Мәдениет

Азамат пен Қанат ауылына келді

Азамат пен Қанат ауылына келді

«Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысы Елбасы Жолдауын іске асыру мақсатында «Зияткер ұрпақ» жобасын қолға алыпты. Жүздеген жеткіншектің бағын ашып, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қоса алатын кемелденген ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен қозғалыс мүшелері қазір еліміздің түкпір-түкпірін аралап, мектеп оқушыларына көшбасшы болудың жолын көрсетіп, ой салып жүр. Осы жоба аясында ауданымыздағы Қорағаты ауылына келген белгілі театр және кино актері Азамат Сатыбалды ауыл мектебінде болып, оқушылармен кездесті. Туып-өскен ауылына атбасын бұрған өнер майталманы алдымен өзі оқыған мек-тепті аралап, ұстаздарымен дидарласты. Кездесу барысында жетістікке жету жолындағы жүріп өткен жолын жан-жақты баяндаған Азамат азаматтық танытып, оқу жылы аяқтал-ған тұста жақсы оқыған екі оқушыны Азамат Сатыбалды атындағы арнайы сыйлық күтіп тұрғанын жеткізді. Бүгінгі күні «Қазақстан» ұлттық телеарнасында көрсетіліп жатқан «Қара шаңырақ» телесериалында бас кейіпкерлердің бірін сомдаған актер жалпы жұртқа тележүргізуші ретінде танылғаны белгілі. Екі тілде еркін сөйлейтін қасиетімен дараланған дарын иесі қазіргі таңда ағылшын тілін үйреніп жүргенін айтты. Оған себеп те жоқ емес. Қазақ театрының қара шаңырағы саналатын М.Әуезов атындағы драма театры Сұлтан Бейбарыс спектаклін әлем елдеріне ағылшын тілінде көрсетіп қайтпақ ниетте екен. Бұл жерде Азамат Сатыбалдыға артылар жүк салмақты болып тұр. Өйткені, бас кейіпкер Бейбарыстың рөлін өз сөзімен айтқанда, «Сары жігіт» сомдамақ. Дарынды актердің даралығын көрсететін жетістіктер мұнымен шектеліп қалмайды. Біз бір парасын ғана сөз еттік. Ал оның тұлғалық болмысы бірнеше мақалаға арқау болары сөзсіз. Бастысы осындай бір белесті бағындырған өнер иесінен дәріс алған ұрпақтан келешекте зияткер тұлға қалыптасып шығып жатса, ел ертеңінің жарқын болғаны.Мереке Ержанұлы.

*    *    * Осы жоба аясында елімізге белгілі журналист, «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы «Сіз не дейсіз?» бағдарламасының жүргізушісі, филология ғылымдарының кандидаты Қанат Әуесбай атасы Әуесбай ақсақалдың туған ауылына табан тіреп, Сәлімбай ауылының тұрғындарымен кездесті. Өрнек ауылдық округінің әкімі, ауыл ақсақалдары және мектеп оқушылары қатысқан кездесу еркін, жан-жақты, сұрақ-жауап арқылы өрбіді. Мектеп оқушыларының бірі: «Балалық шағыңызда кім болуды армандадыңыз?», – деген сұрағын қойды. Оған Әуесбайдың Қанаты: «Атам Сақыпкерей ақсақал туа жаратылысынан зағип жан-тұғын. Сонысына қарамай газет атаулыға көптеп жазылып, радиодан беріліп жатқан өлеңдерді үзбей тыңдайтын. Бір жағынан осы әсер етсе, екінші жағынан облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы ағамызбен біз Тараз қаласында көрші тұрдық. Ол республикалық белді басылымдардың барлығына дерлік жазылатын. Сол кісінің пошта жәшігінен газеттерін ұрлап оқитынбыз. Ең алғашқы мақалам республикалық «Айгөлек» балалар журналында жарық көріп, қаламақымды алғанмын. Содан қаламыма қанат бітіп, журналистика саласына бет бұрған жайымыз бар», – деп жауап берді. Мектеп оқушыларының концерттік бағдар­ламасына ұласқан кеш соңында ауыл тұрғындары Қанат Әуесбаймен естелік суретке түсті.

Марат Дихамбаев.

Т. Рысқұлов ауданы.