- Advertisement -

Жастарды мал бағуға ынталандыру арқылы жұмыссыздықты шешуге бола ма?

332

- Advertisement -

Қазақтың тіршілігін  төрт түлік мал өсіруден бөліп қарастыра алмаймыз. Ерте заманда да бабаларымыз жайлау, көктеу, қыстауда жылқы, қойын, сиырын ырысына балап, түйесіне қарап күн кешсе, кешегі Кеңес одағы кезінде де мал өсіру басты назарда тұрды. Осыған орай малшыларға құрмет жоғары болғанын, бір ғана Талас ауданынан 59 Социалистік Еңбек Ері шыққанын, оның көпшілігі малдың қамын күйттеп, даңқы өрлеген кісілер екенін білеміз.

Кеңестік дәуірде Еңбек Ері атанбаған малшылардың өзі жаман болған жоқ. Депутат та, съезд делегаттары да, ауылдың құрметтісі де – малшылар болған.  Орден, медаль сол «Дала батырларының» кеудесіне тағылды. Ақын Сырбай Мәуленовтың: «Боранда да болмасын деп мал шығын, Жанталасқан көрдім кезін малшының» деп жырлайтыны да осы тұс. Мұндай шынайы жырлардан сол тұста ата кәсіп иелеріне деген құрметтің қандай болғанын аңғара беруге болады.

Қазір ше? Малшыға деген құрмет қай деңгейде? Жақында ғана өзім куә болған бір жағдай көз алдымнан кетер емес. Қаратаудан Таразға қарай таксимен зымырап келе жатқанбыз. Қазір жолкіре құны да ұшып кеткені белгілі. Көлікте жүргізушіден бөлек екі кісі ғанамыз. Салоны тола болмағандықтан, көлік иесінің көңіл-күйі жоқ болатын. Шамамен 40 шақырымдай жүргенде жол бойында тұрған бір жігіт біз келе жатқан автокөлікті тоқтатты. Көлік жүргізуші: «Таразға дейін мың теңге төлейсің» деп амандықтан бұрын, алашағын айтып жатыр. Анау жігіт:  «Ағатай, осы маңайда біреудің малын бағушы едім. 5-6 айдан бергі ақымды төлемей, бүгін қуып жіберді. Шудың адамымын. Таразға, автовокзалға  дейін ала кетіңізші. Сізге берер көк тиын ақшам жоқ. Мынау ұялы телефонды алыңыз» деп қатардағы қарапайым телефонды көлік иесіне беріп жатты. Жүргізуші де түсін суытып: «Мынауың өзі істейтін телефон ба?» деп жалынып тұрған жігітке ызғар шаша қарады. Осы сәтте артта отырған жолаушы келіншек: «Аға, бұл жігіттің телефонын өзіне қайтарыңызшы. Мың теңге жолақысын мен төлейін» деп, жүргізушіге ақша ұсынды.

Әрі қарай жылжыдық. Назарымыз әлгі жігітте. Аяп кеттік. Сонау Шу ауданынан Қаратау қаласының маңына келіп, мал бағып жүрген қандай адам деген ой келді. «Бір кісілер арқылы жұмыс іздеп, осы жерге келіп қалып ем. Келгеніме оншақты ай болды. Қожайыным әуелі екі-үш ай жалақымды уақтылы төледі. 80 мың теңге жалақыға келіскенмін. Қайтемін, ол да болса қаржы. Отбасылымын. Екі балам бар. Қанат қожайын тамызда қосымша сыйақы ретінде 5 қозы беремін деген. Сол қозыларын берсе, қысқы азық, балаларыма бәсіре болады деп жүргенмін. Бүгін ұрсып, көк тиын ақы төлемей қуып жіберді. Енді қайтып келмеймін. Бес айлық еңбегім күйіп кетті. Биылғы ыстықты білесіздер. Жерде қылтанақ шөп жоқ. Мал тойынбаған соң ба, түс кезінде де жусауды білмейді. Шашырап, өріп кете береді. Шыжыған күнде бел бүкпестен бес ай еңбек етіп ем. Сол ауыр жұмыстың бір тиын өтеуі болмай, сандалып қайтып бара жатырмын», – деді бейтаныс жігіт Әлібек.

