- Advertisement -

Қайтарымсыз гранттың «жыры» қайта басталды

153

- Advertisement -

Азаттықтың алғашқы жылдарынан елімізде экономиканы көтеруге көңіл бөлініп келеді. Соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айрықша басымдық берілуде. Бұл тұрғыда бірқатар бағдарламалар қабылданып, жаңа жобалар жүзеге асып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев күні кешегі Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасы»  және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдағанын айтты.

 Мұның бәрі де өз ісін ашып, өрісін кеңейткісі келетіндерге таптырмас мүмкіндік. Осы орайда кәсіпкерлерге қайтарымсыз гранттардың тағайындалуы да үлкен көмек. Дейтұрғанмен мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау шарасы  әлеуметтік желіде аз сыналған жоқ.  Қоғамдық пікір көшбасшылары арнайы құрылған комиссияның жұмысына көңілі толмайтындығын, кейбір жобалар тиімсіз болса да қаржы берілгендігін айтып дабыл қақты. Құзырлы органдарға шағымданғандар да баршылық. Сонымен бұл түйткілдердің соңы не болды? Әуелі осы сұраққа жауап іздеп көрсек.

Айта кету керек, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға қайтарымсыз  гранттар беру «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде  қолға алынған болатын. Соңғы үш жылда, яғни 2018-2020 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен осы мақсаттарға 530 миллион теңге бөлінген. Соның ішінде 2018 жылы мемлекеттік грантқа 20 миллион теңге қаржы қарастырылып, бұл қаражат гранттық конкурстың қорытындысы бойынша 7 кәсіпкерге берілді. Алайда «Алмақтың да салмағы бар» екенін ұмытпаған абзал. Осы орайда облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының мамандары қазынадан бөлінген қаражаттың мақсатты игерілуі үнемі бақылауда болатындығын айтады. Аталған мекеменің нақты шаралар қолдануының нәтижесінде 2018 жылы  тиісті талаптарды орындамаған 2 кәсіпкермен жасалған келісімшарт бұзылып, материалдар сотқа берілген.

Ал 2019 жылы мемлекеттік грантқа жалпы сомасы 339 миллион  теңге бөлінгені белгілі. Гранттық конкурстардың қорытындысы бойынша 165 жеңімпаз анықталған. Ең көп наразылық та осы кезеңде өткен байқауларға қатысты туындаған болатын. «Судың да сұрауы бар» дегендей, грант беру туралы келісімшарттардың талаптарын бұзған 17 кәсіпкердің алған қаражатын кері қайтаруына тура келді. Тағы да бір топ   кәсіпкерден мақсатсыз пайдаланған грант қаражатын бюджетке қайтару бойынша материалдар сотқа әзірленуде екен.

Былтырғы байқаулар да тыныш өткен жоқ. 2020 жылы гранттық конкурсқа 591 үміткер қатысқанымен,   45 кәсіпкердің ғана асығы алшысынан түсті. Қазынадан бөлінген  171 миллион теңге жеңімпаздарға үлестіріліп берілді. Алайда жобалары қолдау таппаған кәсіпкерлер тарапынан арыз-шағымдар қарша бораған. Бұл бойынша облыстық прокуратура тарапынан  конкурстық құжаттарға талдау жүргізіліп, конкурстық комиссия тарапынан жіберілген бірқатар кемшіліктер анықталыпты. Артынша  кемшіліктердің бәрі жойылып, барлық конкурстық құжаттамалар заңнама талаптарына сәйкестендірілген. Ал конкурстық комиссияның жұмысын ұйымдастыруға жауапты басқарма басшысының орынбасары «сөгіс» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылса, мемлекеттік қолдау бөлімінің басшысы да сөгіс алып, әрі өз еркімен  жұмыстан босатылған.

Болар іс болды. Ал биылғы бағыт қандай? Жаз мезгілінде өтіп жататын гранттық конкурс неге сағызша созылып кетті? Әлде «Ауызы күйген үрлеп ішеді» дегендей, әліптің артын бағып отырмыз ба? Осындай сұрақтарды алға тартып облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының есігін қаққанымызда біраз жайттарға қаныққандай болдық.

Білгеніміздей, «Бизнестің жол картасы» бизнесті қолдау мен дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында гранттар беруге республикалық бюджеттен 21 миллион теңге ғана бөлініпті. Оның өзінде байқауға  жас кәсіпкерлер ғана қатыса алады екен. Облыстық жастар ресурстық орталығының мәліметіне сүйенсек, аймақта 237900 жас болса, оның 5649-ы  кәсіпкер ретінде тіркелген. Ендеше, мемлекеттік грантқа деп бөлініп отырған қаржының түкке де жетпейтін түрі бар.  Бұл тұрғыда жас кәсіпкерлердің де айтары жоқ емес.

– Өткен 2019-Жастар жылында өткізілген қайтарымсыз грант конкурсы бізге үлкен серпіліс сыйлады. Байқауға қатысуға үлгере алмасам да сол жылы жеке кәсіпкерлік нысанын ашып, мемлекеттік кірістер органдарында тіркедім. Былтыр біраз бизнес-идеяларды зерттеп көрдім. Содан биыл белді бекем буып отырмын. Бірақ қаржының аз бөлінуі көңілді күпті етіп отыр. Биылғы гранттар  жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған болса, неге көбірек қарастырылмаған? – дейді жас кәсіпкер Мөлдір Бақытқызы.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бөлімінің бас маманы Гүлнұр Жорабекованың айтуынша, қайтарымсыз гранттар беру мұнымен шектелмейді.

– Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға бағытталған мемлекеттік гранттар беру үшін республикалық бюджеттен 21 миллион теңге бөлінді. Бұл жолы тек 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Үміткерлер құжаттаманы  20 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өткізе алады. Тағы бір ерекшелік, өтінішті «Qoldau.kz» электрондық веб-порталы арқылы да тапсыруға мүмкіндік бар. Жобаларды арнайы құрылған комиссия мүшелері саралап, жеңімпаздарды анықтайтын болады. Жастар санатына жатпайтын кәсіпкерлер де қолдаудан тыс қалмайды. Қазіргі таңда 29 жастан асқан, әрі ісін жаңадан бастаған  бизнес өкілдеріне мемлекеттік грант тағайындау үшін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына өтінім беріліп қойды, – дейді Г.Жорабекова.

Айта кету керек, биыл гранттық комиссия құрамы әлеуметтік желілерде дауыс беру арқылы жасақталды. Оның құрамына көпшіліктің ұсынысымен мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер енгізілді. Қазылар алқасының әрбір жобаны мұқият саралап, әділ шешім шығаратынына сенім мол. Әйтсе де аз қаржының аясында көп айғайдың болатындығы сезіліп тұр. Сондықтан да жергілікті билік республикалық бюджетке иек артып қана қоймай, қосымша мүмкіндіктерді қарастырса нұр үстіне нұр болар еді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support