алыпты. Ол кісінің де зейнетақысы түскен екен.

Жүрген жерімізді, көше бойына дамылдап отырған орындықтарды, тал-дарақтың төбесіне дейін  айналып қарай береміз. Таппадық.

«Болды, бұйырмағанда…» деп құрбымды басу айтып, үйге алып келдім. Айтпақшы, басқа досыма хабарласып, қарызға ақша алып қажетті қаржыны орнына қойып қойдық. Ондағы ойымыз әзірге отбасына құжаттардың жоғалғанын  ғана айтып, мән-жайды   кейін ескерту еді. Құрбымның өңі қуарып, көңілі түсіп, ауылға қайтты.  Оңай соқпай тұрғаны анық. Күйзелмей қайтсін?! Қажырлы еңбекпен тапқан табысы далаға кетті…

Бүгін…

Жұмыста отырсам, құрбым телефон соқты: «Ало, ало, ало…» деп ентігіп сөйлей алмайды. «Бірдеңе болды ма? Айтсаңшы дұрыстап!»  деп қорыққаннан  айқайлап жібердім. «Әмияным табылды!» дейді шаттанып.

– Қалай? Ол мән-жайды толық баяндай бастады.

– Біз жүрген жермен екі жасөспірім қыз өтеді. Солар тауып алып, ашып та көрмей бірден анасына апарып беріпті. Ол кісі өте сабырлы жан екен, әмиянды өзі жалғыз ашып  көрмей, кешке жолдасының жұмыстан келгенін күтіпті. Отағасы  келген соң, мән-жайды баяндайды. Ақыры ашып көріп, жеке куәлігім бойынша әлеуметтік желіден парақшамды іздестіріп  инстаграмнан тауып алыпты мені, – деді даусы жарқын-жарқын шығып. «Содан?» деп оқиғаның соңын естігенше мен де  аптықтым.

Олар инстаграмдағы аккаунтынан құрбымның  шалғай ауылда тұратынын, өзі жас көп балалы ана екенін көреді. «Қап, қалаға келіп, ақшасынан айырылып, қиналған екен» деп бірден топшылайды. Алайда, әлеуметтік желіден ешқандай байланыс  телефонын таппайды. Әмиянда ескі бір чек тұрған екен сол қағаздан телефон номерін   көріп хабарласыпты. «Таразда туыс, таныстарың болса әмияныңды апарып берейін» дейді. Сөйтіп, оқиғаның басты куәгері ретінде мен алатын болдым әмиянды.

Тапқан қыздардың ата-анасы белгіленген уақытта  екеуі бірге  келді. Өздері  жылы жүзді, өте мәдениетті жандар екен. Жолдасы дәрігер болып қызмет етеді. «Мен адамдардан қазір адамгершілік кеткен деп кесіп айтатынмын. Себебі, өзім талай зат жоғалтып, сенімсіздігімді қоса жоғалтып алғанмын. Сіздердің жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын» деп сүйіншісін беріп, әбігерге салған әмиянды алып қалдым. Отағасы:«Жоқ, сіз олай адамдар жайлы біржақты көзқарас танытпаңыз. Жақсылық жасауға, адамгершілік көрсетуге асығып тұрамыз өзіміз», – деді азаматтық ұстанымын танытып.  Жұбайы  да сөз арасында ұл-қыздарына біреудің ала жібін аттамауды ұдайы есіне салып отыратынын айтты. Міне, нағыз тәрбие. Және ол тәрбие іс жүзінде өзінің жемісін де беріп тұр емес пе?! Әйтпесе, көңілдері алып-ұшып тұрған жасөспірім қыздардың  жолай тауып алған  «олжасын» анасына жеткізбей, сырттан-ақ  ақшаның барлығын жаратып, құжаттарды қоқысқа  лақтырып тастаса не істер едік?! Бұл бізге сабақ алатын оқиға болды. Әрі десе менің адамдарға деген көзқарасымды өзгертті. Жақсылық жасап, жарысқанға не жетсін…

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support