Жаңалықтар

24 мектепке 5-ақ мектеп инспекторы бекітілген

24 мектепке 5-ақ мектеп инспекторы бекітілген

Осыдан біраз бұрын Татарстан астанасындағы білім ошақтарының бірінде қанды оқиға орын алып, бірнеше оқушының оққа ұшқаны белгілі. Одан бөлек, Тараз қаласындағы мектептердің бірінде 12 жастағы оқушының қаскөйлердің қолынан зардап шегіп, оның соңы үлкен дауға ұласқаны да есімізде. Жыл басында Шөлдала ауылында оқушылардың бір-біріне тапанша қолданып, салдарынан бірнеше оқушының ауруханадан бір-ақ шыққанын көрдік. Ересектерді былай қойғанда, мектеп жасындағы оқушылардың арасындағы атыс-шабыс, топ болып төбелесу сынды келеңсіз жайттар күнара орын алып жатады. Бұл – білім ошақтарындағы қауіпсіздік шаралары, оқушылардың тәртібі мен оларды үнемі бақылауда ұстау сынды маңызды мәселелердің әлі де болса өзектілігін жоғалта қоймағанын анық аңғартып отыр. Әлбетте, кез келген ата-ана баласын жаман болсын демейді. Отбасы, ошақ қасында балаларына жақсы тәрбие беріп, дұрыс көзқараста өсіреді. Дейтұрғанмен «қызым үйде, қылығы түзде» деген тәлімді тұжырымды естен шығармаған жөн. Өйткені, кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасындағы қылмыстың барлығы дерлік сыртта, өзі араласатын ортада, түнгі уақыттарда орын алып жатады. Бұл ретте, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыс істейтін мектеп инспекторларының алатын орны ерекше екенін де айта кеткен жөн. Бүгінде білім беру мекемелеріне бекітілген мектеп инспекторлары оқу орындарының педагогикалық ұжымымен, білім алушылардың және олардың ата-аналарымен жеке-жеке профилактикалық жұмыс жүргізу бағытында еңбек етеді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтың алдын алып, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру да мектеп инспекторларының негізгі міндетіне кіреді. Десе де, бүгінде өңіріміздегі мектептерде инспекторлардың жетіспейтіні ешкімге жасырын емес. Ал шалғайда орналасқан аудандардың жағдайы тіптен төмен. Мәселен, тұтас облыстың үштен бір бөлігін алып жатқан Мойынқұм ауданында биылғы жылдың басына дейін бар болғаны екі-ақ инспектор жұмыс істеп келіпті. Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Тимурлан Абдрамановтың айтуынша, мектеп инспекторларының тиісті деңгейде жұмыс істеуіне қолбайлау болып отырған бірқатар кедергілер бар көрінеді. – Жалпы, биылғы жылға дейін ауданда екі мектеп инспекторы жұмыс істеп келді. Жылдың басынан бүгінгі күнге дейін қатарымызға үш бірдей инспектор қосылды. Сонымен барлығы 5 инспектор қызмет етуде. Алайда олардың ешқайсысында қызметтік көлік пен қажетті құрал-жабдықтар жоқ. Олардың жұмысына дәл осы мәселе қолбайлау болып жататын кездер болады. Көлік болатын болса, 25 мектепке бекітілген 5 инспектордың жұмысы әжептәуір жеңілдей түсетін еді. Бұдан бөлек, хаттама толтыруда да бірқатар кедергілер бар. Мәселен, түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрген балалар кездессе, мектеп инспекторлары оларға хаттама толтыру үшін полиция бөліміне баруға немесе учаскелік полицияның планшетін қолдануға мәжбүр болады. Осының бәрін ескере келе, осыдан екі ай бұрын 5 мектеп инспекторына 5 планшет, 1 автокөлік, 5 видео тіркеу құралы, рация және қосымша бір штат қосып беруін сұрағанбыз. Бұл сұранысымызға жылдың аяғына дейін қаржы қарастырылса, аталған құрал-жабдықтардың берілетіндігі туралы жауап келді. Тұтастай алғанда, Мойынқұм ауданының аумағы үлкен болғандықтан, аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді мекендердің де саны көп. Сондықтан ондағы учаскелік инспекторлар да аталған жұмыстарды қатар алып жүреді, – дейді Тимурлан Несіпбайұлы. Иә, қалай десек те көптеген аудандарда мектеп инспекторлары тапшы. Осы орайда маман жетіспеушілігі сол мектеп оқушыларының арасындағы құқықбұзушылық деңгейінің артуына