«Енді келме. Отбасың бар екен. Шудан да бір жұмыс табылар. Ішімдік ішесің бе, ішпейсің бе?» – деп жатыр жанашыр жолаушы әпкеміз. «Салынып емес. Қуаныштарда ғана аздап…» деп қиянат  көрген жігіт қысылып жауап қатты.  Бәріміздің жүрегіміз елжіреп кетті. Менің де қайырымдылығым оянып, әлгі малшы мүсәпірге  шамам келгенше теңге ұсындым. Бір уақытта жүргізуші ағай да: «Мен сені әуелі мас екен деп ойладым. Жағдайыңды айтып жатырсың. Мынау жаңағы жолаушы әпкең берген  мың теңге. Өзіңе қайтарайын. Ауылыңа қиналмай жетіп ал», – деді. Сөйтіп, бәріміз жабылып, әлгі қиянат көрген малшының Шуға еркін жетіп алуына жағдай жасадық. Арғы жағы не болар екен? Бұл оқиға да малшылардың бүгінгі жағдайынан хабар берсе керек.

Кеңес кезеңін көксегеніміз емес. Сол уақытта әкеміз шопан болды. Біздің сонда байқағанымыз, малшының шөбі, жемі, отын-суы, моншасына дейін дайын еді. Малшыларды жылжымалы дүкен, кино, клубтар аралайтын. Қазір нарық талабы басқа, әрине. Салыстыруға келмейді.

Шаруашылықтарға барып жүрген кездегі байқайтынымыз, қазір малшы мен механизатор табу қиын. Шаруа қожалық жетекшілері осылай деп дабыл қағады. Сондықтан мал баққан адамға төленетін ақы да жаман емес. Бірқатар, шаруашылық төрағаларының пікірін білдік.  Мәселен, Мойынқұм ауданындағы «Үркер» шаруа қожалығының жетекшісі Бәкір Исабеков: «Қазір 100 мың теңге жалақыға малшы таба алмаймыз. Лайықты түрде жалақысын төлеп, оған қоса жылына 5-6 уақ бас малдан қарасып отырмыз. Малдың бейнеті оңай емес», – дейді.

Ал Т.Рысқұлов ауданы, Қазақ ауылындағы «Еркін таң» шаруа қожалығының төрағасы Еділ Жамансариев те малшыларына 130 мың теңгеден кем жалақы төлемейтінін айтады. Себебі кәсіпкер тұрақты адамдарынан айырылып қалғысы келмейді. Талас ауданы, Көшек ауылында Елемес Бекбасаров деген атақты малшы өткен. Қазір әкеден қалған дәулетті балалары ұстап қалып, мыңнан астам уақ малға, жүзден астам жылқыға немерелері қарап отыр. Жамбыл ауданы, Шайдана ауылының бақуатты тұрғыны Ермаханбет Есенгелдіұлы да малшысына жалақы үшін  150 мың теңгеден кем төлемейді екен. Осындайды естігенде көңіліміз сабасына түседі. Біздікі – Жамбыл Жабаев жырлағандай, «Сары түнде сарылып кірпік ілмей, салқын күзде бір жылы үйді білмей» жүрген малшы еңбегі бағаланса деген тілек.

Еңбек адамын қадірлеген кісінің көсегесі көгереді. Оны да қаперден шығармаған жөн. Малшыларына үй салып, көлік сатып алып берген, жыл сайын малшылар тойын жасап марапаттайтын Сайрамбай Дөненбаев та, аңыз адам Жақсылық Үшкемпіров те жаман болған жоқ. Екеуі де Қазақстанның Еңбек Ері атанды.

«Мал баққанға бітеді» дейді қазекем. Ендеше, малды шығынсыз өсірген жақсы. Пайдасын көрген жақсы. Алайда сол «тірі валютаңызға» күні-түні қарап жүрген малшылардың еңбегін жемеген дұрыс. Сол кезде адамдық болмыстың алдында да, Алланың алдында да арыңыз таза.

