- Advertisement -

Өңірде жеті жаңа мектеп ашылды

140

- Advertisement -

«Білім — жанып тұрған шырақ» дегендей, 1- қыркүйек білім күні көпшіліктің асыға күтетін айрықша мереке екені даусыз. Әсіресе, көпшілік биылғы білім күнінің дәстүрлі оқу форматында басталғанына ерекше қуанды.          Еліміз Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде облысымызда әр жылдары 118 мектеп бой көтерген екен. Оның ішінде 11 білім ошағы биыл салынып жатса, 7- і жаңа оқу жылында шәкірттерге есігін айқара ашты. Соның бірі — Байзақ ауданы, Бурыл ауылындағы №6 орта мектебі. Бұл  білім ошағының құрылысына 1  миллиард теңге қаражат жұмсалған. 1- қыркүйек білім күні   облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Бурыл ауылындағы 300 орындық жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысып,  ұстаздар мен оқушылардың ортақ қуанышын бөлісті.

—  Әр ұлттың дамуы — ұрпақтың білімді болуына байланысты. Денсаулығы мықты, тәрбиелі, мәдениеті жоғары азаматтар да білім алу арқылы қалыптасады. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елімізде мыңдаған мектеп жаңадан салынды. Оның игілігін біздің өңір де көріп жатыр. Биылдың өзінде 11 мектеп құрылысы жаңадан салынып, елге қызмет ететін болады. Бурыл ауылындағы осы мектеп те заман талабына сай салынып отыр.   Облысымыз білім сапасы жағынан республикада алдыңғы орындарда. Сол биіктен түспеуіміз қажет. Оған осы жаңа мектеп ұстаздары мен шәкірттері де үлес қосады деген үміттеміз.   Биыл ел Президентінің  тарсырмасына орай бірінші сынып бүлдіршіндері үшін «Әліппе» оқулығы  қайта оралып отыр. «Әліппе» барлығымыз үшін ыстық. Жаңа мектептеріңіз құтты болсын,-деді облыс әкімі.

Осы салтанатты шара барысында өңір басшысы 1- сынып оқушысы Нұрбақыт Болатбекке «Әліппе» оқулығын табыс етті. Нұрбақыт Болатбек облыс әкімінің алдында екі шумақ өлең оқып, қатарластарын білімге шақырды.  Осы күні  50 балаға «Әліппе» оқулығы табысталды.   Бурыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сады Қуатбек сөз сөйлеп,  жас жеткіншектерді оқуда озат болуға шақырды. Заманауи білім ошағының құрылысын жүргізген мердігер компания басшысы Жанат Қырқынбаев   мектеп директорының міндетін атқарушы Құралай Үкібаеваға  жаңа білім ошағының  символикалық кілтін тапсырды.    1- сынып сынып табалдырығын аттаған балғындар  Айбын Ерғали мен Ажар Ердосқызы  соққан алғашқы   қоңырау үні көпшіліктің жадында қалды.

Облыс  әкімі  жаңа мектеп ғимаратын  аралап көрді. 11 «А»  сыныбының «Тәуелсіздік жетістіктері» атты ашық  тәрбие сағатына қатысты. Мултимедиялық кабинеттерді, 14 мың кітап қоры бар кітапхананы, 90  орындық мәжіліс залын, кең де талапқа сай спорт залын, 100 адамдық асхананы аралап көрді. Мектеп басшысы  бүгінде  Бурыл ауылының тұрғындары   6 мың адамнан 15 мың тұрғынға артқанын, сондықтан 520 оқушыға орын тапшылығы байқалғанын,   жаңа мектепте  екі аусымда 600 бала оқуға мүмкіндік бар екеніне тоқталды. Әзірге мұнда  420 оқушы білім алуда. 44 мұғалім еңбек етеді.  Облыс әкімі мектептің безендірілуіне, спорт залдың, мәжіліс залының көрнекілігіне көңілі толмады. Олқылықтарды тез арада реттеуді аудан әкімі Бақыт Қазанбасовқа және білім басқармасындағы жауаптыларға тарсырды.

Мереке аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев биыл 320 орындық жаңа оқу ғимаратымен қамтылған Тараз қаласындағы 2 -ші орта мектебіндегі    салтанатты жиынға да қатысты.  Жиында сөз сөйлеген өңір басшысы елімізде білім саласына жасалып жатқан қамқорлықтарға кеңінен тоқталып, ұстаздарды терең ізденіске, оқушыларды сапалы білім алуға шақырды.

«Салынғанына 80 жылға жуықтаған  білім ошағының қосымша жаңа ғимаратпен қамтылуы үлкен қуаныш.   Биыл мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың  жадында бұл күн сақталып қалуы мүмкін. Бұл күн — ертеңгі тарих. Былтыр пандемия салдарынан  Білім күнін бұлай қарсы ала алмадық.  Әрдайым осындай қуанышты сәттер көп болсын. Еліміздің ертеңгі тізгінін қолға алатын білімді, мәдениетті ұрпақтарымыз  өсе берсін берсін»  деген облыс басшысының сөзінен кейін, 1-сынып оқушыларына «Букварь» оқулығы таратылды Алғашқы  қоңырау соқты. Мектептің ата — аналар комитетінің төрайымы Мария Владимировна құттықтау сөз сөйлесе, мердігер «Талас – құрылыс» компаниясының директоры Әсет Ақатаев аталған мектептің  директоры Светлая Гурсаяға мектептің символикалық  кілтін тапсырды. Бүгінде білім ордасында    85 мұғалім, 1041 оқушы бар.

Салтанатты шарадан кейін  облыс әкімі мектептің жаңа ғимаратын аралап көріп, мектептің  мәжіліс, спорт залдарын жақсы көрнекілікпен қамтуды жауаптыларға тапсырды.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support