Жаңалықтар

«Мынауский» идея!

«Мынауский» идея!

Бізде той көп, бірақ ой жоқ. «Тойымыз бітпесін!» деген жылы сөзді жүрегімізге сақтап, бір-бірімізді той тарқағанша мақтап, «пандемия кезінде де тойымыз жалғаса берсін!» дегендерді жақтап, тойдан кейін топырлап, ана дүниенің есігін қағып, тозақтың шамын жағып, бір-бірімізді аямай тобықтан қағып жатырмыз! Меніңше, ақыры той дегенде өледі екенбіз, тірліктен, бірліктен бұрын тойға көңіл бөледі екенбіз, тойларға тығылып барғанды қоя салу керек. Тойға адам деген қуанып баруы керек емес пе?

Сондықтан тойға шақырылғандардың бәрі полиция формаларын киіп келсе... Той иесі, отағасы – генерал-майор, әйелі – маршал (әйелдер билеген заман ғой...) формасын киіп келетін болса ғой, ешкім тойыңыздың шырқын бұзбас еді. Қараңыз, полицей құдаларыңыз, құдағиларыңыз, старшина нағашыларыңыз, сержант бөлелеріңіз, ефрейтор күйеу балаларыңыз тойханаға алдыңғы есіктен кіріп барады. – Жиналыс құтты болсын! – деседі (Той құтты болсын!– деп айтуға болмайды). – Рақмет, жиналыс жиналысқа ұлассын! Содан соң, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, полковник шеніндегі форма киіп алған асаба той бастайды: –Армысыздар, полиция  ағайын! Сіздерге бүгін жағайын, сөз беремін біртіндеп, әліптің артын бағайын! Пойызда бар вагондар, полицияда погондар, хош келіпсіздер, жиынға, «Сен тұр, мен атайын!» дейтін, дейтін «огондар!» Жиналысымыз құтты болсын!  Жас полицейлер бақытты болсын!  Полицияны мың жылдық деп айтпас бекер, жиналыс ортақ бізге, көңіл көтер, полицейлер бір-бірімен тату болса, жас полицейлер мұратына сонда жетер! – деді. Содан не керек, би басталады! Депутаттар жүр секіріп билеп! Полиция бастықтары жүр кекіріп билеп! Былай қарағанда, ештеңе бүлінбейді ғой? «Мынауский» идея емес пе?  

Мұхтар ШЕРІМ.