сеп болмай ма деген заңды сұрақ туады. Оның үстіне, жоғарыда аталып өткендей, мектеп инспекторларының қызметтік көлігінің жоқтығын, олардың заң бұзушылықты тіркеуге арналған құралдарының болмауын ескерер болсақ, шалғай елді мекендерде кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектер арасындағы бейресми қылмыс санының ресми деректерге қарағанда әлдеқайда көп екенін аңғару қиын емес екені белгілі. Мектеп инспекторлары санының аздығынан болса керек, көп жағдайда жасөспірімдер арасындағы әлімжеттікті тыю үшін әр мектеп өздігінше әрекет етіп, тәртібі қиын оқушыларды полиция бөлімдеріне өздері апарып есепке қойып жататынын көз көріп, құлақ естіп жүр. Сонымен қатар мектеп жасындағы жеткіншектердің қылмысқа бой алдырып, ойланбай істеген бір ғана ісінің салдарынан «қылмыскерлер» қатарына қосылып кететіні де өкінішті-ақ. Әр мектепке жеке-жеке инспектор бекітіліп, балалардың тәртібі мен қауіпсіздігі үнемі бақылауда болса, орны толмас қайғылы оқиғалардың саны да біршама азаяр ма еді, кім білсін?! Мойынқұм аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Құралай Ізбасарованың сөзіне сенсек, мектеп инспекторларының штат санын арттыру бойынша сұраныс берілген екен. – Біздің негізгі міндетімізге аудандағы кәмелеттік жасқа толмаған барлық балалардың құқықтарын қорғау, олардың заң бұзушылыққа бой алдырмауын бақылау кіреді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін арнайы мобильдік топ құрылған. Оның құрамына аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері, білім беру, құқық қорғау саласының мамандары да енгізілген. Біз осы құраммен аптасына екі мәрте рейдтік жұмыстар жүргізіп тұрамыз. Сондай-ақ қиын жағдайда жүрген балаларды анықтау да біздің міндетіміз. Мәселен, биылғы жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 8 баланы анықтап, Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырдық. Олардың басым бөлігінің ата-аналары ішімдікке салынып кеткен. Сол себепті де біз аталған 8 баланың ата-анасына психологиялық, әлеуметтік көмек көрсеттік. Нәтижесінде, ата-аналардың кейбірі ішімдік ішуін тоқтатса, енді бірін тұрақты жұмысқа да орналастырдық. Оған қоса, биылғы жылы кәмелет жасына толмаған балалар арасында 2 қылмыс тіркелді. Оның өзінде Тараз бен Қаратау қалаларынан келген жеткіншектер Мойынқұм ауданының мектеп жасындағы оқушысымен төбелескен. Жалпы, аудан бойынша 24 мектеп бар болса, онда 5 мектеп инспекторы қызмет етеді. Аталған штат саны мектеп санына сәйкес келмегендіктен, облыстық полиция департаментіне мектеп инспекторларының штат санын көбейту туралы сұраныс бердік, – дейді Құралай Адырбайқызы. Сонымен бірге аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы берген мәліметке сүйенсек, үстіміздегі жылы кәмелеттік жасқа толмаған балалардың арасында екі қылмыс орын алған. Дәлірек айтсақ, өткен жылдың қазан айында Мойынқұм ауылының кәмелеттік жасқа толмаған тұрғыны пышақталған дене жарақатымен аудандық орталық ауруханаға жеткізілген. Бір қызығы, бұл қылмысты Жаңатас қаласында тұратын кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек жасапты. Бұдан бөлек, өткен жылдың қарашасында Ұланбел ауылының тұрғынын кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек пышақтап кеткен. Қайғылы оқиғаның соңы кісі өлтіру сияқты жантүршігерлік қылмыспен аяқталғаны, ең сорақысы, бұның барлығы кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектің қолымен жасалғаны ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Аталған қылмыстық оқиғалардың барлығы өткен жылы орын алғанымен, оларға қатысты шешімдер биылғы жылы қабылданған. Сол себепті де бұл деректер биылғы жылы орын алған қылмыстардың қатарына еніп отыр. Ал өткен жылдың тиісті мерзімінде бірде-бір қылмыс дерегі тіркелмепті. Жасөспірімдер арасында