– Баяғы Кеңес одағы кезінде малшыларды арнайы дайындайтын, – дейді бізбен әңгімесінде «Байелі» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмасейіт Нұрбаев. – Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың еңбек жолын, озық тәжірибесін насихаттау үшін кезінде «Жазылбек мектебі» деген де ұйымдастырылған. Ал 1977 жылы Нұртай Айдаров деген қаламгер Жазекеңнің еңбек жолы туралы «Жазылбек мектебі» атты кітап жазыпты. Кітапханалардан сұрастырып жүріп әрең таптық. Осы кітапты оқығанда мал бағу деген атқа мініп, қойды айдалаға айдап жіберіп, анда-санда қайырып қойып, кешке қарай қораға қамай салу емес екенін ұғасың. Қой бағудың қыры да, сыры да көп. Жазекең жарықтық қойдың су ішкеніне, қандай шөп жегеніне қарап, малдың не қалап тұрғанын, қойдың қорадағы жатысына, қимылына қарап, алдағы ауа райының қандай болатынын болжай береді екен. Содан болар Жазылбек Қуанышбаевты дала академигі, малшылардың маршалы деп атаған. Баяғының қойшылары өздері әрі малшы, әрі мал дәрігері болатын. Күн сайын малды айдалаға айдап жіберіп, кешке қарай шұбыртып айдап келе салмай, әрбір малдың жүрген-тұрғанынан, су ішіп, жайылғанынан-ақ оның ауру-сау екенін байқап, соған қарай күтім жасаған. Осыдан кейін қазір де сол тәжірибені іске асыру керек деп ойлаймын. Яғни баяғыдай малшылар дайындайтын курстарды ұйымдастырып, адамдарды қабылдап, мал бағудың қыр-сырын үйретіп, қолдарына арнайы сертификат беріп, отарларға жолдамамен жіберу қажет. Жас отбасы болса әйел баласына сүт сауатын техникаларды игеру, осы салаға қатысты басқа да кәсіптерді үйрену жағын қамтамасыз ету керек. Әрине, жаздың ыстығында, қыстың суығында мал бағу, күтім жасау оңай шаруа емес. Көп адамдар шыдай алмайды. Сосын бұл кәсіптің жалақысы тым аз. Мал қожайындары қойшыларға болмайтын тиын-тебен төлеуге тырысады. Сондықтан үкімет тарапынан мал басына беріліп жатқан субсидияны сол қойшыға беру керек деп ойлаймын. Мысалы, сертификаты бар бір қойшыға банктен арнайы есеп-шот ашып, ай сайын әжептәуір ақша аударып тұрсыншы, сенделіп бос жүрген жастардың көбісі мал бағуға барар еді.

Шынында қазір қайда қарасаң да, қайда барсаң да қолындағы малын бағатын адам таппай зар илеп жүрген шаруа қожалықтарының иелерін көресің. Айдап салдың малы өспейді. Егер оған қарамасаң, бір күнде айырылып қалу ғажап емес. Қазіргі жастардың мал баққысы келмейді. Мұны да түсінуге болады. Кеңестік кезеңдегі игі дәстүр үзіліп қалды. Малшыға деген қамқорлық кеңес үкіметімен бірге кетті. Шаруа қожалықтарының иелері малшыларға ауыр да азапты жұмысы үшін арзымайтын тиын-тебен төлейді. Олардың не үйі, не күйі жоқ. Мемлекеттік марапат деген мүлде ұмыт қалды. Әлбетте, марапат оларды ынталандыру үшін керек. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, енді біраз жылдардан кейін малшы таппай масқара болып қалуымыз ғажап емес.

Қалай айтсақ та, біз малшыларға жағдай жасасақ, ежелден мал баққан елміз ғой, жастар бұл салаға көптеп келер еді. Мұның өзі еліміздегі жұмыссыздықты азайтуға да игі әсерін тигізері сөзсіз.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support