Жаңалықтар

Білім ошақтары офлайн оқытуға дайын ба?

Білім ошақтары офлайн оқытуға дайын ба?

Енді екі аптадан кейін жаңа оқу жылы басталады. Әрине, егер, эпидемиологиялық жағдайға байланысты жоспар өзгеріп кетпесе, оқу дәстүрлі форматта ұйымдастырылмақшы. Осыған байланысты тиісті міндеттемелер жүктеліп, қазір барлық мектепте дайындық шаралары пысықталып жатыр. Алдын ала жүргізілген саралау нәтижесіне сүйенсек, 1 қыркүйекте облыстағы 442 мектепке 240 мың оқушы барады деп күтіліп отыр. Соның ішінде 22 мыңнан астамы – мектеп табалдырығын жаңадан аттайтын бүлдіршіндер. Сабақтың дәстүрлі жүйеде өтетіні белгілі болды. Ал жаңа оқу жылына мектептер дайын ба? Қысқы жылыту маусымына әзірлік қалай жүргізіліп жатыр? Білім саласындағы осы және өзге де өзекті мәселелер облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық еткен аппарат отырысында қаралды.

Ауырса болды, онлайн оқиды

Биыл білім күнінде 1-сынып оқушыларына көптен күткен «Әліппе», «Букварь» оқулықтары салтанатты түрде табыс етіледі. Ал 2-11 сынып оқушылары белгіленген кабинетте 1-қыркүйектегі алғашқы тәрбие сағаттарына қатысады. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамаловтың айтуынша, бүгінге дейін   білім саласының 39 174 қызметкері екпе салдырыпты. Вакцинаға қарсы көрсетілімі бар қызметкерлерді қоспағанда мемлекеттік білім беру ұйымдарының барлық қызметкері 100 пайыз екпе алған. – Облыстағы барлық білім беру ұйымы «Ashyq» жобасына қосылған. Мектепке бөгде адамдарға кіруге, бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. «Бір сынып – бір кабинет» қағидасы бекітілді. Егер оқушы ауырып қалса, сол класс қана қашықтан оқытуға жіберіледі. Сондай-ақ ата-анасы ауырып қалған балалар да онлайн оқитын болады. Балалар сабаққа мектеп формасымен немесе классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен келуге тиіс. Сонымен қатар барлық білім беру ұйымдары жүз пайыз дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етілген. Ал оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін 3,1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен толық қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Оқулықтарды баспадан тасымалдау жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталады. Облыс мектептері оқу үдерісінде пайдаланатын 52 797 компьютермен жабдықталған, - деді Талғат Салқанұлы. Оқушылар қауіпсіздігі үшін талап етілетін міндеттердің бірі – екі сағат сайын медициналық бетпердесін ауыстыру екен. Егер оған ата-ананың жағдайы келмесе, қажетті бетпердені мектеп әкімшілігі қамтамасыз етуі тиіс. Рас, бұл қағаз жүзіндегі жан-жақты ойластырылған қадам. Ал осының соңы класта балалардан негізсіз ақша жинауға әкеліп соқпасына ешкім кепілдік бере алмайды. Кезіндегі кабинетке перде алғанға жиналатын «жылу» секілді бетперденің өзі «жыр» болып жүрмесін. Сондықтан, мектеп қамтамасыз етеді екен деп қол қусырып қарап отырмай, баласына бетперде мен антисептик алып беруді ата-ана өз міндетіне алғаны жөн шығар.

Толық орындалмаған міндеттемелер бар

Сонымен қатар бүгінде балалардың қауіпсіздігін күшейту өзекті мәселелердің біріне айналып отырғаны жасырын емес. Осы бағытта аталған басқарма тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып, облыстағы мектептер мен балабақшаларда 100 пайыз бейнебақылау камералары орнатылған. Ал облыстағы 442 мектептің 47-сінде (10,6 пайыз) турникеттер, Тараз қаласындағы 18 мектепке дабыл түймесі орнатылған. 42 мектепке дабыл түймесі ғимараттың кіреберісіне жаңадан қойылған. Осыдан біраз бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мектептердегі қауіпсіздікті күшейту туралы арнайы тапсырма берген болатын. Бірақ ол міндеттемелер жаңа оқу жылының басталуына аз күн қалса да әлі орындалып бітпеген. Соның бірі – білім ошақтарындағы санитарлық тораптарды ғимарат ішіне орналастыру тапсырмасы. Сала маманының айтуынша, бұл жұмыстар 100 пайыз орындалған. Ал Бердібек Машбекұлы ауылдарды аралағанда бұл жұмыстардың нашар жүргізіліп жатқанына куә болғанын атап айтты. Мәселен, әжетханалары әлі күнге ғимарат ішіне кіргізілмеген мектептер де бар көрінеді. Кейбірінің су ағарлары тіптен дұрыс жұмыс істемейді екен. Аппарат отырысында белгілі болғандай, бүгінде облыста 3 апатты, 6 үш ауысымды, 6 орын тапшылығы бар мектептер бар екен. Биыл 23 білім нысанының құрылысын жүргізуге 8,9 миллиард теңге қарастырылыпты. Соның 11-і биыл пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Жаңадан салынып жатқандарының есебінен бір апатты мектептің мәселесі шешілмек. Енді екі апатты мектеп қалып отыр. Бір қызығы, олардың қайда орналасқанын басқарма басшысының міндетін атқарып отырған Талғат Жамалов білмейтін болып шықты. Әлде саннан жаңылды ма, кім білсін? Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы: «Ол мектептер қай жерде? Өзі екі-ақ апатты мектеп болатын болса, оны білім басқармасының басшылары қалай білмейді? Осыдан кейін мәселені қалай шешесіздер?» - деп басқарма тарапынан жұмыстың нашар жүргізіліп жатқанын сынға алды. Өңір басшысы білім сапасын бақылау департаментіне апатты мектептердің қайда орналасқанын, мектептерегі интернет жұмысының сапасын, оқулықтардың жеткіліктілігін тексеруді тапсырды.

Аты бар, заты жоқ...

–  Айтылған тапсырмаларды дер кезінде орындау керек. Білім басқармасының басшылары қай жерде қандай мәселенің бар екенін барып көруі керек. Бу қазандықтарын аудан әкімдігіне беру жұмыстарын тездетіңіздер. Санитарлық талаптарды сақтауды қадағалаңыздар. Әлі 1000 мұғалім екпе алмаған. Егер денсаулықтары көтерсе, екпе алу керек. Барлық оқушылар  оқулықтармен, елді мекендер интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс. Мектептерді облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығымен интеграциялау бойынша жұмыстарды жеделдетуді тапсырамын. Даладағы дәретханалар проблемасы шешілгенімен, барлығы бірдей кәріз жүйесімен қамтамасыз етілмеген. Аты бар, заты жоқ. Сонда бұл қалай болғаны?! Осыны жедел зерделеңіздер, - деген өңір басшысы жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Аппарат отырысының соңында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова биылғы қаңтар-шілде айларындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.