Жаңалықтар

Мал жем-шөптен тарықпайды

Мал жем-шөптен тарықпайды

Облысымызда 2021-2022 жылдардағы мал қыстату науқанына 952 мың шартты бас мал түседі деп күтілуде. Оның ішінде мүйізді ірі қара – 460 мың, ұсақ мал – 335 мың, жылқы – 149 мың, түйе 7,9 мың басты құрайды. Мал қыстатуды ойдағыдай өткізу үшін 1 713 мың тонна пішен, 58 мың тонна пішендеме, 475,9 мың тонна сабан, 54 мың тонна сүрлем және 640 мың тонна құнарлы мал азығын дайындау қажет. Eгістік алқаптар мен табиғи шабындықтардың есебінен бүгінгі күнге оның 93,8 пайызы немесе 1 671,6 мың тонна пішен, 356,8 мың тонна сабан және 58 мың тонна пішендеме әзірленді. Бұдан бөлек, өткен қыстан қалған 89,1 мың тонна жем-шөп қоры бар. Іс-шара жоспарына сәйкес, қолдағы бар ресурстар мал азығы қорын дайындау жұмыстарына жұмылдырылуда. Облыс көлеміндегі шабындық жерлерден бөлек сай-саланы, өзен арналарын және шалғай аудандардағы шабындық жерлерден пішен дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы жұмыстарға облыс бойынша 234 шөп дайындаушы бригада жұмылдырылған. Дәнді дақылдар жиналып, босаған 37,8 мың гектар алқап жеке қосалқы шаруашылықтарға уақытша мал жайылымына берілді. Ірі шаруашылықтар есебіндегі пайдаланылмайтын жер учаскелерін қайтару есебінен шаруашылықтарға жайылымға 48,9 мың гектар жер ұсынылды. Ағымдағы жылы Үкімет тарапынан облысқа күзгі дала жұмыстарына бөлінген кепілді дизель отынынан бөлек, қосымша мал азығын дайындайтын 330 шаруашылықтан қосымша 3,5 мың тонна кепілдендірілген дизель отынына өтінім түсіп, тізімдері Ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберілді. Берілген өтінімге сәйкес бүгінде Энергетика министрлігінен 3,5 мың тонна дизель отыны облысқа бөлініп, шаруашылықтарға оны таратуға 12 оператор анықталып, әр литрі 168 - 170 теңгеден босатылатын болды. Қазіргі таңда бөлінген қосымша дизель отынын облысымызға жеткізуші мұнай өңдеу зауыттары мен операторлар арасында келісімшарттар жасалуда. Жем-шөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың 10 шілдесінен бастап Тараз қаласы мен облыстың барлық аудандарындағы шөп сататын орындарда әр сенбі, жексенбі күндері «Жем-шөп сату» жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Жәрмеңкедегі шөптің бағасы нарық бағасынан 10-20 пайыз төмен. Атап айтқанда, жоңышқаның 1 бумасы – 1200 - 1600, табиғи шөп 1 бумасы 700- 900 және сабанның 1 бумасы 600 - 700 теңге. Бұдан бөлек, нарықтағы азық бағасының негізсіз өсуінің алдын алу мақсатында облыстық монополияға қарсы, экономикалық тергеу департаменттері, ауыл шаруашылығы, ветеринария басқармалары басшыларының қатысуымен жұмысшы топ құрылуда. Жұмысшы топ зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нарықтағы бағаның қалыптасуына талдау жасауда. Сонымен қатар қуаңшылық салдарынан мал азығы жетіспеушілігінен қиналып жатқан Қызылорда облысының Арал ауданына, Сексеуіл кентіне, Қамыстыбас елді мекен тұрғындарына облыстың кәсіпкерлері мен шаруашылықтары 17 вагон немесе 250 тонна сабақты мал азығы, Маңғыстау облысы Шетпе, Жетібай, Маңғышлақ елді мекендеріне 160 тонна пішен жіберді. Облыс бойынша он Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жұмыс жасауда. Оның ішінде республикалық маңызы бар ЕҚТА – 6, жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың 7-де ауыл шаруашылығы құрылымдарына мал жаюға, шөп шабуға рұқсат берілген. Облыс бойынша мемлекеттік орман қорында сексеуіл және бұталармен көмкерілген 2,2 миллион гектар орманды аумаққа қуаңшылық себептеріне байланысты 1 жылға мал жаюға рұқсат беруге Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне хат жолданды.

Сражаддин СҮЛЕЙМЕНОВ,

облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы

мал шаруашылығы бөлімінің басшысы.