болған қылмыс санының өткен жылмен салыстырғанда бірден екі дерекке өсуі нені білдіреді? Әлбетте, бұның барлығы мектеп қабырғасындағы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мектеп инспекторларының аздығын анық аңғартып отыр. Биылғы жылдың өзінде аудан әкімдігі жанындағы комиссияның бастамасымен білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мен жасөспірімдердің арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында аудандық прокуратура мен полиция бөлімінің, аудандық орталық аурухана мен әкімдікке қарасты бөлім қызметкерлерінің 20 өкілінен құрылған 4 мобильді топ 126 рет рейдтік шаралар жүргізген. Одан бөлек, жыл басынан бүгінгі күнге дейін жоғарыда аталған комиссияның 33 бірлескен отырысы өткізіліпті. Оның ішінде 14 кезекті отырыс өткізілсе, кәмелет жасқа толмаған балаларға қатысты істерді қарау бойынша 19 кезектен тыс комиссия отырысы ұйымдастырылған. Аталған рейдтік іс-шараларға байланысты аудан орталығынан шалғайда орналасқан Мыңарал ауылдық округіндегі К.Қасымов атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назира Манабаевамен тілдескен едік. Оның айтуынша, рейдтік жұмыстардың ауқымы оқу жылында кеңейе түседі екен. «Бекітілген кестеге сәйкес, аптасына бір рет рейдтік жұмыстар жүргіземіз. Білім ошағындағы 182 оқушының барлығын да бақылауда ұстап, заң бұзушылыққа жол бермеуін қадағалаймыз. Бұл жұмыстарға мектеп инспекторынан бөлек, әлеуметтік педагог, психолог, сынып жетекшілері де бірге шығады. Рейдтік іс-шаралар жаз айларында кешкі сағат 20.00-ден түнгі 00.00-ге дейін, ал оқу жылында түскі 14.00-ден түнгі 01.00-ге дейін жүргізіледі. Түнгі уақытта балалардың қараусыз жүру дерегі анықталса, оларды үйлеріне қайтарып, ата-аналарына ескерту жасаймыз. Сондай-ақ жазғы демалыс кезінде балаларға ата-аналары жауапты деген қолхат аламыз. Біздің мектепке бекітілген арнайы мектеп инспекторы жоқ. Мектеп инспекторлары жоғарыда аталған кестесеге сәйкес, айына бір рет аудан орталығынан келіп тұрады. Әрине, тұрақты мектеп инспекторы болғаны дұрыс. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының білім саласындағы жұмысы онсыз да көп. Оған инспектордың жұмысын қосыңыз. Сондықтан алдағы уақытта мектебімізге арнайы инспектор бекітіліп берілсе екен», – дейді мектеп директорының орынбасары. Қалай десек те, мектеп инспекторларының қиын да қызықты жұмысын абыроймен атқара білуі үлкен жауапкершілікті қажет ететіні сөзсіз. Олар жұмыс барысында темірдей тәртіпті сақтап, болаттай берік болып, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту жолында қажырлы еңбек етуде. Тентекті тезге салатын дәл осындай инспекторлардың қатары толығып, әсіресе шалғай ауылдардағы білім ошақтары толықтай мектеп инспекторларымен қамтылатын болса, кәмелетке толмағандар арасындағы криминогендік ахуал едәуір жақсара түсер еді. Әзірге, бір ғана Мойынқұм ауданының өзінде 24 мектепте 5-ақ мектеп инспекторы қызмет етуде. Аталған білім ошақтарында 6 мыңға жуық оқушы білім алып жатқанын ескерсек, бір тәртіп сақшысы мыңнан аса балаға жауапты екенін аңғару қиын емес. Сондықтан да қазіргі кезде мектеп инспекторларына артылар жүктің салмағы еселене түсуде. Оның үстіне, жуырда ғана Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қыркүйектен бастап оқушылардың дәстүрлі форматта оқитынын айтты. Оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Жасөспірімдердің тәртібі мен қауіпсіздігіне жауапты мамандар жаңа оқу жылына сақадай сай дайындалып, барлық тиісті жұмыстарды бүгіннен бастап пысықтағаны жөн. Ал жауапты мекеме басшылығы жоғарыда аталған түйткілдерді ескеріп, аудандардағы мектеп инспекторларының материалдық-техникалық жағынан жабдықталуын назарға алады деген сенімдеміз.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,

Мойынқұм ауданы.