- Advertisement -

Жаңа мектеп –жетістіктердің бастауы

153

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар нысандарды аралады. Жаңа мектептердің ашылу салтанатына қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Өңір басшысы әуелі  «Күнбатыс – 2» ауылына атбасын бұрды. Мұнда  жаңадан 150 орындық негізгі мектеп бой көтерген болатын.  Аталған мектепте 20 мұғалім 147 оқушыға білім береді. Ал білім мекемесінің  құрылысына  529 миллион теңге қаржы бөлінген.

Өңір басшысы мектептің ашылу салтанатына арнайы қатысып, сөз сөйледі.

– Әрбір дамыған мемлекеттер ең алдымен білім саласына көңіл бөледі. Оқушылар мен мұғалімдерге  жасалған жағдай – болашаққа жасалған қадам. Биыл облыста бой көтерген 21 білім нысанының 7-еуі пайдалануға берілді.

Соның біреуі осы ауылда ашылып отыр. Жаңа мектептегі жұмыстар жаңа жетістіктердің бастауы болсын, – деді Бердібек Машбекұлы. Онан соң Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет ауыл тұрғындары атынан облыс, аудан әкімдеріне алғысын білдірді. Ата — аналар атынан сөз алған Сандуғаш Ерменова көпшіліктің қуанышын жеткізді.

Мердігер  «Шұғыла – 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Съезд Дәндебаев аталған негізгі мектеп директоры Раушан Тұрғынбаеваға нысанның  символикалық кілтін тапсырды.

Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы жаңа мектеп ғимаратын  аралап көріп, 1 — сыныптардың «Әліппе»  оқулығын оқып жатқан сәтіне куә болды.  Көне түрік жазуын зерттеп жүрген ардагер ұстаз Тоқтабүбі Тәукенованың жұмысына сәттілік тіледі. Аталған жазуды меңгеріп жүрген озат оқушы Айым Айдынқызына ризашылығын білдірді. Озат оқушылар Кәусар Жұмаш пен Баян Әбіл жаңа білім ошағының соғылғанына өте қуанышты екендерін, осында сапалы білім алатындарын айтты.

Аймақ басшысы келесі кезекте  3991 дана кітап қоры бар мектептің кітапханасын, спорт, мәжіліс  залдарын, асхананы аралап көріп, ғимараттың сәулеттік стандартқа  сай әрі әдемі болуы керектігін  жауапты мамандарға ескертті. Мектепті жиһаздармен қамтыған  түлектерге алғыс білдірді.

Масаншы ауылында да дәл осындай қуаныш жалғасын тапты. Мұнда   600 орындық жаңа мектеп салынып, есігін айқара ашты. Нысан құрылысын «Тараз – 2004» компаниясы жүргізіп, ел игілігіне ұсынды. Мектептің ашылу салтанатында сөз алған өңір басшысы тапсырылған жұмысты тиянақты атқарған мердігер компания мен аудан басшылығына  ризашылығын білдірді.

Салтанатты сәтте ауылдық ақсақалдар кеңесінің  төрағасы Дыдыр Двумаров: «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай елімізде көптеген игі істер атқарылуда. Оның шапағатын біздің Масаншы ауылы да сезініп отыр. Ауылға тегіс газ кірді, таза ауыз су бар, жол жөнделді. Енді міне, заманауи үлгідегі жаңа мектеп ашылды. Бұл тұрғындарға деген үлкен жанашырлық. Сол үшін Ел Президентіне, облыс әкіміне алғыс білдіремін. Қазір Қордайда тұрғындардың бәрі тату-тәтті, ынтымақ-бірлікте өмір сүруде» десе, осы мектептің қазақ тілі мен әдебиті пәнінің мұғалімі, әрі ата-ана Шехуар Мумарова: «Жаңа оқу жылын жаңадан салынған кереметтей зәулім мектепте бастағанымызға өте қуаныштымыз. Ел Президенті Қордайға келгенде біз ол кісіге жаңа білім ошағын салу жөнінде өтініш айтқан едік. Мемлекет басшысының қолдауын көп ұзамай сезініп отырмыз. Бұрынғы мектеп жайсыз, ескі, сынып кабинеттері аз болатын, спорт залы жоқ еді.  Енді міне жаңа мектепте үлкен спорт зал, робототехника кабинеттері бар», – деді шаттық сезімін жасыра алмай. Жаңа нысанның символикалық кілтін мердігер компания басшысы Бақытғали Айдапкелов  мектеп директоры Біржан Бұйымбаевқа тапсырды. Ал ақ жаулықты әжелер  шашу шашты.

Онан соң өңір басшысы жаңа мектептің спорт, мәжіліс залдарына, кітапханасы мен асханасына, сынып бөлмелеріне бет бұрды.

Халқымыздың салт-дәстүрі мен қазақ ертегілеріне арналған бұрыштарды да  аралап көріп, «Рухани жаңғыру» жобасы бойынша қойылған стендтерге назар аударды.

Бұл мектепке алдағы уақытта әл-Фарабидің есімін беру көзделіп, уәкілетті органдарға   ұсыныс жасалып жатыр екен. Осылайша, қордайлық ұстаздар мен оқушылардың қуанышында шек болмады. Жалпы, мектеп құрылысына 1 миллиард 200 миллион теңге қаражат бөлінген.

Баспана – бақыт шамы

Мұнан соң облыс әкімі Б.Сапарбаев Сортөбе ауылында құрылысы аяқталған тұрғын үйлердің ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі. Мұнда екі пәтерлі 20 тұрғын үй салу көзделген. 10 үйдің құрылысы мерзімінде толық аяқталып отыр. Қалған баспаналардың  құрылысы жыл соңында аяқталады. Мұндағы бір үйдің құрылысына 13,6 миллион теңге жұмсалған. 20 үйге 272 миллион теңге жұмсалады деп  көзделуде. Облыс әкімі өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен былтыр Қордай ауданына ел бюджетінен 36 миллиард теңге бөлінгенін, Қордайда былтыр – 4, биыл 4 спорт кешені, 4 мектеп салынғанын, тұрғын үйлер де бой көтеріп келетінін айтты. Мұның бәрі де елімізде қалыптасқан тұрақтылық пен татулықтың жемісі екенін тілге тиек етіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын лайықты қарсы алу,  Жамбыл Жабаевтың – 175, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық  мерейтойларын  өз деңгейінде атап өту қажеттігіне тоқталды.

Онан соң ауыл тұрғындары Гүлнар Имашева, Азамат Есмағұл облыс әкімінің қолынан пәтер кілтін алып шаттанса, «Асар» жобасы бойынша пәтерлі болған көпбалалы ана Айнұр Дүйсенованың да қуанышында шек болмады.

Көпшілік атынан сөз алған көпбалалы ана Айнагүл Исрайлова 20 жылдан бері осында дәрігер болып еңбек етіп жүргенін, ұзақ уақыт  пәтерге қолы жетпегенін айтып, жаңа баспанасы үшін  қуанышты екенін жеткізді.

Жаңа мектептердің ашылуы және тұрғындардың баспаналы болуына орай аймақ басшысының атынан да бағалы заттай сыйлықтар табыс етілді.

Келесі кезекте  облыс әкімі Б. Сапарбаев  капелярлық таспа, тамшылатып суару  алқабына түтікше шығаратын «Қордай агротех» компаниясында болып, жұмыс барысымен танысты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясына да қатысты. Ол депутаттар алдында сөз сөйлеп, осы кезге дейін Қордай ауданын басқарып келген Рүстем Дәулет облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалғанын, ал Қордай ауданына Мәден Мұсаевты әкім етіп тағайындау туралы ұсынысын ҚР Президенті аппараты қолдағанын айтып, мәслихат депутаттарының қолдауын өтінді. Мұнан соң аудандық мәслихат депутаттары дауыс беріп, аудан әкіміне ұсынылған Мәден Мұсаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Облыс әкімі бір жарым жыл ішінде Қордай ауданының 95 пайызы газбен, 80 пайызы ауыз сумен қамтылғанын айтып, Рүстем Дәулетке қажырлы еңбегі үшін алғысын білдірді.

Облыс әкімінің қатысуымен аудан активі өтті. Орын алған кадрлық өзгерістерге тоқталған Бердібек Машбекұлы жиналғандарға ауданның жаңа әкімін таныстырып, Мәден Тоқтарбайұлына әлеуметтік саланы дамыту, ауыл шаруашылығын алға бастыру, мектептердің сапасы мен қысқа дайындығын қадағалау, екпе алудың көрсеткішін көтеру, «Асар», « Туған жер», «Жомарт жүрек» жобаларын  дамытуды нақты тапсырды.

Есет ДОСАЛЫ

Қордай ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support